Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде

Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының бастамасымен Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай «Достар» мәдениет сарайында «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» атты республикалық семинар болып өтті. Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында мемлекеттік тілді дамытуды насихаттауға бағытталған мұндай семинар онкүндік барысында облысымыздың Ерейментау және Қорғалжын аудандарында да ұйымдастырылғалы отыр.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова, белгілі саясаткер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дос Көшім, аталған орталықтың терминология және ономастика бөлімінің аға ғылыми қызметкері, тіл жанашыры Жапсарбай Қуанышев қатысып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, латын қарпіне көшу мәселелері төңірегінде өз ойларымен бөлісті. Сонымен қатар, семинарда Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының іске асырылуы, нағыз рухани жаңғырған ел боламыз десек, алдымен мемлекеттік тіліміздің қоғамның талабына сай қолдану аясын кеңейтіп, мәдени қазынамызға айналуына тырысуымыз қажеттігі кеңінен айтылды. Осы орайда, саясаткер Дос Көшім:
–«Рухани жаңғыру» бағдарламасы жа-йында көп айтылып жүр. Алайда, нақты іске әлі де көше алмай отырмыз. Іс жүзінде не жаңғырып жатыр? Ұлттық код дегеніміз не? Міне, осы жайында ойланайықшы. Жаңғырудың басы – ұлттық ата-тегімізге қайта оралу деп білемін. Тегімізге «ов», «ев» деп жалғау ешбір салтымызда жоқ. Бұл отаршылдықтың құлдық таңбасынан тездетіп құтылуымыз керек. Өзіміздің ұлттық кодымыз бар. Сол кодтың басы өзіміздің аты-жөніміз, – дей келе, қазақ тілінің қазіргі кездегі қолданылу деңгейінің әлі де төмен екендігіне қынжылды. Оның айтуынша, біз әлі күнге дейін унитарлық бір мемлекеттік тілі бар мемлекетпіз бе, әлде қос тілді мемлекетпіз бе, соны ұғына алмай келеміз. Мемлекеттік тілге деген қажеттілік туғызбайынша, ана тіліміздің мәселесін шеше алмаймыз.
Семинарда бүгінде елімізде екі тілді қауым пайда болғаны, бір шаңырақ астында тұрып жатқан өзге этностарды айтпағанда, үш миллион қазағымыздың өзі өз тілінде сөйлемейтіні туралы тіл жанашырларының айтқан қадау-қадау сөздері толғантпай, көкейге ой салмай қоймайды. Шараға қатысушы зиялы қауым өкілдері, мемлекеттік қызметшілер, жас-тар қауымы да мемлекеттік тіл туралы заң қабылдап, жас ұрпақтың бойында ұлттық рухты қалыптастыруымыз үшін балаларға алдымен өз ана тілімізді үйретіп, балабақшада, мектепте үш тілде білім беруге мораторий жариялау қажеттігі туралы өз ойларымен бөлісіп, семинар соңы сұрақ-жауап форматына ұласты.
Айта кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы ғылыми-сараптама кеңесінің мүшесі, саясаткер Дос Көшім, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің өкілдері, қоғам белсенділері бастаған жұмыс тобы бүгін және ертең облысымыздың кейбір аудандарында да осындай семинарлар өткізіп, қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі мәртебесін көтеру, мемлекеттік тілдің қолданылуы, қазақ тілін латын қарпіне көшіру және ономастика мәселелеріне қатысты насихат жұмыстарын жүргізетін болады.

Венера Талғатқызы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар