Әлеуметтік саладағы өзекті мәселелер талқыланды

Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімованың төрайымдылығымен Қорғалжын ауданында өткен көшпелі семинар-кеңесте әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуы жөнінде бірқатар мәселелер көтеріліп, оларды шешу жолдары қарастырылды.

Облыстың және Ерейментау, Целиноград, Қорғалжын, Аршалы аудандарының әлеуметтік саланың басшылары қатысқан семинар-кеңесте алдымен, облыстық білім басқармасының басшысы Талғат Жүнісов сөз сөйлеп, облыс бойынша балалардың 97 пайызы мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылғанын атап өтті. Мәселен, Ерейментау ауданының балалары мектепке дейінгі тәрбиемен 100 пайыз қамтылған. Осы бағыттағы жұмысты Аршалы, Қорғалжын, Целиноград аудандарында жалғастыру қажет. Мұндай мекемелердің 40 пайызын жекеменшік балабақша құрайды. Мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі аясында Ақмол ауылында балабақша салу жоспарланған.
Облыс бойынша өткен оқу жылындағы білім сапасы 62,5 пайызды құрады. Білім сапасы Қорғалжын мен Целиноград аудандарында көңіл қуантарлықтай болса, Аршалы мен Ерейментау аудандарында төмен. Биылғы жылы оқулықтар сатып алу үшін облыстық бюджеттен 1 миллиард 112 миллион теңге бөлінген. Бұл мақсатқа Аршалы ауданы қаржыны аз бөлген. Соның салдарынан кітап сатып алуға 60 миллион теңге жетіспей отыр. Қорғалжын ауданында да 9 миллион теңге қажет. Өңір басшысының орынбасары өз сөзінде оқу жылының басталуына бір ай қалғанын ескертіп, кітап сатып алуға аудан бюджетінен қаржы бөлуді аудан әкімдерінің бақылауға алуын тапсырды.
Сондай-ақ, семинар-кеңесте оқушыларды ескірген автобуспен тасымалдаудың қауіп-қатеріне назар аударылды. Облыс басшысының орынбасары әр ауданға бір-бір автобустан бөлінгенін, екінші автобусты демеушілер арқылы сатып алу қажеттігін атап өтті. Аршалы ауданында автобус мәселесі шешілсе, Ерейментау ауданына әлі екі автобус қажет. Қорғалжын ауданында автобустың ескіргені байқалады. Целиноград ауданында жергілікті бюджет арқылы үш автобус сатып алынған. Айна Мысырәлімова өз сөзінде Ерейментау ауданындағы 400 орындық Торғай мектебінде балалардың шағын орталығын ашуға болатынын айтып өтті.
–Целиноград ауданында балабақшамен қамтылмаған балалардың саны өте көп. Мұнда 12 мектептің оқушылары үш ауысымда оқиды. Сондықтан, бұл ауданда мемлекеттік-жекеменшік серіктестікті дамыту қажет,–деді облыс әкімінің орынбасары. Қоянды ауылына жаңа мектеп салуға қаржы бөлінгенімен, әзірше мердігері анықталмаған. Сондай-ақ, бұл аудандағы төрт мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы жасалуда. Аршалы ауданының кейбір елді мекендерінде интернет мәселесі туындап отыр. Қорғалжын, Аршалы, Целиноград аудандарында балалардың жазғы демалыс орны жоқ. Тек қана Аршалы ауданындағы Вячеслав орта мектебінің базасында балалардың жазғы лагері жұмыс істейді. Аршалы мен Қорғалжын аудандарындағы мектептерде мұғалім жетіспеушілігі байқалады. Облыстық мәдениет басқармасының басшысы Сәуле Бөрібаеваның айтуынша, өңірдің елді мекендерінде 68 клуб пен 67 кітапхана жұмыс істейді. Аршалы ауданындағы бірқатар клубтар күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл бағытта Ерейментау ауданындағы жағдай біршама жақсы. Облыстық бюджеттен 140 миллион теңге бөлініп, аудандық мәдениет үйі жөнделуде. Қорғалжын ауданында модульдік кітапхана жоқ. Қыс айларында Сабынды клубы жылытылмайды.
Целиноград ауданының 16 елді мекенінде клуб жоқ. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізілген мәдени шаралардың саны артқан. Мәселен, Целиноград ауданында 3 мың мәдени шара, Ерейментау ауданында 2 мың, Аршалы ауданында 1,5 мың, Қорғалжын ауданында 1 мыңнан аса мәдени шара өткізілген. Бұл аудандағы көркемөнерпаздардың киімін жаңарту қажет. Өйткені, олар әр тоқсан сайын Астанада өнер көрсетеді. Өнерпаздар киімді өзгелерден жалға алуға мәжбүр.
–Бірқатар клубтар жөндеуді қажетсінеді. Кейбір елді мекендерге жаңа клуб салу қажет. Әр аудан модульдік кітапхана ашу үшін қаржы бөлу керек. Кітапханаларда оқырмандар саны артты. Осы орайда, жаңа кітаптар сатып алуға, мерзімдік баспасөзге жазылуға қаржы көлемін ұлғайту қажет. Киелі жерлерді анықтап, абаттандыру тәрізді жұмыстардың жоспарын жасау керек. Қорғалжын, Целиноград, Ерейментау аудандарының мерейтойларына қатысты кітаптар шығару қажет,–деді өңір басшысының орынбасары.
Кеңесте медиация жұмысы баяу жүргізілетіні белгілі болды. Қазақстан халқы Ақмола ассамблея-сы хатшылығының меңгерушісі Ринат Галлямов өз сөзінде Аршалы, Целиноград, Ерейментау, Қорғалжын аудандарындағы қоғамдық келісім кеңестері есеп бермейтіндерін айтты. Бұл бағытта Аршалы мен Ерейментау аудандарында жұмыс жүргізілмейді. Өйткені, ішкі саясат бөлімінде этно саясатпен айналысатын маман жоқ. Целиноград ауданында «Атамекен» жобасы бойынша 2 миллиард теңгенің жұмысы атқарылған. Облыс бойынша медиаторлыққа 254 адам оқытылмақшы. Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Тимур Ысқақовтың айтуынша, бүгінгі таңда облыстағы жастардың қаншасы студент, қаншасы оқушы екені белгілі. Ал, өзге жастардың қайда жүргені жөнінде анықтама жоқ. Бұл жағдай кейбір жастардың теріс жолға түсуіне ықпал етуі мүмкін. Сондықтан, облыс басшысы бұл жұмысты дереу қолға алу қажеттігін ескертті. Облыстық ішкі сая-сат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева өз сөзінде мемлекеттік рәміздерді қолдану мен ұлттық мерекелердің атап өтілуін ретке келтіру жұмысы атқарылып жатқанын атап өтті. Екінші жартыжылдықта «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудың жоспары жасалған. Осы орайда, жаңа бөлім ашылып отыр. Басқарма басшысы одан әрі атқарылған өзге де жұмыстарға тоқталды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Болат Әбішев өз сөзінде аталмыш аудандарда «Денсаулық» бағдарламасының және бес Жол картасының орындалуы жөнінде талдап айтып берді. Аталмыш аудандардағы емханаларда дәрігерлердің жетіспеуі және олардың тұрғын үй мәселесі туындауда. Осы орайда, облыс әкімінің орынбасары мемлекеттік мекемелердің сылбыр жұмысын сынға алды.
Облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Марал Жақыпова өз сөзінде мемлекеттік тілдің әлі де көлеңкеде қалып отырғанын, жиналыстар тек қана ресми тілде өтетінін, келешекте қазақ тілінде сөйлей алмағанына қысылатын заман келетінін атап өтті.
–Қазір облыс бойынша оқушылардың 60 пайызы қазақ тілінде білім алады. Мемлекеттік тілді дамыту үшін таза қазақ балабақшасы мен қазақ мектебінің санын көбейту қажет. Өйткені, аралас балабақша мен мектептегі қазақ тілінің жолы жіңішке. Бүгінгі таңда аудандарда латын әліпбиіне көшу жөнінде де түсіндіру жұмысы сылбыр жүргізілуде. Әр саладағы басшылар мемлекеттік тілді дамыту жөнінде өз-өздеріне талап қоймаса, оның қағаз жүзінде қалып қоюы әбден мүмкін. Қазақ тілінде дәріс беретін пән мұғалімдері жетіспейді. Ұлттық мерекеге қатыспайтын аудандар да бар,–деді бұл ретте, облыстық басқарма басшысы. Кеңесте тероризмге қарсы тұру шарасына да әрқашан дайын болу қажеттігі жөнінде айтылды. Семинар-кеңесті қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова тиісті басшыларға олқы жұмыстардың орнын толтыруды тапсырды.

Рамазан Тілеуов.
Суретті түсірген Ермұрат ДОСЫМОВ.

Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар