Елбасы алға қойған дамудың жаңа мүмкіндіктері мен бес әлеуметтік міндеттерді ойдағыдай жүзеге асырайық

Кеше Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев Ақмола облысында жұмыс сапарымен болып, Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысымен танысты. Үкімет басшысы Көкшетау қаласындағы өндірістік және әлеуметтік сала нысандары мен халыққа қызмет көрсету орталығында болып, облыстың денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен кездесіп, Ақмола облысында «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру барысының таныстырылымына қатысты және де облыс активімен, бизнес өкілдерімен жиын өткізді. Премьер-Министрдің сапары барысында облыс әкімі Мәлік Мырзалин бірге болды.

I.Аграрлық сала осы заманғы техника мен технология арқылы дамиды

Елорданың іргесіндегі Ақмола облысы – еліміздің негізгі аграрлық-өнеркәсіптік өңірлерінің бірі болып саналады. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев өз жұмыс сапарын Көкшетау қаласындағы «Қазақстанның Агро Инновациялық Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ауыл шаруашылығы және коммуналдық техниканың индустриялдық-технологиялық паркінен бастады. «ҚАИК» жұмысының мысалында Премьер-Министр осы өңірде Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының іске асырылу барысымен, сондай-ақ, облыстың кәсіпорындарында цифрлық технология-лар мен «Индустрия 4.0» элементтерін енгізу шараларымен танысты. Қазір облысымыздағы металлургия, машина жасау, химия өнеркәсібі, азық-түлік өндірісімен айналысатын шамамен 20 ірі компанияда цифрлық технологиялар енгізіліп, соның арқасында өнімділік қуаты ұлғаюда.
«Қазақстанның Агро Инновациялық Корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі АҚШ, Ресей, Украина, Белоруссия елдерінің кәсіпорындарымен бірлесіп жұмыс істеуде. Аумағы 12 мың шаршы метрді құрайтын индустриалды-технологиялық паркте ауыл шаруашылығы техникаларымен бірге оларға қажетті аспалы, тіркемелі бөлшектер де құрастырылып, өндіріледі. Мән-жайды баяндаған серіктестіктің бас директоры Олег Балыбиннің айтуынша, шикізат қазақстандық тауар өндірушілерден жеткізілгенімен, кейбір бөлшектері әлі де болса Ресей, Беларусь, Украина секілді мемлекеттердің зауыттарынан сатып алынып, осында құрастырылады. Индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған зауыт өткен жылы құны 698 миллион теңге болатын 507 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын шығарған. Ал, биылғы жыл басынан бері мұнда дайындалған техниканың саны – 208.
Ақмола облысы соңғы жылдары индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын ойдағыдай орындап, республика бойынша алдыңғы қатарларда келеді. Облыстағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі осы жылдың қаңтар-мамыр айларында ғана 244,8 миллиард теңгені, «НКИ» өнімдері – 2017 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 102,8 па-йызды құрады. Жалпы сегіз жыл ішінде облыс бойынша Индустрияландыру картасы аясында 79 инвестициялық жоба жүзеге асырылып, 7,9 мың жұмыс орны ашылды. 2018 жылы 53,4 миллиард теңге сомасына 1330 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін тағы да алты жоба жоспарланған. Бұдан да өзге, 2018 жылдан кейін пайдалануға беру мерзімімен, 473,5 миллиард теңге сомасына, 3 мың жаңа жұмыс орнын құрудың төрт жобасы бойынша жұмыс өз жалғасын таппақшы. Бүгінгі таңда металлургия, машина жасау, химия және азық-түлік өнеркәсібі, құрылыс индус-триясы саласындағы 20-ға жуық ірі компаниялар өнімділік қуатын ұлғайтып, жұмыс процестерін оңтайландыруға мүмкіндік беретін жаңа цифрлық технологияларды енгізіп жатыр.
Кәсіпорын цехтарын аралау барысында Премьер-Министр ауыл шаруашылығы техникасын құрастырудың технологиялық үдерісімен танысты. «Қазақстанның Агро Инновациялық Корпорациясы» серіктестігінің директоры О.Балыбин индустриялық инновациялық даму Мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылған зауыт 2017 жылы 698 миллион теңге сомасына 507 бірлік ауыл шаруашылығы техникасын шығарғанын, 2018 жылдың үш айында 265 миллион теңгеге 208 бірлік техника шығарылғанын мәлімдеді. Үкімет жыл сайын «АӨК»-тің техникалық жабдықталу деңгейін көтеруге көңіл бөледі. Өткен жылы жалпы 32,6 миллиард теңге сомасына 288 трактор, 263 жоғары өнімді астық жинау комбайны және 88 егіс кешені сатып алынды. Техниканың негізгі түрлері бойынша жаңару пайызы 2,6 пайызды құрады. Осы жылдың бес айында 576 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы сатып алынды, соның ішінде 7,5 миллиард теңгеге 101 трактор, 29 комбайн, 53 егіс кешені сатып алынды. Ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауға 3,4 миллиард теңге қарастырылған.

II. Денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру – уақыт талабы

Көкшетаудағы №1 қалалық емханасында болған кезінде Бақытжан Сағынтаев өңірдің денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру барысымен танысты. Және де облыстың медицина саласының қызметкерлерімен кездесуде медициналық қызметтердің сапасы, саланы қайта реттеу және жеке қызмет көрсету секторын дамыту мәселелері талқыланды. Қалалық емхананы аралау барысында Премьер-Министр осы емханадағы жетекші әлемдік өндірушілердің заманауи медициналық жабдықтарының жұмысымен, сондай-ақ, «Кешенді медициналық ақпараттық жүйе» жаңа бағдарламалық қамсыздандырумен және зертханалық ақпараттық жүйемен танысты. Емхананың бас дәрігері Сүлен Ілиясов Көкшетау қаласы мен Зеренді ауданының жақын маңындағы ауылдарының емделушілеріне өздеріне ыңғайлы уақытта медициналық көмек алуға мүмкіндік беретін электронды анықтамалық және кезек жүйесінің жұмысымен таныстырды.
Ақмола облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Қисықова «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында өңірде жалпы денсаулық сақтау жүйесін дамыту, сонымен қатар медициналық ұйымдар желісінің бірыңғай перспективалық жоспары жобасы туралы баяндады. Осы жылдың 5 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда аурулар мен өлім-жітім көрсеткіштерінің төмендегені байқалады. Мысалы, нәресте өлімі шамамен 26 пайызға, туберкулезбен ауыру – 13,9 пайызға, қан айналымы аурулары – 7,4 пайызға төмендеді.
Қазіргі уақытта Ақмола облысында 577 денсаулық сақтау нысанының 258-інде медициналық ақпараттық жүйелер енгізілген. Бұдан өзге, осы жылдың қаңтар айынан бастап пилоттық цифрлық жоба аясында электрондық денсаулық паспорттары халықтың 99 пайызына толтырылды. Осы жаңа әдіспен шамамен 86 пайыз немесе 1,35 миллион келіп-кетушілерге қызмет көрсетілді. Флюоротекаларға электрондық кескіндердің 37 пайызы тіркелсе, электронды форматта науқастық парақшаның 67 пайызы жазылды. Енді электрондық рецептер беру жұмыстары басталды. Аудандық деңгейге дейінгі медициналық ұйымдар 100 пайыз интернетпен қамтамасыз етіліп, барлық медицина қызметкерлері компьютерлік сауаттылыққа, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйелерінде жұмыс істеуге 100 пайызы оқытылған. Медициналық ұйымдардың 80 пайыздан астамы ішінара қағазсыз форматқа ауысса, қағазсыз медициналық құжат айналымына көшуден күтілетін әсер, дәрігерге баруды 2 есеге қысқарту, кәсіби тексеру және скринингтер кезінде ауруларды анықтауды 30 пайызға арттыру; алдын ала жазба үлесінің 50 пайызға өсуі, жанды кезектерді 50 пайызға дейін төмендету міндеті де алда тұр.
Денсаулық сақтау саласының қызметкерлерімен кездесуде Б.Сағынтаев қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бойынша көлемді жұмыстар атқарылып жатқанын атап өтті. Халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасы мен қол жетімділігі және өңірдің денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі дамыту, дәрігерлерді кәсіби даярлау және олардың міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуге дайындық мәселелері талқыланды. Мемлекеттің негізгі басымдығы – қазақстандықтардың денсаулығын қорғау болса, Үкімет өз кезегінде Президенттің Қазақстанның денсаулық сақтау жүйесін реформалау бойынша алға қойған бірқатар нақты міндеттерін ерекше бақылауда ұстап отыр. Бұл ұсынылатын медициналық қызметтерді цифрландыру, «қағазсыз ауруханаларға» көшу, сондай-ақ, МЖӘ қағидасы арқылы денсаулық сақтау нарығын ырықтандыру және жекеменшік медициналық ұйымдар үшін кедергілерді азайту арқылы саланың тиімділігін арттыруды ойдағыдай жүзеге асыруды көздейді. 2017 жылы жекеменшік сектордың шектеулері алынып тасталды, бірқатар санитарлық нормалар жойылып, қайта қаралды. Бұл денсаулық сақтау саласына салынған жеке инвестицияларды екі есеге 44,2 миллиард теңгеге дейін (2016 жылы 23,3 миллиард теңге) ұлғайтуға жол ашты.
Осы кездесуде сөз сөйлеп, өз ойларын ортаға салған облыстық перинаталдық орталықтың бас дәрігері Ермек Мұхамедиев, «Авиценна» серіктестігінің бас дәрігері –Жанболат Туғамбеков, Ақмола облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Серік Ақшалов, «Медикус» серіктестігінің бас дәрігері Әлия Болатова, Көкшетау қалалық емханасының бас дәрігері Ғалия Сабатаева мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының қызметін жаңғырту, дәрі-дәрмектерді уақытылы сатып алу және жеткізу, сондай-ақ, кадрларды дайындау мәселелерін көтерді. Ал, Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Е.Біртанов әріптестерінің сөйлеген сөздеріне пікір білдіре отырып, өңірде денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмыстар тиісті деңгейде іске асырылып жатқанын айтып өтті. Атап айтқанда, цифрлық технологияларды енгізу көптеген даулы мәселелерді шешуге ықпал етеді. Дәрігерлермен болған пікір алмасуды қорытындылай келе, Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге мұқият дайындық, ұсынылатын қызметтер және дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің сапасы мен қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселелері ерекше басымдықта болу керектігін атап өтті.

ІІІ. Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы ойдағыдай орындалсын

Жыл басында Елбасы алдағы бес жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын, тиісінше, кем дегенде 2,5 есеге арттыруды тапсырған болатын. Ақмола облысы мемлекеттің негізгі аграрлық-өнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Қазіргі уақытта республикада өндірілетін бидайдың 25, сүттің 7, еттің 5,8 пайызын ақмолалықтар өндіреді. Облыс бойынша соңғы бес жыл ішінде орташа жылдық бидай өндірісі 5 миллион тоннаны құрады. Ал, осы кезеңде орташа жылдық бидай экспорты 1,8 миллион тонна болды. Ауыл шаруашылығы малдарының барлық түрлерінің жыл сайынғы өсімі және өнім өндірісі 3 пайыздан 7 пайызға дейін өсті. Облыста 1,5 мыңнан 5 мыңға дейін мал басын ұстай алатын бір мезеттік мал бордақылайтын арнайы кәсіпорындар желісі құрылған. Жалпы, аталған кәсіпорындардың жиынтық қуаттылығы 27 мың бастан асады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу де дамып келеді. Биылғы бес айдың ішінде азық-түлік өнімдерін өндіру 19,4 пайызға артқан, ал бірқатар позициялар бойынша, атап айтқанда, өсімдік майы бойынша өсім – 24,8, ет бойынша – 19,7, сүт өнімдері бойынша – 5,1, ұн бойынша – 32,2 пайызды құрады.
Үкімет басшысы Көкшетау қаласындағы «Бижан ет өңдеу зауыты» серіктесігінде болып, ет өңдеу және консервіленген жартылай дайын өнім өндірісімен танысты. Премьер-Министрге дайын өнімдердің экспорттық жеткізілімін өсіру қарқыны туралы баяндалды. «Бижан ет өңдеу зауыты» ЖШС бас директоры Х.Бижан зауыттың жобалық қуаттылығы жылына 5 мың тонна ет өнімін құрайтынын хабарлады. 2017 жылы 289,2 миллион теңгеге, 2018 жылдың бес айында 486,4 миллион теңгеге өнім өндірілді. Қазіргі таңда Ресей нарығына экспорт ретке келтірілген, Орталық Азия мен Қытайға да дайын өнім шығару жоспарлануда.
2018 жылдың қаңтар-мамыр айларында Ақмола облысының ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 53,6 миллиард теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4,2 пайызға жоғары. Осы жылдың бес айында азық-түлік өнімдері өндірісіне салынған инвестициялар көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 167 пайыз артып, 3,9 миллиард теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша қаңтар-сәуір айларында шұжық өнімдерін өндіру 20,5 пайызға (493-тен 594 тоннаға дейін) өсті.
Бұдан кейін Премьер-Министр Астана қаласы маңындағы азық-түлік белдеуін дамытуды ескере отырып, АӨК дамыту мен өңір қорларының өзекті мәселелері талқыланған облыстың ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті. Сондай-ақ, 2017-2021 жылдарға арналған Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың өзектендірілген мемлекеттік бағдарламасы аясында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдаудың жаңа мүмкіндіктері, құралдары мен механизмдері қарастырылды.
Өз сөзінде Б.Сағынтаев Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында 2021 жылға дейінгі АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы өзектендірілгенін, онда бірқатар басым бағыттар белгіленгенін атап өтті. Олардың ішінде өнімділікті ұлғайту үшін жаңа технологияларды енгізуді ынталандыру, барынша жеңілдету мен автоматтандыруды көздейтін мемлекеттік қолдау тиімділігін арттыру шаралары бар. Субсидияларды оңтайландыру есебінен қаржы құралдары бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау көлемі ұлғайтылады.
Сондай-ақ, Премьер-Министр аграрлық ғылымды дамытуды, импортты алмастыруды және экспорттық әлеуетті дамытуды мемлекеттік бағдарламаны сәтті жүзеге асырудың негізгі шарттарының бірі деп атады. Айта кету керек, Ақмола облысы ауыл шаруашылығы тауарларының көлемі бойынша жетекші өңірлердің бірі. Өңірде еліміздегі дәнді дақылдардың ең ірі егіс алқабы бар. Ал, облыстың Астанаға географиялық жақындығы оны елорданың азық-түлік белдеуінің басты қатысушысы етеді.
Елорданың азық-түлік белдеуі Астана қаласынан 300 шақырым аумақта орналасқан Ақмола облысының барлық 17 ауданын қамтиды. Бүгінгі таңда азық-түлік белдеуі аймағындағы өндіріс елорданың 12 түрлі өнімге деген (ұн, макарон өнімдері және нан, құс еті және жұмыртқа, жылқы еті, сиыр еті, шошқа еті, картоп, қызылша, қызанақ, қияр) сұранысын толығымен жабады. Сонымен қатар, Астанаға тауарлардың тоғыз түрін ұсынуға әлеуеті бар: өңделген сүт, қышқыл сүт өнімдері, май, ірімшік және сүзбе, қой еті, шұжық, орамжапырақ және сәбіз.
Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі А.Евниев АӨК дамытудың мемлекеттік бағдарламасы ұсынатын мүмкіндіктер туралы толығырақ баяндап берді. Оның айтуынша, жаңа мемлекеттік бағдарламаның мәні – жер мен қаржыландыруды қажет ететін фермерлерге баса көңіл бөлінеді. Мал шаруашылығымен, қой және жылқы шаруашылығымен айналысатын 80 мыңнан астам отбасылық фермаларды құру, жайылым алаңдарын 58 миллион гектардан 100 миллион гектарға дейін, ірі қара малдың санын 15 миллионға дейін, қой санын 30 миллионға дейін жеткізу көзделіп отыр. Енді әр фермер аграрлық несие корпорациясы арқылы қаржылай қолдау қорымен 15 жылға 4 пайызбен қаражат ала алады. Бұл мәселе шешілуде, тек нақты технологиялық тәртіп қажет екен.
Сонымен бірге А.Евниев Ақмола облысының Астана маңында азық-түлік белдеуін дамытудың келешегі туралы да айтып берді. – Астана маңында азық-түлік белдеуін дамыту – Мемлекет басшысының тапсырмасы, бұл өңірге берілген үлкен мүмкіндік. Бүгінде үкіметтің тапсырмасы бойынша жол картасы қабылданады. Оның аясында Астананың азық-түлік белдеуіне қатысушы мәртебесі құрылады, ол «ҚазАгро» қаржы институттарында арнайы шарттарды ұсынады, сондай-ақ жер және басқа да мәселелерді қарауда жеңілдіктер жасалатын болады, – деді ол.
Астана қаласының маңында азық-түлік белдеуін қалыптастыру бойынша Жол картасы мыналарды: агломерация аумағында өнім өндіру, азық-түлік белдеуінің дәстүрлі аймағынан өндіру және жеткізу (Астана қаласы 300 шақырым аумақта), еліміздің басқа өңірлерінен өнім жеткізу қарастырады екен. Астана қаласына кепілдендірілген тұрақты азық-түлік жеткізуді қамтамасыз ететін «Елорданың азық-түлік белдеуіне қатысушы» мәртебесін беру механизмі енгізілетін болады. Сонымен қатар, осындай мәртебе алған АӨК субъектілері қалада өткізу нарықтарына, оның ішінде коммуналдық нарыққа басымдықпен қол жеткізе алады, сондай-ақ «ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларымен несие беру және субсидия-
лау мүмкіндігіне ие болады.
Осы бас қосуда аграрлық сектор өкілдері, «МПК «Бижан» ЖШС төрағасы Х.Бижан, ҚР ет одағының төрағасы
М. Бақтыбаев, «Гормолзавод» серіктестігінің директоры А.Жақсылықов, «Capital Project LTD» серіктестігінің директоры М.Божко, «AQMOL SUT» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің басқарма төрағасы А. Қасенов, «Бараев атындағы АШҒЗӨ» ЖШС директоры Қ.Абдуллаев, «Қараөзек» ЖШС директоры Н.Искаков етті мал шаруашылығы, сүт саласы, құс шаруашылығын дамыту, ет өнімдерін өңдеу тәжірибелерімен бөлісіп, егіс науқанының қорытындысын шығарды және өңірдегі репродуктивті төлдемеген мал фермасын перспективалы құру және дәлме-дәл жер шаруашылығын енгізу мәселелерін көтерді. Ал, «Атамекен» ҰКП төрағасы
А. Мырзахметов өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер көтерген барлық мәселелер Үкіметпен бірлесіп талқыланып, егжей-тегжейлі пысықталатынын айтты. Ол сонымен қатар, көршілес елдерге экспортты арттыру қажеттігін атап өтті.
Сындарлы диалогтың қорытындыларын шығарған соң Премьер-Министр мемлекет тарапынан ауылдықтар үшін барлық қажетті жағдайлар жасалып отырғанын айтты. Ел үкіметі Мемлекет басшысы қойған міндеттерді уақытылы іске асыру үшін барлық шараларды қабылдауда және Қазақстан үшін аграрлық сектордың стратегиялық маңыздылығын түсінеді. Б.Сағынтаев агробизнесті қойылған міндеттерді орындау процесіне белсене тартылып, идеялар мен нақты шешімдер ұсынуға үндеді.

IV. Халыққа мінсіз қызмет көрсетілсін. «Цифрлы Қазақстан» жетілдірілсін

Үкімет басшысы өзінің жұмыс сапары барысында Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысымен және «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуымен де танысты. Премьер-Министрге операциялық залдың және дайын құжаттарды беру залының жұмысы таныстырылды. Электрондық кезек жүйесін енгізудің арқасында қызметтерді алу уақыты қысқартылды. Мемлекеттік қызметтердің жаңа стандарттарына сәйкес мамандандырылған ХҚКО-да күтудің максималды уақыты құжаттарды өткізген кезден бастап 90 минуттан аспауы керек, ал құжатты өткізгенге дейінгі күту уақыты – 20 минуттан аспауы тиіс. Бір азаматтың құжаттарын қабылдау уақыты да шектеулі, бұл да 20 минуттан аспауы керек. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ бөлімшесінің директоры Б.Ақан мамандандырылған ХҚКО 2017 жылғы желтоқсан айында пайдалануға берілгенін мәлімдеді. Осы жылдың бес айында 21 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетілді, соның ішінде көлікті тіркеу бойынша – 16 мыңнан астам, жүргізуші куәлігін беру бо-
йынша – 5 мыңға жуық істер тындырылды.
Осы арада Премьер-Министрге «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының өңірде іске асырылуы туралы баяндалды. Облыс әкімінің орынбасары В.Л.Крылов Ақмола облысында цифрландыру, білім беру, денсаулық сақтау, интеллектуалды көлік жүйесі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, қоғамдық қауіпсіздік және «Smart» аудан секілді бағыттарда жүргізіліп жатқанын атап өтті. Білім беру саласында кезек қалыптастыру процестерін автоматтандыру, мектеп жасына дейінгі балалар ұйымдарына бағыт беру және балаларды мектепке қабылдау жөніндегі жобаларды іске асыру басталды.
–Бұл жүйе шілде айында облыстың қалалар мен аудан орталықтарындағы 145 мектепке дейінгі ұйымында іске қосылады және балаларды туылған кезінен бастап кезекке электронды түрде тұрғызуға, балабақшаға жолдаманы автоматты түрде алуға, үйден шықпай-ақ орынды ауыстыруға, баланың электрондық паспортын: портфолиодағы балалардың барлық жетістіктері, білім беру траекториясы, балаларды мектепке дейінгі тәрбиелеу бағдарламаларында оқыту, оқытудағы прогресс және даму бойынша ұсынымдарды алуға мүмкіндік береді, – деді В.Л.Крылов. Облыс әкімдігінің деректері бойынша, білім беру жүйесін цифрландыру жобаларын іске асырумен жүзеге асатын электронды құжаттар айналымы мұғалімдердің жүктемесін 40 пайызға азайтады, білім алушылардың білім сапасын 80 пайызға дейін арттырады, мемлекеттік қызметтер көрсетуде сыбайлас жемқорлық қатерлерін 70 пайыз төмендетеді.
Бұдан өзге Премьер-Министрге Көкшетау қаласында қоғамдық көлікте жүру құнын төлеуді бақылауға мүмкіндік беретін мобильді қосымша таныстырылды. Жобаны іске асыру 2018 жылдың соңына дейін жоспарланған. Жүйеде жолақы төлеудің қолма-қол ақшалай да, қолма-қол ақшасыз да түрлері пайдаланылып, ескеріле алады.Қолма-қол ақшасыз төлеу үшін түрлі төлем тәсілдері қолжетімді яғни, жанасусыз көлік карталары, банк карталары, жанасусыз банк карталары, әлеуметтік карталар және мобильді төлемдер (NFC) болады. Жобаны енгізудің бірінші кезеңінде автобустарды кондуктормен қоса, тасымалданатын көлік терминалдарымен жабдықтау көзделіп отыр. Одан соң тұрғындар жеткілікті мөлшердегі көлік карталарын алған соң жұмыс режимі кондукторсыз жүйеге көшіріледі.
Цифрландыру жобалары мемлекеттік-жекеменшік әріптестік қағидаты бойынша да белсене іске асырылып жатқанын айта кеткен жөн. Мәселен, осы жылдың соңына дейін МЖӘ аясында «MultiRadar SD580» типті жылдамдық режимін бұзуды анықтау жүйесінің 3 жиынтығын іске қосу жоспарланып отыр. Аталған жобаны іске асыру үшін 124 бейнекамера орнатылады.
Облыс әкімінің орынбасары В.Л.Крылов сонымен қатар, ТКШ саласындағы цифрландыру туралы айтып берді, ол энергия ресурстарын есептеу құрылғыларын жалпы үйге орнату арқылы оларды кейіннен бірыңғай интеллектуалды ақпараттық жүйеге берумен, Бірыңғай есептеу-қаржы орталығын құрумен, «Е-КСК» мобильді қосымшасымен құрылыс мониторингін кіріктірумен іске асырылады. 2025 жылға дейін 948 үйге ортақ жылу энергиясын есептеу құрылғысы, 2024 автоматты жылу пункті, 2098 ЭБЕАЖ орнатылады. Энергия ресурстарын есептейтін бұл құрылғылар бірыңғай интеллектуалды ақпараттық жүйеге кіріктіру мақсатында дистанциялық деректерді беру құралдарымен жабдықталатын болады.
«Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын орындау аясында әзірленген. Мақсаты – орташа мерзімдік перспективада цифрлық технологияларды пайдалану арқылы халықтың өмір сүру сапасын жақсарту және экономиканың даму қарқынын үдету, сонымен қатар, Қазақстан экономикасының ұзақмерзімді перспективада болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін жаңа даму траекториясына көшуі үшін жағдайлар тудыруды көздейді.

V. Экспорт пен бәсекеге қабілетті бағдарламаларға қолдау болады

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.Ә. Сағынтаев облыс әкімдігінде бизнес өкілдерімен және активпен кеңес өткізіп, осы жылдың бес айында атқарылған жұмыс қорытындылары мен Президенттің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдаулары мен «Бес әлеуметтік бастамасында» айтылған міндеттердің жүзеге асырылуы бойынша алдағы жұмыстарға тоқталды.
Мәжіліс аясында жаңа жаһандық шынайылық жағдайларында экономиканың сапалы және тұрақты өсімін қамтамасыз ету үшін қажетті жағдайлар жасау бойынша өңір активінің жұмысы қарастырылды. Атап айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен, инвестициялар тарту, экономиканың базалық секторларын, жаппай кәсіпкерлікті дамыту, технологиялық жаңғырту және Индустрия 4.0 элементтерін енгізу, цифрландыру, кадр-
лар даярлау және жаңа жұмыс орындарын құру, сонымен қатар, экономиканы одан әрі әртараптандыру тәрізді бағыттар қамтылды.
Кеңесті ашқан Үкімет басшысы Ақмола облысының ірі ауыл шаруашылығы өнімдері өндірістері мен өнеркәсіптер орналасқан ерекше индустриялық-аграрлық аймақ екенін атап өтті. Бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауымен ауыл шаруашылығымен қатар машина жасау, металлургия және өңдеу өнеркәсібі салалары, құрылыс материалдары индустриясы, туризм дамып келеді. Қазіргі таңда Үкімет жаңа даму бағдарламаларын әзірлеп жатыр. Оған қоса, агроөнеркәсіптік кешен одан әрі дамуын белсендіру және өңдеу өнеркәсібіне инвестициялар тарту бар. Биыл Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын және «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік», «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауларын іске асыру бойынша үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өнеркәсіптің негізгі салаларын технологиялық қайта жарақтандыру, еңбек өнімділігін арттыру және бәсекеге қабілетті экспорттық өндірістерді дамыту Үкіметтің басты бағдарлары болып табылады.
Мәжілісте өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында экономиканы әртараптандыру, кадрларды даярлау, еңбек ресурстарын басқару, сондай-ақ, бәсекеге қабілетті бизнесті дамыту бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы облыс әкімі Мәлік Мырзалин баяндап берді.
Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы-
на индустриалды саладағы кәсіпорындардың үлесі зор. Жылдан жылға өңір экономикасында өнеркәсіп саласының үлесі артып келеді. Осының нәтижесінде аграрлы облыс индус-
триалды-аграрлы өңірге айналып келеді. «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы бойынша өңірде 4,3 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін құны 526 миллиард теңгенің 10 жобасы жүзеге асырылуда. Оның ішінде еліміздегі ең ірісі, жылдық қуаты 50 мың құс етін өндіретін Макинск құс фабрикасы бар. Келер жылы іске қосылатын жоба тұтыну нарығындағы жағдайды түбегейлі өзгертуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің сөзінше, жаңа жобалардың басым бөлігі – жоғары еңбек өнімділігі бар өңдеуші кәсіпорындар, олар әдетте, өнеркәсіптік интернетпен жабдықталған алдыңғы қатарлы жабдықтарды қолданады. Сонымен бірге, жаппай цифрландыру кадр әлеуетінің бейімделуін, сондай-ақ, жұмыстан босатылған адамдарды еңбекпен қамту шараларын қабылдауды талап етеді. Бір жыл ішінде облыс экономикасының барлық салаларында мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Инвестиция тарту ағымдағы жылдың бес айында 1,7 есеге артып, 31 миллиард теңгеге жетті.
Елбасының АҚШ-қа іссапары шеңберінде қол жеткізілген келіс негізінде «Қазақстанның агро инновациялық корпорациясы» ЖШС Amity егіс кешендерін құрастыруға кірісті. Оған қоса, Аршалы және Целиноград
аудандарында инвесторлардың қатысуымен баламалы энергия өндіретін желден және күн сәулесінен қуат алатын стансалардың құрылысы сияқты ірі жобалар жүзеге асырылуда. Бұл жобаларды жүзеге асыру 2021 жылдары баламалы энергия көздерін өндіруді 2 есеге арттыруға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде мемлекеттік жекелей серіктестік мехнизмі бойынша Көкшетау қаласында жылу энергия орталығын салу мәселесі қаралуда.
Бұдан өзге облыстағы 20 компания сандық технологияны қолданады. Өңірде егістік алқаптардың интерактивті картасын даярлау жобасы да қолға алынған. Интерактивті картаға өңірдегі егістік алқаптарды енгізу жоспарда бар. Осы карта арқылы ақмолалық шаруалар егістік алқаптар туралы жедел толық мәліметтер алатын болады. Сол арқылы аграрлы саланы дамытып, одан әрі жетілдіруге мүмкіндік тумақ.
«Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасы қолға алынған былтырғы жылдан бастап, облысымызда барлығы 426 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Биылғы жылы жалпы аумағы 29 мың шаршы метр жалдамалы 14 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарлануда. Өңірде шағын және орта бизнесті дамыту жөнінде қабылданған шаралар туралы баяндай отырып, Мәлік
Мырзалин «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне тоқталды.
Өңірде туризмді дамытуға зор көңіл бөлінуде. Щучинск-Бурабай курортты аймағын дамытудың 3-ші кезеңі бойынша құны 61,4 миллиард теңге болатын 34 шараны жүзеге асыру жоспарда бар. Бұдан кейін «Altyntau Kokshetau» АҚ бас директоры И.Когай, «Тыныс» АҚ бас директоры Қ.Қалманбаев, «Көкше-Цемент» ЖШС директоры М.Ескендіров, «Көкшетау минералды сулары» АҚ бас директоры С.Максимец, «Жукова» мейманхана кешені ЖК директоры И.Жукова, «Новопэк» ЖШС директоры А.Жақыпов, Макинск құс фабрикасының директоры Р.Тоқсейітова, Сандықтау ауданының «Каменка және Д» ЖШС директоры А.Джейранов бизнестің бәсекеге қабілеттігін арттыру мәселелері жөнінде сөз сөйледі. Атап айтқанда, «Цифрлық зауыт» жобасының мысалында технологиялық жаңғырту, цифрландыру және роботтандыру, ауыл шаруашылығы техникасын субсидия-
лау және өңірдің инфрақұрылымын одан әрі жаңғырту мәселелері талқыланды. Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Арман Евниев агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялау механизмдері туралы түсінік берді.
Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өнеркәсіп пен жүйе құрушы кәсіпорындарды цифрландыру туралы айтып берді. Кәсіпорындарды цифрлық технология-
ларды енгізуге ынталандыру мақсатында Индустрия 4.0 технологиялары бойынша өз шешімдерін және құзыреттерін дамытуға, нормативтік реттеуді жетілдіруге, цифрлық инфрақұрылымды дамытуға, қаржылық және басқа ынталандыру түрлеріне бағытталған шаралар әзірленді. Инвестициялар және даму министрлігінің мәліметіне сәйкес, бүгінгі таңда цифрлық технологияларды енгізуге салыстырмалы түрде жақсы дайындалған тау-кен саласы болып табылады. 2025 жылға дейін жүйе құрушы кәсіпорындар ондаған жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отыр, олардың әрқайсысы бойынша егжей-тегжейлі жүзеге асыру жоспарлары бар.
Қазіргі уақытта Индустриялық даму министрлігі әкімдікпен бірлесіп, өңірді цифрландыру жоспарын әзірлеу бойынша жұмыстар атқарып жатыр. Жоспар жобасына 7 кәсіпорын жүзеге асырып жатқан 8 өңірлік жоба («Қазатомөнеркәсіп» КҚЗ» БК» ЖШС, «Altyntau Kokshetau» АҚ, «Қазақалтын» АҚ және «RG Gold» ЖШС, «Көкше-Цемент» ЖШС, «Семізбай U» ЖШС, «Степногорск тау-кен химия комбинаты» ЖШС) кіреді. Цифрлық технологияларды енгізу кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға жол ашады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова жұмыс орындарын ашу, халықты өнімді жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыру туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, 1 маусымдағы жағдай бойынша Ақмола облысында 5 563 жаңа жұмыс орны құрылған екен.
Өз кезегінде Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы Ақмола облысында туризмді дамыту туралы атап айтқанда, Щучинск-Бурабай курорттық аймағын дамыту барысы жайында баяндады.
Өңірдің туристік кластері 700-ден астам туризм саласындағы кәсіпорынды қамтиды. Кластердің мәдени-тарихи сегменті 900-ге жуық ескерткіштен тұрады, олардың басым бөлігі мемлекет қорғауында және экскурсиялық бағдарламалар кезінде қолданылады. Ақмола облысында 80-ге жуық туристік бағдар бар, олардың ішінде 8-і қасиетті орындар бойынша бекітілген бағдарлар. Биыл жалпы құны 2,8 миллиард теңгеге 170-тен астам жұмыс орнын құрумен 9 туристік нысан салу көзделген. «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов өңірдегі жаппай кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері туралы айтып берді.
Мәжілісті қорытындылаған Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев қозғалған барлық мәселелер мен тақырыптардың маңыздылығы мен өзектілігін атап өтті. Кәсіпкерлікті дамыту елдің экономикалық өсімінің жаңа моделін құруда Үкіметтің бас-
ты басымдықтарының бірі болып табылады. Бүгінгі таңда кәсіпкерлік ахуалды жақсарту мен шағын және орта бизнес іскерлік белсенділігін ынталандыру үшін жүйелі шаралар қолға алынуда. Кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған барлық ұсыныстар Үкіметтің ерекше бақылауына алынған. Үкімет басшысы сонымен бірге, отандық тауарлар мен техника өндірісін дамыту және әлемдік нарықтарға одан әрі шығу қажеттігіне баса назар аударды.
– Ауыл шаруашылығындағы өңдеу бо-
йынша көбірек жұмыстар жүргізіп, экспортқа шығу керек. Отандық тауар өндірушілерді қолдау қажет. Импортқа иек артқанша, өз өнімімізді пайдаланғанымыз жөн. Өңірлердің осы бағытта жұмыс істеуі аса маңызды, – дей келе, Үкімет басшысы экспортпен айналысатын отандық тауар өндірушілерді қолдайтынына сендірді.
Талқыланған мәселелер бойынша министрлер мен облыс әкімдігіне тиісті тапсырмалар берілді.

Венера ЕСҚАҚОВА,
Ұлмекен ТЫНЫШТЫҚҚЫЗЫ,
Аслан ОСПАНОВ,
Берік ЕСКЕНОВ (фото),
«Арқа ажарының» өз тілшілері.

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар