Ел мен халық игілігінің нысандары

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин жұмыс сапарымен Сандықтау және Бурабай аудандарында болып, «Туған жер» және өзге де мемлекеттік бағдарламалар бойынша ажаңадан салынған бірқатар нысандардың ашылу салтанатына қатысып, осы өңірлердің даму жайына көңіл бөлді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды ұсынған еді. Жалпы ұлттық патриотизмді және туған жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталған бағдарлама аясында біздің облысымызда да көптеген әлеуметтік нысандар ашылып, халықтың игілігіне жұмыс істеуде. Соның бірі Сандықтау ауданының Максимовка ауылында жаңадан тұрғызылған Свято-Никольский шіркеуі. Діни ғибадатханада қоңырау ілетін күмбезді мұнара, кіші шіркеу, ауыл мұражайы, шіркеу-приход үйі мен мектебі, шіркеу саябағы мен балалардың ойын алаңы бар. Аумағы 70 адамға шақталған шіркеу құрылысына осы ауылдың тумасы, «Цесна Корпорациясы» акционерлік қоғамының директорлар кеңесінің мүшесі Николай Мещеряков қаржылай көмек көрсетіпті.
Шіркеудің ашылу салтанатына облыс әкімі Мәлік Мырзалин және Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің өкілі Ғалым Шойкин және тағы басқа да лауазымды тұлғалар мен аудан тұрғындары қатысты.
– Жаңа шіркеу жас ұрпақты рухани-адамгершілікке тәрбиелеуге мүмкіндік береді, – дей келе, облыс әкімі М.К.Мырзалин бұл маңызды оқиғаның Қазақстан халқының бірлігінің және өзара түсіністігінің тағы бір дәлелі болып табылатынын атап өтті. Шараның соңында шіркеу құрылысына үлес қосқаны үшін бірқатар адамдарға Православие шіркеуі ордені, медальдар және грамоталар табысталды.
Бурабай ауданында облыс әкімі М.К.Мырзалин Қазақстан полициясы күні қарсаңында Щучинск қаласындағы Бурабай аудандық ІІБ жаңа әкімшілік ғимаратының ашылуы рәсіміне қатысты. Салтанатты шараға облыс басшысымен бірге өңірге жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, генерал-майор Жанат Сүлейменов те қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
– Мемлекет басшысы мен Үкіметтің қолдауы нәтижесінде ішкі істер органдарының материалдық-техникалық жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Бүгін міне, курортты аймақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін құқық қорғау органдары қызметкерлерінің жаңа əкімшілік ғимаратын пайдалануға беріп отырмыз, – деді құттықтау сөзінде Жанат Сүлейменов.
Облыс әкімі М.К.Мырзалин Щучинск-Бурабай курортты аймағына демалуға келетін қонақтар өздерін жайлы әрі қауіпсіз сезінуі үшін бар күштерін салатын аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлеріне жүктелер жауапкершіліктің зор екенін атап өтті. Сонымен қатар, отставкадағы полиция полковнигі Дулатбек Мұқышев сөз сөйлеп, өзінің жүрекжарды тілегін білдірді. Аудандық ішкі істер бөлімінің үш қабатты ғимаратында көші-қон қызметі мен басқа да бөлімдер бар. Сондай-ақ, ғимаратта кезекші бөлімі мен уақытша ұстау изоляторы орналасқан. Жаңа ғимарат қазіргі заманның барлық талаптарына сәйкес жабдықталған. Мұнда аудандық ішкі істер органдарының қызметкерлері үшін қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтарын қорғау, қылмыстық істерді тергеу және қылмыспен күрес бойынша барлық қажетті жағдайлар жасалған. Шараға жиналғандар жаңа ғимаратты аралап, ішкі жабдықтарымен, сондай-ақ, көлік полициясының қызмет атқаратын орындарымен танысты. Салтанатты шара барысында Бурабай ауданы мен Щучинск қаласы ішкі істер бөлімдері үшін 20 қызметтік автокөліктің кілттері тапсырылды.
Сол күні құқық қорғау органдары қызметкерлеріне арналған 100 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Облыс әкімі баспаналы болған полицейлердің шаңырағында болып, қуаныштарымен құттықтады. Соңғы 10 жылдың ішінде облыс бойынша 230 полиция қызметкері мемлекеттік бағдарлама арқылы баспаналы болған екен. Бұған қоса, жедел-тергеу бөлімшелерінің 250 қызметкері пəтер жалдап тұрғаны үшін өтемақы алады. Өз сапарының соңында облыс әкімі Бурабай кентінде Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің қоян-қолтық ұрыс бойынша чемпионатының ашылуына қатысты.

Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *