Жаңа сапа – жаңа мақсат

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел халқына арнаған биылғы Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты тақырыпта ұсынылды. Мемлекет басшысы маңызды құжатта нақты мақсаттар қойып, міндеттерді айқындап берді.

Ел Президентінің терең мазмұнға ие әрбір жаңа Жолдауы, бағдарламалық мақалалары – ең алдымен егемен еліміздің ертеңгі жарқын болашағына бастар басты бағыты деп ұғынамыз. Бұл құжатта ұлттық идеологияның, рухани жаңғырудың маңызды тетіктері қарастырылған. Экономикамызды жаһандық бәсекеге қабілетті етіп қайта құра отырып, сол жаңа технологиялармен жұмыс жасай алатын ІТ-технологияны меңгерген, қаржылық сауатты, ұлтжанды жас ұрпақ тәрбиелеп өсіруіміз керек.
Қазіргі кезеңдегі білім берудің мақсаты білім алушылардың шығармашылық, белсенді тұлғасын қалыптастыру және жан-жақты дамытуға, оқушылардың өз бетімен білім алуын қалыптастыруға және қолдануға, оларды болашақтағы еңбек және қоғамдық қызметіне дайындау. Ғылыми-техникалық прогрестің қарқынды дамуы адам қызметінің түрлі салаларына елеулі әсер етеді, жаңа және үнемі ауысып отыратын технологиялардың енгізілуіне байланысты, бұл XXI ғасырда өмір сүретін адамдарға бірқатар талаптар қояды. Ғылыми-жаратылыстану білім игеру арқылы техника мен технология саласында арнайы білім алады және ғылыми ойлау мәдениетін қалыптастырады. Сондықтан да, білім берудің барлық деңгейлерінде математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын арттыру қажет. Бұл жастарды жаңа технологиялық құрылымға дайындаудың маңызды шарты. Математиканы оқытудан бастап, бүкіл білім беру үрдісінің сапасын жетілдіру қажет. Қазіргі кезде барлық дерлік ғылымдар: физика мен химия, биология мен экономика, лингвистика мен әлеуметтану тек математикалық әдісті ғана емес, сонымен қатар, математикалық заңдарды да қолданады. Заманауи ғылым мен техникаға математика арқылы жол табады. Егерде математикалық білім беруді қолдасақ, гуманитарлық және жаратылыстану пәндерде ілеседі. Ол тек мектеп деңгейіне ғана емес, сонымен қатар, техникалық, кәсіби және жоғары білім беру сатыларына да қатысты.
Бүгінгі таңда математика мұғалімдеріне күрделі, бірақ, шешімі бар міндеттер жүктелген. Өз маманын сүйетін мұғалім жаңартылған білім беру мазмұны бойынша заманауи талаптарға сай өзін-өзі дамытуға және көптеген жетістіктерге жетуге талпынады. Барлық педагогтар жаңарту бойынша пәнді оқыту үрдісінде оқушылардың қызығушылықтарын туындататын педагогикалық әдістерді іздестіруі қажет. Оқушылар пәндер бойынша өз білімін жаңартып, жетістіктерге қалай қол жеткізе алады?
Оқытудың белсенді стратегиялық бағыты берілген ақпараттың көлемі мен бақылау жұмыстарының саны мен сапасында емес, оқушының зияткерлік, тұлғалық және әлеуметтік белсенділігін қоса отырып, оқу үшін дидактикалық және психологиялық жағдай жасау. Мұғалімдерді жаңартылған білім беру мазмұны бойынша дайындауда ең маңыздысы философиялық, педагогикалық көзқарасын, әдіснамалық, дидактикалық, коммуникативтік, әдістемелік және басқа да құзыреттілігін қалыптастыру. Жаңа оқу бағдарламасымен жұмыс істей отырып, мұғалім дәстүрлі технологиядан дамыту технологияларына көшуін, жеке тұлғаға бағытталған оқытуға, деңгейлік саралау технологиясын пайдалануға, құзыреттілік тәсіл негізінде оқытуға, оқыту жағдаяттарына, жобалау және зерттеу қызметіне, ақпараттық-коммуникациялық технологияларға, интерактивті әдістерді және оқытудың белсенді формаларын іске асыруы қажет. Оқушыларға материалдың танымдық тереңдігі мен кеңдігін жеткізуде мұғалімнің келбеті және эмоционалдық баяндауы үлкен әсерін тигізеді. Сабақтың микроклиматын сабақта қалыптасқан қарым-қатынас құрайды. Ол оқушының көңіл-күйіне, оқу қызметіне әсер етеді. Тұрақты мүдделерді шығармашылық сипат пен келешек қызметтің әртүрлілігі ғана қалыптастырады. Оқушылар жаңаны тани келе оның танымдық қызығушылығы кеңейеді және тереңдейді. Сабақ достық және әуестілік тұрғыда өтуі қажет. Педагогтың қызметінің тұрақтылығы мен мақсаттылығы оқушылардың танымдылық қызығушылығын қалыптастыруға көмектесіп, жоғары жетістікке жетуге септігін тигізеді және оқудың сапалы нәтижесін көрсетеді.

Талғат ЖҮНІСОВ,
Ақмола облыстық білім басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар