Әлемнің үздік жүз оқулығының он сегізі – Жақсыда!

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы негізінде «100 жаңа оқулық» жобасы бойынша Ұлттық аударма бюросы қазақ тіліне аударып шығарған әлемдік үздік оқулықтардың алғашқы 18 оқулығы Жақсыдағы №2 орта мектебіне салтанатты жағдайда табыс етілді. Жақсы ауданының орталығындағы бұл мектеп Қазақстанның орта білім беру мекемелері арасында «Рухани жаңғыру» кабинетін бірінші болып ашқандықтары үшін республикалық жобаларды басқару жөніндегі орталық кеңсесінің ұйғарымымен осы құрметке еліміз бойынша бірінші болып иелік етті.

Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тарихи еңбегінде «Алдағы жылдары қазақ тіліне аударылатын гуманитарлық білімнің барлық бағыттарын қамтитын оқулықтар біздің жастарымыздың әлемнің үздік үлгілерінен үйренуге мүмкіндік алады. Сол үшін 2018-2019 оқу жылында біз өз оқушыларымызды осы оқулықтармен оқытуға кірісуіміз керек», – деп айтқан болатын.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойын-ша Ұлттық аударма бюросы қазақ тіліне аударған алғашқы 18 оқулықты Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы Жақсы ауданындағы №2 орта мектебінде ашылған «Рухани жаңғыру» кабинетіне салтанатты жағдайда табыс етті. Бұл оқу ордасы «100 жаңа оқулық» жобасы аясында аударылған туындыларға республика бойынша орта білім мекемелерінің арасында тұңғыш ие болып отыр.
Салтанатты жиынға Жақсы ауданының әкімі Бауыржан Мәлғаждаров, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, «Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры, жазушы-драматург, қоғам және мемлекет қайраткері Жабал Ерғалиев, «Жұлдыз» қоғамдық балалар бірлестігі директорының орынбасары Александр Пятков, «Нұр Отан» ХДП аудандық филиалы төрағасының орынбасары Танагүл Пішембаева, аудандық мәслихаттың депутаттары, ауыл округтерінің әкімдері, еңбек ардагерлері, дербес бөлім басшылары, мектептердің директорлары, қоғамдық белсенділер, жастар мен мектеп оқушылары, бұқаралық-ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада облыстық ішкі сая-сат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтап: – Бұл марапат – «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асырудағы зор еңбектің нәтижесі. Атқарылып жатқан маңызды істер еліміздің болашағына, яғни жастарымызға үлкен әрі дара жол ашып беретіні қуантады. Қазақстанға инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды, болашақты жақсы түсінетін білікті гуманитарлық сала мамандары да аса қажет. Себебі, сана модернизациясы гуманитарлық білімге тікелей қатысты,– деп жаңа оқулықтардың маңыздылығын атап көрсетті. Ол өз сөзінде қазақ тіліне аударылған 100 жаңа оқулық Қазақстанның білім беру стандартына үлесін қосып, алдағы 5-6 жылда оң әсерін тигізетінін де тілге тиек етті.
«Ақмола-«Тіршілік» серіктестігінің директоры Жабал Ерғалиев құттықтауын Мұхтар Әуезовтың «Ел мен елді, ұлт пен ұлтты, адам мен адамды теңестіретін тек білім» сөзімен бастап, «Ұлттың болмысын сақтап қалу – бүгінгі күннің басты мәселесі. Ол үшін жастарды сапалы біліммен қамту керек. Бірақ, бұл 18 кітап тек оқушылар мен студенттердің назарында болуы керек деген сөз емес. Бұл туындылармен ең алдымен ұстаздар мен педагогтар, ең бастысы, ата-аналар танысып алғаны жөн. Себебі, ертеңгі болашақ бүгінгі күннің қарамағында. Әлемнің даму үрдісі өзгеше, күн сайын, сағат сайын миллиондаған адамның санасына жаңа идеялар мен көзқарастар ұялайды. Бірақ, білім беру сапасы тек оқулықтармен өлшенбейді. Осы оқулықтарды дұрыс пайдаланып, мазмұнын ашық жеткізе білетін білікті мамандар қажет. Ұстаздарға әрдайым үлкен жауапкершілік жүктелетіні де содан. Парасатты қоғам тәрбиелеудің бастамасына қазақ тіліне аударылған 100 оқулық зор үлесін қоспақ», – деп мектеп директорына өз кітаптарын сыйға тартты.
Айта кететін жайт, «Жұлдыз» қоғамдық балалар ұйымының директоры Елена Дмитриенконың жетекшілігімен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шеңберінде ұйымдастырылған саммитте балалар көшбасшылығының дамуына ерекше үлес қосқаны үшін Гран-при жеңімпаздары Жақсы ауданының балалары болып анықталған. Осы орайда, Жақсы ауданының білім беру бөлімінің логисі Әлия Көпеева, оқушылар үйінің ұстаздары Қуат Молдаханов пен Ұлан Мұқатаев «Рухани жаңғыру» төсбелгісімен марапатталды. Өңірлік «Рухани жаңғыру» кабинетінің менеджері Алтын Зиядова аудан көшбасшыларының атынан білім берудің әлемдік стандартына сай аударылған оқулықтар үшін алғыс білдірді.
«Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы аясында 16 кітап ағылшын тілінен, 1 кітап орыс тілінен, 1 кітап француз тілінен қазақ тіліне тәржімаланған. Бұл еңбектер философия, психология, экономика, филология, политология бағыттарын қамтиды. Атап айтқанда, Ли Анна Пек пен Гай С.Рилдің «Медиаэтика», Светлана Тер-Минасованың «Тіл және мәдениетаралық коммуникация», Элиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Әлеуметтік психологияға кіріспе», Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революция», Дэвид Г.Майерс пен Жан М.Туенжтің «Әлеуметтік психология», Джордж Ритцер мен Джеффри Степницкидің «Әлеуметтану теориясы», Энтони Кеннидің «Орта ғасыр философиясы. Батыс философиясының жаңа тарихы», «Антика философиясы», Алан Барнардтың «Антропология тарихы мен тео-риясы», Дэвид Бринкерхоф, Сюзан Ортега мен Роуз Уэйтстің «Әлеуметтану негіздері», Н.Грегори Мэнкью мен Марк П.Тейлордың «Экономикс», Дуэйн Шульц пен Сидней Эллен Шульцтің «Қазіргі психология тарихы», Карен Армстронгтың «Иудаизм, Христиандық пен Исламдағы 4000 жылдық ізденіс: Құдайтану баяны», Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Рикки У.Гриффиннің «Менеджмент», Виктория Фромкин, Роберт Родман, Нина Хаймстің «Тіл біліміне кіріспе», Дональд Ф.Куратконың «Кәсіпкерлік: теория, процесс, практика» және Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» атты туындылары Жақсы ауданында орналасқан «Рухани жаңғыру» кабинетінен де орын алды.
18 жаңа оқулықтың барлығы білімнің нағыз энциклопедиясы болып, әлемнің үздік оқу орындарында пайдаланды. Мәселен, Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» кітабы арқылы Гарвард университетінің студенттері білімдерін шыңдады. Демек, бұл қазақ тілді оқырмандар білім берудің әлемдік стандартына сай оқи алатындығының белгісі.
Жоғарыда аталған оқулықтардың барлығы 10 мың данамен басылып, алдағы уақытта еліміздің барлық оқу орындары мен кітапханаларына тегін таратылмақшы. Әлеммен ықпалдасу кезеңі жаңа сатыға өрбіп, білім сапасын тереңдету үміті ақтала бермекші.
Ботакөз БАҚБЕРГЕН,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ
журналистика факультетінің студенті.

Суреттерді түсірген Берік Ескенов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар