Жедел шешетін мәселелер бар

Целиноград ауданының Қараөткел және Талапкер ауылдарында облыстық департаменттер мен басқармалар басшылары тұрғындармен кездесіп, олардың талап-тілектерін тыңдап, пікір алмасты, біраз мәселелер бойынша кеңес берді. Облыс әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова бастап келген облыстық басқарма басшылары мен мамандардың ауыл тұрғындарымен жүздесіп, осылайша пікір алмасуларының екі тарапқа да пайдалы болғандығы сөзсіз.

Целиноград ауданы құрамындағы елді мекендерде, оның ішінде осы Қараөткел мен Талапкер ауылдарында шешімі табылмаған проблемалар өте көп. Мәселен, үйлер саны бес жыл ішінде бес есе көбейіп, соңғы екі жылда ғана тұрғындар саны екі жарым есе артқан Қараөткел ауылында инфрақұрылымды талап деңгейіне сай жасау оңай шаруа емес. Қарапайым тілмен айтсақ, ауылдың аумағы мен тұрғындар саны күн санап өсіп жатқан жағдайда қажетті әлеуметтік нысандар салу, жолдарға асфальт төсеуге үлгерудің өзі қиын. Бүгінгі таңда 20 мыңнан астам тұрғыны бар Қараөткел ауылы тұрғындарының басым көпшілігі Астана қаласында жұмыс істейді.
Облыс әкімінің орынбасары Қараөткел ауылындағы №2 орта мектепте өткен кездесуде жиналғандарға бұл жүздесудің мақсаты туралы айтып берген соң жұртшылық та облыстан келген басшылар мен мамандарға өздерінің талап-тілектерін айтып, ұсыныстарын білдіріп жатты.
Ауылдың шеткі көшелеріндегі жарықтың жоқтығы, ауыз су сапасының сын көтермейтіндігі, сәл жаңбыр жауса көшелерді лай басып кететіндігі сынды жағдайлар ауыл тұрғындарын әбден мезі қылса керек, кездесуде көбіне осы мәселелер қозғалды. Шынында да, ауылда шешімі табылмаған мәселелер өте көп. Бір кездері электр жарығы тартылмаған, жол төселмеген, қысқасы тұрғын үй салуға ешқандай жағдай жасалмаса да жер телімдері оңды-солды таратылғандықтан көп үй салынды. Алғашқыда «үй салатын жер болса жетеді, қалғаны кейін шешіле жатар» деген қағидамен үй тұрғызған тұрғындар кейіннен электр жарығын, су құбырын талап ете бастады. Бұл әрине, заңды талап, дегенмен, кез келген жұмыстың рет-ретімен шешілетіндігін, оған қыруар қаржы қарастырылатындығын ескерсек, біраз мәселенің кешеуілдеп жатқандығын түсінуге болар. Рас, бұл тұрғыда жауапкершілікті түсінбеу, өз міндетіне дұрыс қарамау сынды келеңсіз жайлардың орын алғандығы да бар. Олай болмаса, ауылда әлеуметтік-мәдени нысандарды айтпағанның өзінде, селолық әкімдік ғимаратының сатылып кеткендігін қалай түсінуге болады?! Жалпы, ауыл-селолардағы проблемалардың уақытында шешілмеуіне селолық әкімдіктердің өз бюджетінің жоқтығы да кері әсерін тигізіп отыр. Мәселен, қыста қарапайым қар тазалау үшін бір автогрейдер болмаса, ал техниканы жалға алған күннің өзінде оған құятын жағармай алуға да қаржы қарастырылмаған болса ауыл әкімінен қандай жұмыс талап етуге болады?!
Кездесуге жиналған тұрғындар сонымен қатар, облыстық жұмыспен қамтуды және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру, білім басқармасы, мәдениет басқармасы басшылары және мамандарымен кездесіп ой бөлісті. Кездесу соңында облыстық басқармалардың басшылары еңбектерімен көзге түскен ауыл тұрғындарын Алғыс хаттармен, бағалы сыйлықтармен марапаттады. Өз кезегінде аудан тұрғындары атынан еңбек ардагері Аманкелді Құсайынов мазмұнды да маңызды кездесу ұйымдастырып, халықтың мұң-мұқтаждарына құлақ асқан облыс басшыларына, облыс әкімінің орынбасары Айна Еремекқызына алғысын айтты.
Мұнан соң кездесу Талапкер ауылындағы №3 орта мектепте жалғасты. Бұл ауылда да тұрғындар көкейлерінде жүрген көптеген сұрақтарына нақты жауаптар алды. Кездесулер барысында облыс әкімінің орынбасары айтып өткендей, мұндай жүздесулер мүмкіндігінше барлық елді мекендерде өткізілуге тиіс. Яғни, жергілікті жерлердегі қордаланып қалған проблемаларды тез анықтауға, яғни, жедел шешуге мүмкіндік мол болады деген сөз.

Талғат ҚАСЕН.
«Арқа ажарының» өз тілшісі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *