Мемлекеттік стандарттарға сай болуы керек

«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Заң ережелеріне енгізілген өзгертулерді түсіндіру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Ақкөл ауданында семинар болып өтті.

Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Мемлекеттік ту, елтаңба және гимн біздің мемлекеттік рәміздеріміз болып табылады. Елдік нышандарымызды қорлау, халқымызды, оның тарихы мен мәдениетін қорлағанмен тең. Сол себепті, еліміздің әрбір азаматы мемлекеттік рәміздерді қалай қолдану керектігін білуі тиіс.
Семинарда мемлекеттік рәміздердің орналасуы мен қолдану аясы туралы толық ақпарат берілді. Мәселен, мемлекеттік рәміздерді пайдалану және қолдануға қатысты заң бұзушылықтарға жол берілсе, 200-ден 400 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Ал, жауапқа аталмыш мемлекеттік мекеменің жетекшісі тартылады.
Өкінішке орай, бүгінгі таңда мемлекеттік рәміздерді тиісті ережеге сәйкес пайдаланбау фактілері әлі де кездеседі. Ақкөл, Шортанды, Астрахан аудандары мен Степногорск қаласының мемлекеттік қызметшілері мен әлеуметтік сала мамандары қатысқан семинарда әнұранның орындалу тәртібіне қатысты да ережелер таныстырылды.
Осы мәселелерді семинарда кеңінен тілге тиек еткен облыстық ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Оксана Салахованың айтуынша, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігімен мемлекеттік рәміздерді да-йындау ісі бір монополияға тапсыру ұсынылып отыр. Бұрындары рәміздерді дайындаумен серіктестіктер мен жеке кәсіпкерлер айналысатын еді. Бұл әрине, мемлекеттік стандарттар талаптарын орындауда көптеген кемшіліктерге жол беруде. Мемлекеттік рәміздер жөніндегі облыстық комиссия жыл басынан бері 110 мекемеде тексеріс жүргізіп, нәтижесінде рәміздердің ұлттық стандарттарға сай еместігі жөнінде бірқатар кемшіліктер анықталған екен.
Айта кетейік, мемлекеттік рәміздерді патриоттық сезімді білдіру ниетінде тұрғын үйлердің, жеке- меншік мекемелердің сыртына іліп қоюға тыйым салынбайды. Ал, Мемлекеттік туды автокөліктерге ілуге рұқсат етілмейді. Семинар қатысушылары рәміздерді сатып алуда қандай ережелерге сүйену керектігі жайлы көптеген қажетті мағлұматтар алды. Мұндай семинарды алдағы уақытта облысымыздың Астрахан, Егіндікөл, Қорғалжын, Жарқайың, Жақсы, Есіл және басқа да аудандарында өткізу жоспарланып отырғанын айта кеткеніміз жөн.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *