Қауіпті індеттің алдын алу – міндет

Ұлттық қауіпсіздігімізге зиян келтіретін есірткі заттарын дайындау, сақтау, айналымға шығару әрекеттері елімізде тыйым салынғанына қарамастан, жаһан дертіне айналған аса қауіпті бұл індет сан тұлғалардың тағдырына балта шабуда.

БҰҰ-ның жариялаған мәліметтері бойынша, осы кезде дүниежүзінде есірткінің әр түрін, атап айтқанда марихуана, героин, кокаин, опиум және тағы да басқа түрлерін пайдаланатын 200 миллионнан артық нашақор бар көрінеді.Олардың басым бөлігі жасөспірімдер екендігі алаңдататын жағдай. Қоғамдағы адамдардың есірткіге құмар болуы мәдени құндылықтардың маңызын жоғалтып, қылмыстық іс-әрекеттердің өркендеуін тудыратыны белгілі.
Бүгінгі таңда облыс аймағында нашақорлықпен күрес жоспарлы түрде жүргізіліп, барлық бағыттағы жұмыс жандана түсті. Соның нәтижесінде Ақмола облысында есірткі түрлерін насихаттаумен айналысатын
9 сайт жұмыс істегені анықталды. Жаһан дертіне айналған бұл мәселе облыстық ішкі істер департаментінде талқылануға салынып, нәтижесінде күдікті сайттар жабылды. Бұл жөнінде ішкі істер департаменті басшысының бірінші орынбасары Бауыржан Әленов мәлімдеді. Статистикалық деректерге сүйенсек, жыл басынан бастап нашақорлықпен күресу орталығында тіркелген 631 адамның 45-і медициналық тексеріс қорытындысы бойынша есептен алынды. Қазіргі кезде есірткіге тәуелділер саны 594 адамды құраса, оның 428-і ине арқылы қабылданатын психотроптық заттардан зардап шегуде.
«Нашақорлық пен есірткіні саудалау бизнесімен күрес жоспары екі бағытпен жүзеге асырылуда», – дейді Бауыржан Әленов. Оның айтуы бо-йынша, бірінші бағыт арқылы есірткі бизнесіне қатысты Ақмола облысында 110 қылмыстық іс қозғалып, әр түрдегі 445 келі есірткі тәркіленсе, Аршалы ауданында 140 келі көкнәр заңсыз саудадан алынды.
Ал, екінші бағыт облыстың құқық қорғау органдары, денсаулық сақтау және білім беру басқармалары, мемлекеттік емес ұйымдар мен мектеп инспекторлары бірігіп ұйымдастырған нашақорлыққа қарсы 355 іс-шара өткізді. Атап айтқанда: 79 семинар, 200 дәріс, 40 кездесу және 36 спорттық іс-шаралар жүргізілді.
Соңғы кездері әлеуметтік желілер мен интернет мессенджерлерінде (Facebook, Twitter, WhatsApp, Instagram, Telegram, т.б) нашақорлықпен күресу жолында түсірілген арнайы видеороликтер жарияланып, түрлі қарсылық акциялары мен челлендждердің арқасында жасөспірімдер арасындағы есірткіге тәуелділіктің кемігені байқалуда.
XXI ғасырдың обырына айналған аталмыш дерт тамырын терең жа-йып үлгергені өкінішті. Мыңдаған жандардың өмірін баянсыз етіп, болашағын бұлдырлаған улы затпен күресу әр қазақстандықтың міндеті. Есірткісіз болашақ бар және ол өз қолымызда!

Ботакөз БАҚБЕРГЕН,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ
журналистика факультетінің студенті.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *