Көшесінің аты да жаңарып, сәні де жарасып жатқан Көкшетау!

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Конституция күні қарсаңында Көкшетау қаласының көшелеріне мемлекет және қоғам қайраткерлері Бəйкен Əшімов пен Мақтай Сағдиевтің есімдерін беру рәсіміне қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Және өңір басшысы Қопа көлінің жағасында жаңадан салынған 9 қабатты тұрғын үй кешенінен баспаналы болған тұрғындарға жаңа пәтердің кілттерін салтанатты түрде тапсырды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде бұрынғы Капцевич көшесіне Бəйкен Əшімовтың есімі берілсе, Куйбышев көшесі Мақтай Сағдиевтің есімімен аталатын болды. Бұл қос көше бір-бірімен қиылысады. Сондықтан, үндестік тапқандай. Осыған орай, ұйымдастырылған салтанатты шараға облыс әкімінен бөлек, зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, Бəйкен Əшімов пен Мақтай Сағдиевтің ұрпақтары жəне қала тұрғындары қатысты.
– Халықтың есінде өнегелі істерімен есте қалған Бəйкен Əшімов пен Мақтай Сағдиев шын мәнінде білімді, талантты, талапшыл, адамгершілік қасиеттерге бай, аса беделді тұлғалар. Олардың есімдері Көкшетау көшелеріне берілуі – ұлы тұлғаларымыздың есімін келешек жастардың есінде сақтауға жасалған жақсы қадам. Ақмолалықтар олардың өнегелі өмірі мен еңбегін ұмытпайды. Олардың істеген істері мен атқарған қызметтері – бүгінгі жастар үшін үлгі-өнеге, – деп атап өтті Мәлік Мырзалин.
Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов ақмолалықтардың санасында өшпес із қалдырған тұлғалардың есімін есте сақтау жолындағы игі істеріне ризашылығын білдірді.
– Естияр жұрттың жадында жақсы адамдардың бейнесi өшпей тұрып алады. Кешегi кеңестiк жүйенiң қиын да қысылтаяң жолында өз жүрiсiнен жаңылмаған абзал азаматтарымыздың жүрiс-тұрыстары да күнi бүгiнгiдей көз алдымызда. Осындай жарқын бейнесiн мәңгi есте қалдырып кеткен тұлғаның бiрi, аса көрнектi мемлекет және қоғам қайраткерi, Социалистiк Еңбек Ерi Бәйкен Әшiмұлы Әшiмов болатын, –дей келе Болат Жанәділов қай жұмыста да өзін еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан тамаша ұйымдастырушы және талапшыл басшы ретінде көрсете білген Мақтай Сағдиев туралы да бірауыз жылы сөзін арнады.
– Мақтай Рамазанұлы өмірі өнегеге толы, ішкі мәдениеті аса жоғары, халқына қадірлі, еліне сыйлы қазақтың шын мәніндегі зиялысы болды. Өмірінің соңғы жылдарында ұлтымыздың қадірлі ақсақалы ретінде көрген-білгенін жастарға өсиет етіп, ақыл-кеңес беруден еш жалыққан емес.
Сонымен қатар, жиында Б.Əшімовтың ұлы Оңдасын Әшімов пен М.Сағдиевтің қызы Ғалия Сағдиева осы істің басы-қасында жүрген, жақсы іске қолдау білдірген облыс басшысына ақ алғысын
айтып, әкелерінің есімінің ел есінде сақталуы оның ұрпағы үшін ғана емес, барша қазақ халқы үшін қуаныш екендігін айтты.
– Мен өте қуаныштымын. Бұған дейін өзге облыс, қалаларда көше атаулары беріліп, ескерткіштер қойылған еді. Дегенмен, Көкшетаудың орны бөлек. Осы өңірдің тумасы, осы аймақта жұмыс істеді. Сондықтан, бүгін біздің отбасымыз үшін өте қуанышты күн, – деді Оңдасын Әшімов.
Осы күні облыс әкімі жаңа тұрғын үйдің пәтер кілтін тапсыру рәсіміне қатысып, шаңырақ иелерін қуаныштарымен құттықтады. Қопа көлінің жағалауы аумағында орналасқан 9 қабатты тұрғын үй кешені «Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары үшін салынған. Құрылыс жұмыстарын «К.Г.С. Сауда» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауында халықты бас-панамен қамтамасыз ету мәселесі басты орын алады. Бүгін сол міндеттер жүзеге асырылып, үй кезегінде тұрған халықтың баспанаға қол жеткізуі – зор қуаныш. Осы бағыттағы жұмыстарды одан әрі жалғастыра береміз. Бүгінгі мереке күні қарсаңындағы қуаныштарыңыз ұзағынан сүйіндірсін, – дей келе, аймақ басшысы қуаныш иелеріне жаңа пәтердің кілтін табыс етті.
Осы орайда, жаңа үйден үш бөлмелі пәтер алғандардың бірі – Дулат Жанмұханбетов пен Оразбай Оспановтардың отбасы. Облыс әкімі жаңа пәтер иелерінің шаңырағында болып, сыйлықтарын тарту етті. – Мен бүгін баспаналы болғаныма шексіз қуаныштымын. Енді осы үйде отбасыммен бақытты ғұмыр кешеміз деген ойдамыз. Жалпы, бүгінгі пәтердің бағасы шарықтаған заманда Елбасының бастамасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың көмегі зор, – деп қуанышымен бөлісті Дулат Жанмұханбетов.
Бұдан кейін облыс әкімі «Аққу» балабақшасының жөндеу жұмыстарымен де танысты. Нысан қазір мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында жекеге басқаруға берілген. Кәсіпкер өз қалтасынан қаржы салып күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуде. Көкшетау жаңадан салынған «Имана» іскерлік орталығымен толықты. Қазір мұнда балаларға білім беру орталығы жұмыс істеп тұр. Өзге де қызметтерге арналған кеңселер бар.
Аслан ОСПАНОВ.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар