Шөптің бір жылдық қоры жасалды!

Биыл облыс бойынша 1104,1 мың тонна, яғни, бір жылдық шөп қорын дайындау жоспарланса, бүгінгі күнге дейін 1122,7 мың тонна шөп дайындалып, маяларға салынды. Бұл – қолда бар мал үшін қажетті бір жылдық жемшөп қорының 101,7 па-йызы. Бүгінгі таңда жоспарланған жемшөп қорын өңірдің барлық аудандары дайындап үлгерді. Шөп шабу науқаны одан әрі жалғасуда.

Ақмола облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Серік Шайгөзовтың айтуынша, биыл өңірдің барлық санаттағы шаруашылықтарында 525,7 мың бас ірі қара, оның ішінде ауыл шаруашылығы құрылымдарында 223,6 мың бас ірі қара қыстатылады. Мәселен, малды көп ұстайтын Ерейментау ауданының пішеншілері межеленген жоспарды орындап, 122 мың тонна шөп дайындап, маяларға салды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Бауыржан Қасымбаевтың айтуынша, ауданның пішеншілері биыл 152 мың тонна шөп дайындамақшы. Мәселен, Олжабай батыр ауылдық округі биыл 12,5 мың тонна шөп дайындауды жоспарлаған. Бүгінгі таңда бұл көрсеткіш 16,4 мың тоннаны құрады. Осы округте орналасқан «Гея», «Нұр», «Алмат» шаруа қожалықтары мал қыстатуға қажетті жемшөп қорын дайындап алды. Қазір Ержан Әлмағамбетов, Амангелді Шошанов пен Виталий Ефименко бастаған пішеншілер бригадалары маялар санын көбейтуде. Сондай-ақ, малды көп ұстайтын Зеренді ауданының пішеншілері 123,3 мың тонна, Целиноград ауданы 87,9 мың тонна, Атбасар ауданы 74,7 мың тонна, Біржан сал ауданы 74 мың тонна, Бурабай ауданы 71,1 мың тонна шөп дайындап, маяларға салды. Жақсы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Айжан Ділдібаеваның айтуынша, аудан пішеншілері 60,1 мың тонна шөп дайындап, жоспарды асыра орындаған. «ТНК Агрофирмасы» серіктестігі 7,6 мың тонна, «Әліби Агро» серіктестігі 1564 тонна шөп дайындаған. Сөйтіп, қажетті шөп қорын дайындаған өңір шаруашылықтарының қыстан қысылмай шығатынына сенім мол.

Рамазан БАЯҚҰЛЫ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *