Адам денсаулығы қоғамның басты байлығы

Елбасының Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Қазіргі денсаулық сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс. Саламатты өмір салтын насихаттай отырып, қоғамдық денсаулықты басқару ісін күшейту керек. Жастардың репродуктивті денсаулығын қорғауға және нығайтуға ерекше назар аудару керек», – деп атап өтілген болатын.

Осыған байланысты барлық деңгейдегі мемлекеттік органдар алдында халықтың саламатты өмір салтын қалыптастырып, ұлттық саясатты іске асыру арқылы азаматтардың денсаулығын нығайту, салааралық үйлестіруді жүзеге асыру және ұсыну, ғылыми негізделген профилактикалық қызмет көрсету, инновациялық, профилактикалық технологияларды дамыту сияқты нақты міндеттер тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев ел дамуының стратегиялық басымдылықтарының бірі дамыған 30 елдің деңгейінде денсаулық саласында жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу үшін халықтың денсаулығын нығайтуды ескертті.
Ағымдағы жылдың наурыз айынан бастап Көкшетау қалалық емханасының жанында саламатты өмір салтын қалыптастыру орталығы өз жұмысын бастады. Азаматтардың денсаулығын нығайту, әлеуметтік маңызды аурулардың алдын алу, репродуктивті денсаулықты қорғау және отбасын жоспарлау бұл ұйымның маңызды бағыттары болып табылады. Халықаралық, Дүниежүзілік, Ұлттық күндер аясында, халықтың қалың жігін тарта отырып жаттығу, тренинг, арт-терапия, релаксация залдарында онкүндіктер мен айлықтар, профилактикалық іс-шаралар өткізу жүйелі жоспарланған.
Орталықтың ашылған күнінен бастап саламатты өмір салтын насихаттау және жастардың денсаулығын қорғау бойынша 127 мың адам қамтылған 5612 іс-шара өтті. Мысалы, ағымдағы жылы Дүниежүзілік туберкулезбен күрес күніне орай ұйымдастырылған «Өзіңді туберкулезден сақта» атты ауқымды шара, сәуір айында өткен мектеп оқушыларының мәдениетті тамақтану негіздеріне дағдыландыруға бағытталған «Саламатты тамақтану – жақсы білімге апаратын жол!» акциясы, мамыр айында Дүниежүзілік бронх демікпесіне орайластырылған «Демікпесіз өмір сүр», тағы басқа танымы мол тағылымды кештерді баса атап өтуге болады.
Жасырары жоқ, елдің стратегиялық даму кепілі – бұл ең алдымен болашақ ұрпақтың денсаулығы, сондықтан, кешенді көзқарас және ведомствоаралық өзара іс-қимыл қажет. Осы орайда, өскелең жастармен жұмыс істеуге барынша көп көңіл бөлінеді. Осыған байланысты облыста ведомствоаралық және үкіметтік емес ұйымдармен саламатты өмір салтын насихаттау және жастардың денсаулығын қорғау бойынша жүйелі бірлескен жұмыстар жүргізілуде.
Осылайша облыс орталығындағы жастар ресурстық орталығымен бірлесіп «Сенім» есірткіге тәуелді тұлғаларды оңалту орталығында емделіп шыққан есірткіге тәуелді тұлғалармен диалог алаңы өткізілді. Сонымен қатар, «Сау болу сәнді!» акциясы Көкшетау қаласының ішкі істер басқармасының ювеналды полиция, жергілікті полиция қызметі бөлімімен, Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментімен, қоғамдық денсаулықты қорғау департаментімен бірлесіп өткізіледі. Көкшетау қаласындағы №20 орта мектепте ішкі істер басқармасымен, патрульді-бекеттік қызметінің батальонымен Тәуелсіздік алаңында жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша «Қауіпсіз өмір» акциясы өткізілді. Білім басқармасымен бірлесе отырып, Ақмола облысының барлық мектептерінде денсаулық апталығы өткізіледі.
Үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен ынтымақтастықты іске асыру шеңберінде халық арасында саламатты өмір салтын дамыту бойынша бірлескен жоспарлар жасалды. Мәселен, «Шаңырақ» қоғамдық қорымен бірлесіп, жоғары оқу орындары мен колледж студенттерімен ерте жыныстық қарым-қатынас және жасанды түсіктердің алдын алу бойынша «Жұмбақ кейіпкер» кейіпкер тұлғамен кездесулер ұйымдастырылды. Вакцинациялау маңыздылығы мен қажеттілігіне, бала емізуді насихаттау мақсатында 29 жасқа дейінгі жас келіншектерге «Болашақ аналар» клубымен кездесулер ұйымдастырылады.
Жасөспірімдердің психикалық және әлеуметтік жетілмеуі, өз денсаулығына саналы түрде қарамауы және көмекке өз бетінше өтініш беру дағдыларының болмауы, «Қауіпті мінез-құлық ауруларының» үлес салмағының өсу ретімен жастар науқастануының құрылымы өзгеруі, кәмелетке толмағандар арасында психикалық белсенді заттарды пайдалану және мінез-құлықтық тәуекелдің алдын алу бойынша мақсаттарды да алдымызға қойдық, «Шанс» қоғамдық қорымен тығыз байланыс орнатылып, тиісті профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.
Сондай-ақ, Ақмола облысы бойынша Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жобалары іске асырылуда. Бұл жобаға облысымыздағы 37 мектепке дейінгі балалар мекемелері, 30 жалпы білім беретін мектептер ат салысып, «Денсаулықты нығайтуға ықпал ететін мектептер желісі» жобасы бойынша жұмыс істеп келеді. «Саламатты колледждер» жобасына облыстың 7 колледжі мен «Саламатты университеттер» жобасына Көкшетау қаласының үш университеті және Көкшетау қаласындағы техникалық институты белсенділік танытуда. Сонымен қатар, осы жобаны жүзеге асыру шеңберінде Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университеті, Көкшетау жоғары медициналық колледждерімен 2018-2019 оқу жылында саламатты өмір салтын насихаттайтын волонтерлерді даярлау бойынша меморандумға қол қойылды. Ересек адамдар да назардан тыс қалған жоқ, «Саламатты жұмыс орындары» жобасына Көкшетау қаласының 10 өнеркәсіптік кәсіпорындары енгізілді.
Дана халқымыздың «Ауырып, ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген асыл сөзін ескере отырып, халықтың саламатты өмір салтын нығайту, тұрғындар арасында аурудың алдын алу дағдысын қалыптастыру – медицинаның барлық уақыттағы маңызды міндеттерінің бірі. Осыған байланысты тұрғындарға дәрігерлерге қаралу процедураларының қарапайымдылығы, тегін медициналық көмек көрсету, көрсетілетін қызметтердің кешенділігі, кез келген қызықтыратын ақпаратты алу мүмкіндігі қолжетімді болуы қажет.
Өмірде адам денсаулығынан асқан байлық жоқ. Елбасының сындарлы саясатын қолдап, ақ халаттыларға жүктеген сенім жүгін абыроймен ақтау – біздің парызымыз. Уақыт бізден өз жұмысымызға жаңаша көзқарасты талап етіп отыр. Алда көп жұмыстар күтіп тұр. Оның бәрі ізденіспен ұштастырылуы керек. Соны табандылықпен еңсере білейік.

Сәуле ҚИСЫҚОВА,
Ақмола облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар