Тұлға дидары замана ақиқаты

Көкшетау қаласындағы «Достар» мәдениет сарайында белгілі Ресей кинорежиссері Радик Кудояровтың Қазақстанның Тәуелсіздік алғаннан кейінгі қалыптасу жолдары, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қазақ мемлекетін құрудағы басты рөлі мен заманауи Астананың даму кезеңдері туралы «Дәуірдің өзі таңдаған» атты екі сериалы деректі фильмі көкшелік көрермендердің назарына ұсынылып, оң бағасын алды.

Деректі фильм тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу кезеңі, даму, гүлдену процесінен көрініс тапқан. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел өміріндегі елеулі еңбектері туралы да жан-жақты қамтылған. Фильм КСРО-ның соңғы әрі тұңғыш президенті Михаил Горбачевтің кеңестік империя күйреп, оның орнына тәуелсіз 15 мемлекет құрылуына және олардың одан ары дамудың даңғыл жолына түсіп, өзге елдермен терезесі тең мемлекет болып қалыптасуы сәтімен басталады. Халқымыздың қасіретіне айналған ұзақ жылдар бойы алапат жарылыс болып, ядролық қару сынақтан өткізіліп келген Семей полигонының жабылуы, тәуелсіз Қазақ елін қалай құрғаны, Ыстамбұл саммитінен кейін 11 жыл бойы тоқырауға ұшыраған Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының тарихи саммитін Елорда төрінде өткізгендігі, Ресей мен Украина арасындағы дағдарыс, Армения мен Әзірбайжан шиеленісі, халқы босқынға айналған Сириядағы қанды соғысты реттеу ісіне қалай араласқаны жан-жақты баяндалады.
Фильм барысында Нұрсұлтан Назарбаев балалық шағына, арманына, тауды қалай жақсы көретіндігіне, сол кезеңдегі бастан кешірген қиындықтарына кеңінен тоқталады. Ашқұрсақ, жыртық киім киіп жүрсе де балалық шағының бақытты болғанын баса айтады.
– Бала кезімнен арманшыл болдым, алдымда үлкен дүниелердің күтіп тұрғанын сезетінмін. Мұндай сезім жанымда үнемі болатын. Оның қайдан келгенін де білмеймін. Әжем мені өте жақсы көретін. Анда-санда көрген түсін айтып беретін. Ол бірде түсінде менің жалғыз ақбоз атқа мініп тауға шығып бара жатқанымды көріпті. Таудың ортасына жеткенімде тоқтаппын. «Тоқтама, жүре бер, шыңның басына шық» деп айтқан екен. Мен алға қарай жүріп, таудың шыңына шығыппын. Сол кезде әжем: «сенің тағдырың да сондай болады, биік шыңдарды бағындырасың» деген еді, – деп еске алады Елбасы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев фильм барысында бұған дейін ешкімге айтпаған сырымен де бөлісті.
– Политехникалық институттың студенті болып жүрген кезімде айнаға қарап тұрып, «сен халқың үшін бір нәрсе істеуің қажет» деп айтатынмын. Мұны еш уақытта тісімнен шығармаған едім, бүгін бірінші рет айтып отырмын. Сондай да жайт болды, – деді Елбасы. Мемлекет басшысы домбыра тартқан адамды жақсы көретіндігін, музыканы құлай сүйетіндігін де атап өтеді. Анасының ән салып, әкесінің жанынан өлең шығарғанын еске алады. Фильм барысында Қазақстан Рес-публикасы Парламенті Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Ресей және Қытай Халық Республикасымен арадағы шекара мәселесінің қалай толығымен шешілгендігін де айтып береді. Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай басшылығымен даулы аймақтарға қатысты мәселелерді қалай оңтайлы шеше алғандығына тоқталады.
– Біздің Сыртқы істер министрлігімізде даулы территорияларға арналған 34 том тарихи картографиялық материалдар болды. Сондықтан да, Қытай Халық Республикасы мен тәуелсіз Қазақстан арасындағы шекаралық келіссөздер бос жерден басталған жоқ. Территориялық жол беру туралы сөз де қозғалуы мүмкін емес еді. Біз барлық тарихи материалдарды тыңғылықты қарап шықтық, – деді ол.
Сонымен қатар, фильмде Ресей, Қытай, Жапония, Австрия, Бельгия, Ұлыбритания, Германия, Голландия, Израиль, Испания, Франция, Италия және Швейцарияның дипломатиялық миссияларының көшбасшылары мен өкілдерінің пікірлері де берілген. Астананың құрылуы туралы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің басшысы Әділбек Жақсыбеков және Елорданың қазіргі әкімі Әсет Исекешов кеңінен баяндайды. Көрермендердің зор қызығушылығын туғызған фильмді облыс әкімінің орынбасарлары Асқарбек Үйсімбаев пен Қанат Ыдырысов, мемлекеттік органдардың өкілдері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары, әлеуметтік сала, оқу орындары, шағын және орта бизнес өкілдері соғыс және еңбек ардагерлері, жастар, саяси партия филиал-
дары, ұлттық-мәдени орталықтар, діни конфессиялар, қоғамдық бірлестіктер мен БАҚ өкілдері тамашалады. Еліміздің атын шығарып, өркендеп дамуы үшін осындай деректі фильмдердің берері көп. Патриоттық сезіммен бейнеленген көріністер адамның жанына жайлы әсер етіп, жылылық сыйлайды.
Көкшелік көрермендер фильм туралы пікірлерін ортаға салу барысында мемлекеттің дамуындағы Президенттің рөлі, оның саяси және экономикалық дұрыс шешімдерді қабылдаудағы көрегендігі, бойындағы ізгі қасиеттеріне ерекше тоқталды. Жалпы, фильм көрермендердің көңілінен шықты деп сеніммен айтуға болады.

Аслан Оспанов.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *