Қаржы тиімді жұмсалсын

Астанада Қазақстан Республикасының Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов қоғам мен журналистер алдында Қаржы министрлігі қызметінің өткен жылғы жұмыс қорытындысы және мемлекеттік бюджеттің қазіргі жай-күйі туралы есеп берді. Онлайн режимде өткен жиынға еліміздің әр өңіріндегі мемлекеттік кірістер департаменттері мен басқармалардың өкілдері қатысты.

Министр сөзін ведомство тарапынан өткен жылғы атқарылған жұмыстардан бастады. Оның айтуынша, 2017 жылы мемлекеттік бюджеттің кірістері (трансферттерді қоспағанда) 7 триллион теңгеден астам соманы құраған. Сөйтіп, жоспар 102,2 пайызға орындалған. Оның алдыңғы жылмен салыстырғанда кіріс өсімі 700 миллиард теңгені немесе 11 пайызды құраған. Осы ретте, министр жоспардың артығымен орындалуы негізінен салық түсімдерінің өсуі есебінен болғанын атап өтті. Ал, бюджет шығысы бойынша рекордтық көрсеткішке қол жеткізілді.
– Республикалық және жергілікті бюджеттердің шығыстары тиісінше 99,8 және 99,6 пайызға орындалды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда біршама жоғары. Бұған тиімді бюджеттік жоспарлау және оны орындау есебінен қол жеткізілді, – деді Бақыт Сұлтанов.
Министр бұрынғысынша бюджеттің көп бөлігі әлеуметтік саланы дамытуға бағытталып отырғанына тоқталды.
– Бюджет құрылымында әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы 2016 жылғы 49,8 пайыздан, 2017 жылы 51,5 пайызға жетті. Бұл дегеніміз, бюджет қаржысының 50 пайыздан астамы әлеуметтік салаға бағытталғанын білдіреді, – деді.
Сондай-ақ, мемлекеттік сатып алу мен бюджеттік жоспарлау саласына енгізілетін жаңашылдықтар туралы, бизнесті қолдау және салық базасын цифрландыру, әкімшілендіру есебінен салықтардың жиналуын арттыруға бағытталған жұмысы туралы да әңгіме болды.
Жиын соңында Бақыт Сұлтанов аталған мәселелер бойынша журналистер тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар