Ақмола облыстық ветеринария басқармасының басшысы Базарбай БҰЛАШЕВ: «Малдың жұқпалы ауруларының алдын алу жұмыстары жүргізілуде»

Ветеринарлық қауіпсіздік ұлттық қауіпсіздіктің негізгі бір бөлігі болып табылады. Осы орайда, тілшіміз облыстық ветеринария басқармасының басшысы Базарбай Бұлашевқа жолығып, өңірдегі эпизоотикалық жағдайдың жай-жапсары жөнінде сұхбаттасқан еді.

–Базарбай Қабыкешұлы, облыс аумағында ветеринарлық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін қандай шаралар жүргізілуде?
–Биыл ветеринарлық қауіпсіздікті қаржылай қолдау үшін облыстық бюджеттен 883 162,2 мың теңге бөлінді. Жеті айдың жоспарына сәйкес, қаржы толық игерілді. Облыстың ветеринарлық қызметі биылғы бірінші жартыжылдықта ауыл шаруашылығы малдарын вакцинациялау шарасын 100 пайыз орындады. Ірі қара мен ұсақ малдың бруцеллезіне диагностикалық зерттеу жоспары артығымен орындалды. Туберкулез ауруына 397,8 мың бас ірі қара зерттелді. Ауруға бейімді малдардың бәрі сойылып, өңдеуге жіберілді. 643 нысанға дезинфекция жүргізілді.
Ресейдің Қорған облысында нодулярлық дерматиттің көздері тіркеліп, Қазақстан Республикасының шекаралас аумақтарына дейін таралғаны белгілі болды. Бұл ауруды сары маса тәрізді қан сорғыш жәндіктер таратады. Құбылмалы ауа райы кезінде бұл аурудың таралуы ұлғайып, Ақмола облысының аумағына жетуі мүмкін. Өңірде алғашқы тәуекелділік аймағы анықталып, оған Есіл, Қалқұтан, Жабай өзендері және өзге де ірі су айдындары жағалауында көп ірі қара бағатын Ақкөл, Астрахан, Атбасар, Егіндікөл, Ерейментау, Есіл, Жақсы, Жарқайың, Қорғалжын аудандары енгізілді. Осы аудандарда қан сорғыш жәндіктерге қарсы ірі қараларға дәрі себу, малдардың жүруін шектеу тәрізді алдын алу шаралары жүргізілуде. Ақмола облысына бұл ауруға қарсы 137,8 мың вакцинаның дозасы бөлінді. Мамандардың айтуынша, вакцинаның екінші партиясы келіп түседі. Аудандар арасында арнайы аумақты құру үшін тағы 22 мың вакцина дозасына қосымша өтінім берілді.
–Малдары ауырған тұрғындардың шығыны қалай өтелуде?
–Өткен жылы бруцеллез ауруына шалдыққан малдарын союға тапсырғандардың шеккен шығынының орнын толтыру үшін облыстық бюджеттен 228,5 миллион теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бұл мал иелері алдындағы 2015-2016 жылдардағы қарызды жабуға және 2017 жылы мал тапсырғандардың шығынын өтеуге мүмкіндік берді. Бұл бағытқа биыл 79,6 миллион теңге бөлінді. Оның 76,5 миллион теңгесі облыстық бюджеттікі, 3,114 миллион теңгесі аудандық бюджеттердікі. Үстіміздегі жылы 816 бас ірі қара және 208 ұсақ мал иелерінің 44,135 миллион теңге шығыны төленді. Негізгі міндеттердің бірі – мал басы есебін порталдық режимде ауыл шаруашылығы мал базасына енгізу. Облыс бойынша ірі қараны идентификациялаудың биылғы жылдық жоспары 115 пайызға орындалды. Ауыл шаруашылығы малдарының барлық түрлері үшін түскен бирка санын және қолда бар құлақ биркасы қорын есепке алсақ, бұл 2018 жылғы идентификациялауды қамтамасыз етуге және 2019 жылғы бірінші жартыжылдықта идентификациялауды үзіліссіз жалғастыруға мүмкіндік береді.
–Өлген малды және сібір жарасымен ауырған малды көметін орындардың жағдайы жөнінде не айта аласыз?
–Ақмола облысының елді мекендерінде малдарды көметін 332 арнайы орын бар. Басқарма сібір жарасы мен малдарды көму орнын тәртіпке келтіру бойынша шаралар жоспарын жасап бекітті. Жоспарға сәйкес, малдарды көметін орынның құрылысына жер телімдерін бөлу, құжаттарын толтыру, сондай-ақ, бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен қаржы бөлу шараларын орындау мерзімі белгіленді. Бүгінгі таңда облыс бойынша өлген малдардың 60 орнына жер телімінің құжаты толтырылды. Облыстың аудандарында аталмыш нысандардың құрылысына жер телімдерін заңдастыру жұмысы жалғасуда. Малды көметін орынның жер телімінің құжатын толтыру, жобалық-сметалық құжаттамасын жасау, сондай-ақ, көметін орынның құрылысы қаржы шығынын қажетсінеді. Осыған байланысты өңірдегі қала мен аудандардағы жергілікті атқарушы органдарының ветеринария бөлімшелері биылғы бюджет комиссиясының қарауына аталмыш нысандар бойынша қажетті қаржы көлеміне өтінім ұсынды. Бүгінгі таңда Біржан сал ауданы жобалық-сметалық құжаттаманы жасауға 9 миллион 150 мың теңге, Жарқайың ауданы өлген мал орны жер телімінің құжатын толтыруға 880 мың теңге бөлді. Облыс аумағында сібір жарасы бекеті бойынша стационарлық жағдайы көңіл көншітпейтін 221 орын тіркелді. Бұл бекеттерде 250 ауру көзі бар. Оның 65-і белгіленген, 185-і белгіленбеген сібір жарасымен ауырған малдар көмілген орын. Барлық белгіленген 65 сібір жарасы көмілген орын қоршалған, танымдық белгілері бар. Оның 56-сы жөніндегі мәлімет Қазақстан Республикасы Мемлекеттік жер кадастрының автоматтандырылған ақпараттық жүйесіне енгізілген. Бұл аурудың 9 көзі жекеменшік аумақта болғандықтан, аталмыш шараны өткізуге мүмкіндік болмай отыр. Аталмыш нысандар бойынша жер кадастрлық жұмысын жүргізуге облыстық және аудандық бюджеттерден 19 667,3 мың теңге бөлінді. Жыл сайын белгіленген және белгіленбеген мал көмілген орындарда топырақ инфекциясының жағдайына мониторингтік зерттеу жүргізіледі.
–Қазіргі уақытта қаңғыбас иттер мен мысықтар аулана ма?
–Адамдарды қаңғыбас иттер мен мысықтардың тістеуіне жол бермеу мақсатында оларды аулап, жоюға бөлінетін қаржы көлемі көбейді. Мәселен, биыл осы мақсатқа 34 миллион 702 мың теңге бөлінді. Қажеттілік туындаған жағдайда тағы да қаржы қарастырылады. Осы орайда, жойылған қаңғыбас иттер мен мысықтардың саны бірден көбейді. Өткен жылдың 8 айында ит пен мысықтардың тістеуінің 1329 оқиғасы тіркелсе, биыл бұл көрсеткіш 13 пайызға азайды. Құтырма ауруы бойынша эпизоотикалық жағдайдың жақсарғаны байқалады.
–Мемлекеттік ветеринарлық-санитарлық бақылау қызметінің басты міндеттерінің бірі – мал шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету болып табылады. Бұл бағытта қандай жұмыс атқарылды?
–Жыл басынан бері жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік мал дәрігерлері жергілікті полиция қызметімен бірге малдарды тасымалдау кезінде заң бұзушылықтарды анықтады. Осыған байланысты 49 әкімшілік іс қозғалып, 1 миллион 425 мың теңгенің айыппұлы салынды. Биылғы жылы облыстағы сатылатын мал мен құс етіне 50772 ветеринарлық анықтама берілді. Оның ішінде сатылған жұмыртқаларға берілген анықтамалар да бар. Ветеринарлық-санитарлық сараптама зертханаларымен ет, сүт және сүт өнімдеріне, жұмыртқа мен өзге де азық-түлік тағамдарына 115560 зерттеу жүргізілді. Облыстық ветеринария басқармасы және қала мен аудандардың ветеринария бөлімдері тарапынан ветеринарлық-санитарлық бақылау және мал соятын нысандарға есептік нөмірлерді беру бойынша 66 мемлекеттік қызмет көрсетілді.
–Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбатты жүргізген Рамазан ТІЛЕУОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар