Көкшетаудың көрікті де көркем қала болуына мән беріледі

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалин Көкшетау қаласының бірнеше әлеуметтік және өндіріс орындарының жұмысымен, көше жолдары мен үй аулаларының жөнделіп, көркейтілуінің барысымен танысты.

Соңғы уақытта Көкшетау қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуының жаңа кезеңі басталғандығын осы шаһардың бүгінгі ахуалының тыныс-тіршілігінен айқын байқалатыны бар. Ең әуелі облыс әкімі М.К.Мырзалин мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған «Мейірім» педагогикалық-психологиялық түзету орталығына барды. Бұл орталықта мүмкіндігі шектеулі екі жастан бастап әр жастағы 65 бала тәрбиеленуде. Оларға тегін, сапалы, кешенді қызмет көрсетіледі. Орталық директоры Сәуле Мәлгаждарованың айтуынша, өткен жылы күрделі жұмыстары жүргізілген әлеуметтік мекемеде педагог-психолог, мұғалім-дефектолог, мұғалім-логопед, әлеуметтік педагог, емдік дене шынықтыру нұсқаушысы сияқты жиырмадан астам мамандар жұмыс істейді. Сонымен қатар, даму мүмкіндігі шектелген балалардың ата-аналарына психологиялық қолдау да көрсетіледі. Тағы бір ерекшелігі мұнда балаларға кедергісіз орта ұйымдастырылған. Мәселен, пандус, ойылған есіктер орнатылған. «Монтессори кабинеті» заманауи оңалту құралдармен жабдықталған. Орталық ұжымы жəне балалардың ата-аналарымен кездескен облыс әкімі Мәлік Мырзалин осындай кабинеттерді алдағы уақытта барлық аудан орталықтарында ашу қажеттігін атап өтті.
Қазіргі уақытта Көкшетау қаласының біраз көшелері мен үй аулаларының жөнделіп, түнгі уақытта жарықтандырылып жатқандығы облыс орталығының тұрғындарын шынайы қуантып отыр. Осы орайда, Еркін Әуелбеков атындағы көшенің өне бойына түнгі уақытта жарық беретін осы заманғы желілердің орнатылып жатқандығы бар. Осы жұмысты атқарып жатқан «Азия сервис комплект» серіктестігінің директоры Дәурен Шаримов бұл жұмыстың таяудағы уақытта аяқталатындығын мәлімдеді.
Көкшетау қаласының Вавилов және Наурызбай батыр аттарындағы көшелерге қазір күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Осы арада «Көкшетау-Зеренді» күре жолынан бастап Жайлау ықшам ауданына дейінгі ұзындығы 1,9 шақырым «Вавилов» көшесіндегі жөндеу жұмыстары туралы айтатын болсақ, оны «Көкшетау автожолдары» серіктестігі қолға алған. Бұл көше 15 жылдан бері мүлдем жөндеу көрмеген екен. Тіпті, асфальт та төселмепті. Екі жылға арналған жобаны биыл бастап, келер жылы аяқтау жоспарланған. Мұнда 1,9 шақырым үш жолақты жолға тас төселетін болады. Сонымен қатар, бағдаршам, аялдамалар орнатылып, жол жиегінде суағарлар, көлік тұрақтары салынып, гүлзарлар жасалып, көше толығымен жарықтандырылады. Осы маңдағы үш көшенің қиылысқан тұсында бағдаршамдар мен жаяу жүргіншілер жолы да болады.
Үй аулаларының осы заманға лайықты болуына мән беріліп отырылғандығын облыс әкімі М.К.Мырзалин мақұлдай отырып, бұл жұмыстарды сапалы жүргізу қажеттігіне тоқталды. Әкім Көкшетау қаласының Ақан сері атындағы көшесінің №168 және Тәшенов-Пушкин аттарындағы көшелердің үй аулаларының жөнделу және көркейтілу жұмыстарымен де танысты. Осы орайда, облыс әкімі мердігер компания басшыларына ширақ қимылдауды тапсырды. Сондай-ақ, жұмыстың сапасын да естен шығармауды ескертіп, оны қала әкімдігіне бақылап отыруды тапсырды.
Облыс орталығын аралаған кезінде әкім Мәлік Мырзалин Ғабдуллин атындағы көшенің жолдары мен Қылшақты өзені арқылы өтетін көпірдің қайра қалпына келтіру жұмыстарымен танысып, «Әуезов-Горький» көшелерінің қиылыстарын қалпына келтіру жұмыстарына назар аударды. Бүгінгі таңда «Горький» көшесі бойында көлік кептелісі жиі орын алып отырған жайы бар. Сол себепті, «Әуезов-Горький» көшелерінің қиылысында жол айырығын салу арқылы бұл мәселені оңтайлы шешуге болады.
Сондай-ақ, облыс әкімі М.К.Мырзалин жеңілатлетика манежін, Горький атындағы көшенің «Тігін фабрикасы» аялдамасындағы павильонды, «Бейбітшілік» көшесінің жөнделу жайына да көңіл бөлді. Өз сапарының соңында облыс әкімі Көкшетау қалалық сүт зауыты жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды.
Көкшетау соңғы жылдары көркейіп абаттанып келе жатқандығы ақиқат. Әуелде Астананың серіктес қаласы ретінде дамыту мақсаты қойылған бүгінгі Көкшетаудың келбеті де күн сайын жайнап, жпрқырап келеді. «Сырт көз сыншы» демекші қаланың қонақтары Көкшетауда тамаша тұрғын үйлердің көптеп салынып жатқандығын және қаланың таза екендігін айтып сүйсінеді. Сол сүйсіністегі көңіл Көкшетауы әрдайым көркейе берсін.
Бұл – ел мерейі!

Аслан Оспанов.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *