Отбасының өнегесі дәріптелді

9 қыркүйек – Отбасы күні қарсаңында Көкшетаудағы Достық үйінде облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен «Отбасым – қазынам» атты мерекелік іс-шара өтті.

Отбасы институты арқылы мәдени құндылықтарды сақтау бойынша ұлттық-мемлекеттік салт-дәстүрді, руханиятты іске асыру, өскелең ұрпақты тәрбиелеу мақсатында елімізде Отбасы күні Президентіміздің Жарлығымен қыркүйек айының екінші жексенбісі болып белгіленген болатын. «Адамның байлығы балаларының санымен өлшенген. Сондықтан да, мен үлгілі отбасы дегеніміз – ең алдымен, көпбалалы отбасылар болуы тиіс деп санаймын», – деп өзінің бір сөзінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, қоғамның тұрақтылығын сақтауда көпбалалы отбасылардың қосып отырған үлесі зор екені айқын. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, бүгінде облысымызда көпбалалы аналардың саны 7 160 адамды құрап отыр. Соның ішінде, 2535 «Алтын алқа», 4152 «Күміс алқа» иегері тұрады.
Салтанатты шарада құттықтау сөз алған облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева адам өмірі отбасынан басталатынын, халқымыз әкені асқар тауға балағанын, жұмақ ананың табанының астында деп аналарға құрмет көрсеткенін, бала – бауыр еті деп ұрпағына айрықша қамқорлық танытқанын айта келе, ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттықты сыйлау әрбір адамның қасиетті борышы екенін жеткізді.
– Елбасымыз атап өткендей, отбасы қазақстандық қоғамның алтын діңгегі болып табылады. Облысымызда отбасылық-демографиялық саясатты жүзеге асыру мақсатында облыс әкімі жанында арнайы комиссия жұмыс істейді. Үстіміздегі жылы заманауи қоғамда әкелер институтын дамытудың маңыздылығын ескере отыра, облыстық әкелер одағы құрылып, оның жетекшісі болып Балуан Шолақ атындағы ұлттық спорт түрлерінен облыстық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Марат Қойшин тағайындалды, – дей келе, басқарма басшысы отбасылық құндылықтарды насихаттауға атсалысып жүрген бірқатар үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілеріне ризашылығын жеткізді. Жиналған қауымды Отбасы күні мерекесімен құттықтап, әр шаңырақта береке-бірлік, ырыс-ынтымақ болуын тіледі. Көкшетау қаласында тұратын өнегелі отбасылар – Мусиндерге, Омаровтарға, Байковскийлерге, Жақыповтарға, Филатовтарға, Төлегеновтарға, сонымен қатар, Қиықовтар отбасына алғыс хаттар мен естелік сыйлықтарды салтанатты жағдайда табыс етті.
Отбасының маңыздылығы, мерекеге арналған ақжарма тілектер Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрайымы Зере Қиықованың, «Женский луч» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Оксана Олеговнаның, облыстық әкелер одағының төрағасы Марат Қойшиннің сөздерінде көрініс тапты. Одан кейін қатысушылар концерттік бағдарламаны тамашалап, шара естелік суретке түсу рәсімімен өз мәресіне жетті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар