«Айбынның» айбынды жастары

 Бұланды орта мектебінде «Айбын» әскери-патриоттық клубының ашылуы мен кеңес әскерлерінің Ауған жерінен шығарылуына 26 жыл толуына орай арнайы мерекелік шара болып өтті. Бұл күні  аталған оқу ордасындағы «Еңбек және Даңқ» – мұражайында осы өлкенің тумасы Александр Блюмге арналған мемориалдық тақта да орнатылды.

  Оның ашылу лентасын аудандық «Ауған соғысы ардагерлері» қоғамдық бірлестігінің мүшесі Қази Пазылұлы мен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Бәкіров кесіп, мектеп директоры Бикеш Смайылова құттықтау сөз сөйледі. Ол биылғы жылы «Еңбек және Даңқ» мұражайына 10 жыл толуына байланысты мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Толыбай Рақымжановтың бастамасымен әскери-патриоттық клубтың ашылып, Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «70 жылдыққа – 70 мерейлі іс» акциясының ұйымдастырылып отырғанын атап өтті.
Кейіннен Ауған соғысы ардагер-леріне құрмет көрсету, жас ұрпақтың патриоттық сезімдерін оятып, Отан үшін отқа түсіп, қыршыннан қиылған, жат жерде көз жұмған қарулас азаматтарымызды еске алу, жауынгерлердің ерлік жолынан тарихи тағылым беру мақсатында шара барысында әскери-патриоттық клуб мүшелері, мектеп шәкірттері өнер көрсетіп, келген қонақтарды ерекше рухтандырып жіберді. Кейін  «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымдарының белсенділері «Айбынға» салтанатты түрде мүшелер қабылданып, клубтың жарғысы, оны ұйымдастыру жөніндегі мектеп бұйрығы оқылды. Артынша арнайы шақырылған қонақтар клуб мүшелеріне куәліктерін табыс етіп, шараны ұйымдастырушы мектеп ұжымына толайым табыстар тіледі. Ендеше, біз де «Айбынның» айбынды жастарын болашақта республика көлемінде өткізілер патриоттық шаралардан жиі көреміз деген үміттеміз.

Қамар САҒЫНДЫҚОВА,
 Бұланды орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Еңбекшілдер ауданы.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *