Құрмет пен тағзым

Көкшетау қаласында алты Алаштың абызы атанған көрнекті мемлекет қайраткерлері Бәйкен Әшімов пен Мақтай Сағдиевті еске алуға арналған ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті.
Конференцияға есімі елдің берік діңгегіне айналған биік тұлғалардың туған-туыстары мен қоғам қайраткерлері, ғалымдар, ақын-жазушылар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Салтанатты жиынды мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Жабал Ерғалиев ашып, жүргізіп отырды.
– Қазақтың біртуар ұлт зиялыларының, қайталанбас өр тұлғаларының есімдері Алаштай қалың елі тұрғанда еш ұмытылмақ емес. Бәйкен аға Әшімов тәуелсіз Қа­зақстанды құруда Елбасының барлық бастама­сын қолдап, қуаттап отырды. Жалпы, ұлы даланың ұлы перзенттерін дәріптеу ғана емес, есімін ел есінде мәңгі сақтап, құрмет тұту елжандылық рухтың үлгі-өнегесі болып қала бермекші, – деді Жабал Ерғалиев. Әртүрлі лауазымды қызметтерді абыройлы атқарған, қазақ елінің мақтанышына айналған қос арыстың есімі облыс орталығында өзара қиылысып, бір-бірімен үндестік тауып тұрғандығын да жақсы ырымға балады жазушы.
Конференция барысында Көкшетау қаласының құрметті азаматы Болат Жанәділов сөз сөйлеп, еселі еңбектері мәңгілік тағзымға лайық тұлғалардың ұлы есімдерін ұлықтау – туған жердің тарихын ұлықтаумен пара-пар дегенді тілге тиек етіп, дарабоз жандар туралы өз естеліктерін ортаға салды. Жиында еңбек ардагері, заманында партия, кеңес салаларында аудан, облыс деңгейінде басшылық қызмет атқарған ел ақсақалы Болат Көшімбаев, ел ағасы Сансызбай Мұхитанов, «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Қиықов сөз сөйлеп, Бәйкен Әшімов пен Мақтай Сағдиевтің адамгершілік келбеті мен қайраткерлік еңбектерін тарқатып айтып берді.
– Бүгінгі іс-шараға қатыса отырып, кеудемді зор қуаныш кернеп отыр. Ұлы даланың біртуар ұлдарын ұмытпағанымыз елдігіміз бен бірлігіміздің арқасы. Осындай ілкімді істің бастауында тұрған облыс әкімдігіне, қала әкімдігіне, өңіріміздің зиялы қауымына алғысым шексіз,– деп ақжарма тілегін арнаған Болат аға Көшімбаев осы игі іске атсалысқан азаматтарға алғысын білдірді. Жиын барысында екі алып тұлға туралы естеліктер негізінде кітап құрастырылып шығатыны айтылды. Конференция соңында Бәйкен Әшімов туралы деректі фильм көрсетілді.

Ұлмекен Шаменова.

Суретті түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар