Мерекеге – мерейлі табыспен

Көкшетау қаласындағы «Дос-тар» мәдениет сарайында көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесі салтанатты жағдайда атап өтілді. Сала майталмандарын облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов құттықтап, экономикамыздың күретамыры саналатын қуатты буын өкілдеріне еңбекте табыс, ел табысын еселеуде абыройлы биіктен көрінулеріне тілектестік білдірді.

–Елбасы жыл басындағы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру міндетін алға тартты, –деді Қанат Мұратұлы. –Қазақстанның солтүстігіндегі үш өңірді көлік қызметімен қамтитын облыс зор транзитті әлеуетке ие. Былтыр елімізде транзиттік жүк тасымалы 17 миллион тоннаны құраса, осы буыннан түсетін жыл сайынғы табысты 2020 жылы 5 миллиард долларға жеткізу міндеті қойылды. Бүгінгі төл мерекелерін жоғары табыстармен қарсы алып отырған жерлестеріміз бұл орайда абырой тұғырынан көрінетіндігіне сенеміз.
«Қазақстан темір жолы» АҚ Ақмола теміржол бөлімшесінің директоры Артур Қизатов өз сөзінде филиал ұжымы жыл санап өндірістік көрсеткіштерді өсіру дәстүрін жалғастырып келе жатқанын қанағат сезіммен атап өтті. Биылғы жылдың 6 айында 3 миллион 650 мың тонна жүк тасымалданыпты, сондай-ақ, бөлімшеге қарасты 45 вокзал арқылы 1,5 миллион жолаушыға қызмет көрсетілген. Өндірістік қызмет барысында жүктің қозғалысын онлайн режімінде бақылап, бұлардың кедергісіз тасымалдануы үшін және кедендік операцияларды жеңілдету мақсатымен блокчейн сияқты цифрлық технологияның ауқымды түрде енгізіле бастауы жаңа белестерге жол ашатын болады. Мемлекет тарапынан жасалған қаржылай көмектің қайтарымын еселеудің өзге де қадамдары жасалып жатқаны қуанышты.
Салтанатты шарада автомобиль көлігі саласы қызметкерлеріне, 2013 жылы құрылысы толықтай қайта жүргізілген халықаралық мәртебедегі Көкшетау әуежайының ұжымына да жылы лебіздер білдірілді. Былтыр облыста 235,6 километр жол күрделі және ағымдағы жөндеуден өткізілген. Облыстың автомобиль көлігі саласы 1993 жылы 16,3 миллион тонна жүк тасымалдаса, 2017 жылғы көрсеткіш 114,6 миллион тоннаға жетті. Жолаушылар тасымалы сәйкесінше, 95,4 миллион адамнан былтыр 1667 миллион кісіге артып отыр. «Нұрлы жол» бағдарламасымен жол бойы сервисі дамып келе жатса, Көкшетау қаласында смарт немесе «ақылды» аялдама жобасы іске қосылуда. Жалпы, жолаушылар тасымалымен айналысатын салада 213 тұрақты маршрут болса, жаңадан 11 автобус бағыты ашылған. Бұл қосымша 17 елді мекенге қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Салтанатты шараның марапатқа толы болуы, кең ауқымды концерттік бағдарламамен жалғасуы сала өкілдерінің еңбек табыстарының бұдан да өсе түсетіндігін айғақтап тұрғаны анық. Бұл күні отызға жуық еңбек екпіндісі мен өндіріс ардагері «Көлік саласының үздігі», «Құрметті теміржолшы», «Үздік автокөлікші» төсбелгісімен, Құрмет грамоталарымен және «Қазақстан темір жолы» АҚ президентінің ескерткіш қол сағатымен марапатталды.

Бақберген Амалбеков.
Суретті түсірген
Төлеген Қосшығұлов.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар