Латын әліпбиі – халықтың төл мәдениетін жаһандық мәдениетке бейімдеудің төте жолы

Тіл өзінің қатынас құралы болу қызметін ауызша түрде де, жазбаша түрде де атқара алады. Жазба тілдің ауызекі тілден кейін пайда болғаны, оның жазудың шығып, жасалуымен байланысты екендігі белгілі. Жазба тілдің жасалуының күллі мәдениет атаулының тарихында орасан зор маңызы бар. Жазусыз мәдениет атаулыны, өркениет атаулыны көзге елестетудің өзі мүмкін емес. Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Тәуелсіз қазақ елінің де жазу тарихының түпкі негізі, қайнар көзі тереңде жатыр. Қазақ жазуының тарихында қазақ тілінің әліпби жүйесі бірнеше өзгеріске ұшырағанын көреміз.

Алаш арыстары латын әрпіне көшу идеясын өз заманында ашық көтергені баршамызға мәлім. Қазақстан тарихында латын әліпбиінің негізінде жасалған жазу үлгісі 1929-1940 жылдары қолданылып, кейін кириллицаға ауыстырылды. Нақтылай келсек, 1929 жылғы 7 тамызда КСРО Орталық Атқару Комитеті мен КСРО Халық Комиссарлары Кеңесінің Президиумы латындандырылған жаңа әліпби – «Біртұтас түркі алфавитін» енгізу туралы қаулы қабылдады. Ал, 1940 жылғы 13 қарашада «Қазақ жазуын латындандырылған әліпбиден орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң қабылданды. Осылайша қазақ тілінің әліпбиін өзгерту тарихы негізінен нақты саяси себептермен айқындалып келді.
Тәуелсіздік алған тұста латынға оралу мәселесі қайта жанданды. Латын әліпбиіне көшу мәселесі 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының XII сессиясында көтеріліп, 2012 жылдың желтоқсанында «Қазақстан-2050» Стратегиясында Елбасы «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне көшіруге кірісуіміз керек», – деді.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тілін реформалау бағытында жаңа әліпбидің жобасы жалпыхалықтық талқылаудан өтіп, Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 Жарлығымен Латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиі бекітілді. Одан бері де ғалымдардың қатысуымен бірталай жұмыстар атқарылып әліпбидің соңғы нұсқасы Президенттің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығымен толықтырылды.
Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының директоры, профессор Ерден Қажыбек: «Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру тілді дамыту үшін аса қажет. Біздің грамматикамыздың ережелері орыс тілінен көшірілгені белгілі. Сондықтан, тіл ережелері қайтадан жасалады да, қазақ тілінің табиғатына тән нұсқалары шығарылады», – деді.
Біз бүгінде көпшілік қауымға қазақ тілін, ана тілімізді өзгерткелі жатқан жоқпыз, тек шартты түрде жазуымызды, таңбамызды, әрпімізді, әліпбиімізді қазіргі жаhандану заманына сәйкес жаңартып, қисынсыз емле ережелерімізді түзеткелі жатырмыз деп айтумен келеміз. Егер әлемдік интернет пен техника тілі «кириллицада» болғанда, онда басқа әліпбиге көшу мәселесі де сөз болмай, тек кейбір әріптерге байланысты жазу емле ережелерді қайтадан қарап, түзетулер енгізумен шектелуші ме едік. Бірақ, олай емес. Нақты деректерге сүйенсек, кириллица жазуын әлемнің тек 12 мемлекеті ғана пайдаланады екен де, 100-ден астам мемлекет латын әліпбиін қолданады екен. Сондықтан, егеменді еліміздің, тәуелсіз мемлекетіміздің болашағы үшін, алға басып дамуы үшін латын жазуы маңызды болып отыр.
Әліпбиімізді кириллицадан латыншаға ауыстырғанда біз не ұтамыз?
Елбасыға жүгінсек, латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ, XXI ғасырдағы ғылыми және білім беру ерекшеліктеріне байланысты.
Біріншіден, тіл тазалығы мәселесі. Тіліміздегі қазіргі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы қазақ тілінің табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік аламыз.
Екіншіден, қазақ тілін оқытқан уақытта басы артық таңбаларға қатысты емле ережелердің қысқаратыны белгілі. Ол мектептен бастап барлық оқу орындарында оқыту үрдісін жеңілдетеді. Уақыт та, қаржы да үнемделеді.
Үшіншіден, латын әліпбиіне көшу – қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді жолдар ашылады.
Төртіншіден, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздер олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуіміз қажет. Яғни, бұл реформа дүниежүзіндегі тарыдай шашылған қазақтың басын біріктіруге игі ықпал етері сөзсіз.
Ал енді осы әліпбиімізді латын графикасына көшіру бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар тарапынан қандай істер атқарылып жатқандығына қысқаша тоқталып кетейік. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Жоспар үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезең 2018-2020 жылдар, екінші кезең 2021-2023 жылдар, үшінші кезең 2024-2025 жылдар.
Аталмыш жоспар бойынша 2018-2019 жылдары латын қарпін енгізудің алдында қазақ тілінің жаңа графикадағы грамматикалық және орфографиялық ережелерін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде. Осыдан кейін сөздіктер, анықтамалықтар мен оқу құралдарын дайындау және басып шығару жұмыстары жүргізіледі, солардың базасында мамандар (оқытушылар, сайттар әкімшілері, редакторлар, баспагерлер, аудармашы-терминтанушылар) дайындалады.
2020 жылдан бастап мектептердің 1-2 сыныптарында оқытуды енгізу, мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары үшін оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу және басып шығару, сондай-ақ, халықтың барлық топтары (мемлекеттік қызметшілер, мұғалімдер және т.б.) үшін оқыту курстарын іске қосу жоспарланған.
2021 жылдан бастап орта мектептің 3-5 сыныптарында оқыту енгізіледі, сөздіктер, оқулықтар мен оқу құралдарын басып шығару жалғасады, сондай-ақ, жергілікті мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерін, 2024 жылғы желтоқсанға дейін түгел орталық және жергілікті атқарушы органдардың іс-қағаздарын жаңа графикаға көшіру жұмыстары ұйымдастырылады.
2021-2025 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы азаматының паспорттары мен жеке куәліктерін және басқа да құжаттарды латын графикасы негізіндегі мемлекеттік тілде беру қамтамасыз етіледі.
2021 жылдың маусымынан тілдік мамандықтар шеңберінде жаңа қазақ графикасы және жаңа жазу ережелері бойынша пәндер мен курстар әзірлеу және енгізу ұйымдастырылады.
2024-2025 жылдар аралығында мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары мен баспа басылымдарын латын графикасына (кезең-кезеңімен) көшіру қамтамасыз етіледі. Міне, республикалық іс-шаралар жоспарының негізгі мақсат-бағыттары осындай.
Жоспарға сәйкес жуырда Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитеті Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Латын графикасындағы қазақ әліпбиінің орфографиясы мен орфоэпиясы ережелерін әзірлеу үшін арнайы орфографиялық жұмыс тобы құрылып, жер-жерлерге шығып сынамалар (апробация) жүргізуде. Ең бірінші болып бұл үрдіске біздің облыс тартылып, 2018 жылғы 19 шілдеде Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығында, М. Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында, Ақмола облыстық тарихи-өлкетану музейінде барлығы 100-ден астам адам сынамадан өтті. Сонымен қатар, бұл сынамадан Қазақстанның бүкіл өңірлерінен келген Бурабайдағы «Балдәурен» оқыту-сауықтыру орталығының 300-ге тарта 6-9 сынып оқушылары өтті.
Жыл соңына дейін латын графикасына негізделген қазақ тілі әліпбиінің емле ережесі бекітіледі деп күтілуде. Осы тұста Ақмола облыстық оқыту-әдістемелік орталығының және аудандар мен қалалардағы тілдерді оқыту орталықтарының жұмысы жанданады.
Жергілікті атқарушы органдардың, яғни, өңірлердегі тілдерді дамыту басқармаларының және тағы басқа мекемелердің әзірше негізгі міндеті ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыру. Осы мақсатпен Ақмола облысы тілдерді дамыту басқармасы жыл басынан бері бірнеше жобаны жүзеге асырды. Атап айтсақ, «Көкшетау минералды сулары» кәсіпорнында «Қазақ тілін жаңғыртудың жолы – латын әліпбиіне көшу» атты кітаптар мен архивтік құжаттардың көрмесі, Мемлекеттік тілді дамыту қорымен бірлесіп, «Латын әрпіне көшу – қазақ тілін дамыту мен жаңғырту жолы» атты семинарлар легі, Ақмола облыстық сотының конференц-залында сот саласының қызметкерлеріне «Латын графикасындағы мемлекеттік тіл» атты онлайн режиміндегі семинар ұйымдастырылды. Жалпы, облыс бойынша латын графикасы жайында 500-ден астам мақсатты іс-шара ұйымдастырылды деп айтсам қателеспеймін. Бұл әлі қыруар істің тек басы ғана. Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына ауыстырудың негізгі аспектілері туралы Ақмола облысы тұрғындарын ақпараттандыру бойынша спикерлер тізімі, 2018-2019 жылдары ірі кәсіпорындар мен өңірлерге шығу кестесі құрылып, кездесулер ұйымдастырылуда. Бұған қоғам белсенділері, сала қызметкерлері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жұмылдырылып отыр.
Қорыта келе айтарым, Елбасының «Біз ұрпақтарымызға бабаларымыздың сандаған буынының тәжірибесінен өтіп, біздің де үлесімізбен толыға түсетін қазіргі тілді мұраға қалдыруға тиіспіз», – деген ұстанымын басшылыққа алып, табандылықпен жұмыс істеуіміз қажет.

Марал ЖАҚЫПОВА,
Ақмола облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар