Өңірді дамыту бағдарламалары ойдағыдай орындалып келеді

Кеше Көкшетау қаласындағы «Көкшетау» мәдениет сарайында Ақмола облыстық мәслихатының кезекті XXIII-ші сессиясында облыс әкімі Мәлік Мырзалин өзіне жүктелген функциялары мен міндеттерінің орындалуы туралы есеп берді. Сессияның күн тәртібіне шығарылған бұл мәселе бойынша «Көкше Энерго» серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты Б.С.Ақылбеков, жеке кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты И.Н.Жукова, Целиноград аудандық мәслихатының хатшысы Б.А.Жанбаев сөз сөйледі.

Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңірдің депутаттық корпусы алдында өзіне жүктелген лауазымдық міндетінің орындалуы жөнінде есеп берді. Негізгі назарды экономиканың шешуші саласының даму мәселесіне аударып, әлеуметтік саланың жетістіктеріне оң бағасын берді. Өңір басшысы көрсеткіштері 100 пайыздан асқан инвестицияны құрайтын өнеркәсіп пен құрылыстың өсуі байқалатынын атап өтті. Ауыл шаруашылығы саласында да серпінді өсім бар. Жұмыстың қорытындысы орақ науқанынан кейін шығарылады. Даму бюджеті көлемінің көбеюіне ерекше назар аударылды. Биыл ол 38,2 миллиард теңгені, өткен жылы 33,2 миллиард теңгені құрады. Бүгінгі таңда Индустрияландыру картасы аясына облыста жүзеге асырылып жатқан 34 ірі жоба өсімнің драйверлері болып табылады.
Өнеркәсіп саласы да уақыттан қалмай келеді. 20 компания цифрлық технология-ны ауқымды енгізуде. Бұл бағытта өзге кәсіпорындар да жұмыс істеуде. Облыс әкімі Мәлік Мырзалин өңірдің дәстүрлі ауыл шаруашылығы дақылдарының алқабын қысқартпаған ақмолалық аграрлар майлы дақылдар алқабын ұлғайтқанын атап өтті. Целиноград ауданында «АЛВА» лимандық суландыру жүйесі қалпына келтірілуде. Ауыл шаруашылығы жеріне космостық мо-ниторинг жүргізілуде. Мал шаруашылығы саласы да дамуда. Мұнда зәкірлік шаруашылық айналасында ет және сүт фермалары құрылып жатыр. 7 мың бас ірі қараға арналған 5 ірі тауарлық сүт фермасы жұмыс істейтін болады. Келешекте ет өндіретін бірнеше жүз ферма ашылады. Сондай-ақ, есепте Астананың азық-түлік белдеуін дамыту аясында ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі көбейгені, белгіленген көлемнен 111 пайызға жеткені жөнінде атап өтілді. Жақын арада Макинск құс фабрикасы іске қосылып, 60 мың тонна ет өнімдерін шығарады. Бұл еліміздегі ең ірі құс етін өндіретін кәсіпорын болады.
Облыс әкімі еңбек өнімділігі туралы айта келіп, Мемлекет басшысы атап көрсеткеніндей, экономиканы модернизациялаудың басты мақсаты ретінде цифрлық технологияны белсенді түрде енгізу қажеттігіне назар аударды.
Есепте шағын және орта бизнесті дамытуға айрықша екпін түсірілді. Бұл үшін «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде нақты шаралар қолданылуда. Қазірдің өзінде жоспарда белгіленген 465 мың шаршы метр тұрғын үйдің 341 мың шаршы метрі пайдалануға берілді. Облыста «Қолжетімді жер телімі» электронды картасы түзілді. Біздің облысымыз Президенттің 5 әлеуметтік бастамасын іске асыру қарқыны бойынша елімізде төртінші орынға көтерілді. Бүгінгі күні ипотекалық несиеге 116 өтініш беріліп, мұның 94-і мақұлданды. Облыста жыл
сайын тұрғын үй құрылысы қарқынын арттыру жоспарлануда.
«Нұрлы жол» бағдарламасын орындаудың оң нәтижелері көрініс беруде. Облыстың қалалары мен аудандарында осы бағыттағы жобаларды атқаруға 3,9 миллиард теңге бөлінді. Облыс орталығында жылу электр орталығы салынады. Қазір жобалау жұмыстары жүргізілуде. Елді мекендерді сумен қамту және су тарту жүйелерін жақсартуға назар аударылуда. Осы мақсатта 9,3 миллиард теңгенің 35 жобасы қолға алынса, биыл мұның 10-ы іске қосылады.
Аршалы және Целиноград аудандарының 20 елді мекенін газбен қамту жайы арнайы айтылды. Жол құрылысы мәселесіне тоқталған облыс әкімі бұл орайда, депутаттар мен осы іске жауапты лауазымды тұлғаларды республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлінуі үшін барлық мүмкіндіктерді белсенді түрде пайдалануға шақырды.  Облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің есебінде әлеуметтік салаға айрықша орын берілді. Бұл орайда да атқарылған жұмыстардың игі нәтижелері бар. Жаңа оқу жылы қарсаңында 1300 орындық мектеп пен 900 орындық ІТ-мектеп-лицейі пайдалануға берілді. Мектеп автобустарының 20 данасы сатып алынды. Денсаулық сақтау мекемелерін техникалық жарақтандыру қарқыны жақсы, бұл мақсатқа 1,4 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде медициналық факультеттің ашылуы жуық болашақта дәрігер кадрлардың жетіспеу проблемасын шешетін болады. Облыс әкімінің 150 грантының 50-і жаңа факультеттің студенттеріне бөлінді.
Өңір басшысы облыс спортшыларының қол жеткізген жетістіктеріне тоқталып өтіп, шаңғы спорты түрлері бойынша олимпиадалық дайындық орталығының Бурабайға көшірілуін, сонымен қатар, Бурабай ауданындағы спорт сарайы мен басқа да жаңа нысандардың жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп жатқандығын атап көрсетті. Облыс әкімі туризм мен мәдениет саласы туралы сөз қозғағанда, алдымен таяуда пайдалануға берілген жаңа нысандарды, атап айтсақ, Визит-орталық базасындағы тарихи-өлкетану музейі мен Ботай мәдениеті музейін және «Жайлау» этноауылын тілге тиек етті.
Облыс әкімі өз сөзінде облыс орталығының аумағында Астанаға ұқсас азық-түлік белдеуін құру мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл азық-түлік бағасын тұрақтандыруға өз септігін тигізеді. Қаланың дамуына көлік қатынастарына қатысты мәселелер де оңтайлы шешілетін болады. Мәселен, алдағы уақытта қалада газбен жүретін елу автобус сатып алынады деп жоспарлануда.
Кездесу соңында Мәлік Мырзалин жиналғандарға алғысын білдіріп, айтқан ұсыныстарды негізге ала отырып, Елбасы саясаты аясында бірлесіп атқарар жұмыстарға сәттілік тіледі.

Әкімнің есебі бойынша жарыссөз

Берік АҚЫЛБЕКОВ,
«Көкше Энерго» серіктестігінің бас директоры, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Соңғы үш аптада бірнеше рет сайлау округінде болып, жергілікті тұрғындармен кездестім. Кездесулерде жолға қатысты проблемалық мәселелер көтерілді. Дегенмен, адамдар тұрмыстың сапасы өзгергені тәрізді биліктің жұмысын көріп отыр. Әр мәселенің кезең-кезеңмен шешілетінін де түсінеді. Жыл басынан бері Біржан сал ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуының көрсеткіштері жоғарылап, өнеркәсіп өнімінің жеке көлем индексі 144,6 пайызға өсті. Мәселен, «Көкше Цемент» серіктестігі биылғы жарты жылдықта 226 мың тонна цемент өндірді. Бұл индекстің көбеюі салық, жаңа жұмыс орны, орташа еңбекақы көрсеткіштерін өзгертті. Ең бастысы адамдар өз туған жеріне тұрақтады. Ауданның елді мекендерінде жұмыссыздық жойылды. Ауыл шаруашылығы техникасының паркі жаңартылуда.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында «ҚазГерҚұс» серіктестігі технологиялық және тоңазытқыш қондырғыларын орнатты. Бүгінгі таңда мал шаруашылығы саласына мемлекеттік қолдау көрсетілуде. Осының арқасында өңірде мал саны мен мал өнімдері көбейіп келеді. Астана қаласының тұрғындарын етпен қамтамасыз ету басты міндет. Ет кластерін құру жобаларының жұмысы кезең-кезеңмен жүргізілуде. Мәселен, Мамай ауылында «KazBeefLTD» серіктестігінің 5 мың бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы және ет бағытындағы бір мың бас асыл тұқымды ірі қараға арналған екі репродуктор шаруашылығы орналасқан. Сондай-ақ, Үлгі ауылында «Сапфир beef» серіктестігінің 1700 бас ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы салынуда. Біржан сал ауданында 14,5 мыңнан астам ірі қара бағылса, оның 40 пайызы асыл тұқымды мал. Макинка селосында қаз бен үйрек өсіретін кәсіпорын жұмыс істейді. «Магас» серіктестігінде 45 мың құс бағылады. Ауыл шаруашылығы кәсіпорны қаз бен үйректің асыл тұқымды жұмыртқасын өндірумен айналысады. Атқарушы органдармен және әртүрлі мемлекеттік бағдарламалардың әкімшілігімен ірі инвестициялық жобалармен бірге шағын және орта бизнес субъектілерінің шағын бизнес бастамасын жүзеге асыру қамтамасыз етілуде. Атап айтсақ, биыл Макинка селосында қоғамдық монша салынды. Степняк қаласында «Мархит» серіктестігінің фабрикасы қалпына келтірілді. Үлгі ауылында «Ерасыл» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің сүт қабылдайтын пункті салынды. Міне, аудандағы осындай ілгерілеушіліктер көңіл қуантып, ертеңгі күнге деген сенімді арттыра түседі.

Ирина Жукова,
облыстық мәслихаттың
депутаты:

– Облыс әкімі Мәлік Кеңесбайұлының бүгінгі есебінде мемлекеттік бағдарламаларды орындаудағы біздің өңіріміздегі игі істердің атап өтілуі аудан тұрғындарын мерейлендіре түседі. Жалпы, облыс әкімінің есебі өңірлерді өркендету мен әлеуметтік-экономикалық даму барысына терең талдау жасалғанымен ерекшеленеді.
Біздің Шортанды ауданы жарты жылдықтың қорытындысында өнеркәсіп өнімдерін өндіруде алдыңғы орындардан көрінді. Сондай-ақ, ауыл шарауашылығының барлық саласында, тұрғын үйлерді пайдалануға беруде, негізгі капиталға инвестиция тартуда оңтайлы қадамдар жасалынды. Ауданда мемлекеттік «Нұрлы жер» бағдарламасымен инфрақұрылымды дамыту, абаттандыру, ауыз сумен қамту, денсаулық сақтау, мәдениет пен спортты дамыту жұмыстары қарқын алуда. Осы орайда, 8 білім ошағының шатырын жөндеуге қаржы бөлу мәселесінің оңтайлы шешілуіне және мектеп автобусының берілуіне байланысты Мәлік Кеңесбайұлына алғысымды білдіргім келеді.
Облыс әкімі өз есебінде атқарылған жұмыстармен шектелмей, табыс-ты еселеу резервтерін ашып көрсетіп, атқарушы органдардың барлық буынына нақты міндеттер қойды. Экономиканың индустриялық секторы мен агроөнеркәсіптік кешендегі жұмыс ауқымы талдап көрсетілді. Астық жинау науқанын табысты өткізу жауапкершілікті еселей түсуді талап етеді.
Бүгінгі кеңесте қоғамдық өмірдің барлық саласындағы өзекті мәселелер терең талқыланып, кезек күттірмес мәселелер айқындалды. Ендігі жерде қойылған міндеттерді тиянақты орындау талап етіледі. Мұнда депутаттық корпустың белсенділігі айрықша сынға түсетіні белгілі. Ағымдағы шақырылымның екі жылында депутаттар жұмысты ұйымдастырудың белгілікті тәжірибесін жинақтады. Ауыл әкімдерін сайлау құқығы мәслихаттарға берілуіне байланысты жауапкершілік арта түскені мәлім. Біз бұл орайда жергілікті атқарушы органдармен бірлескен жұмысты ширата түсетін боламыз.
Мәжіліс мінбесін пайдалана отырып, Шортандыдағы №2 және Бозайғыр орта мектептеріндегі күрделі жөндеу жұмыстарына қатысты жұртшылық өтінішін жеткізгім келеді. Бұлардың жобалау құрылыс құжаттары дайындалған. Әйткенмен, көптен күткен жұмыстар басталмауда. Бұған қатысты қаржыландыру мәселесін аудан дербес шеше алмайды. Құрметті Мәлік Кеңесбайұлы, осы жағдайды сіздің назарыңызға жеткізгім келеді.

Берік Жанбаев,
Целиноград аудандық мәслихатының хатшысы:

– Облыс әкімінің есепті баяндамасында жылдың соңына дейінгі мерзімді қамтитын тапсырмалар нақтыланды, жақын келешектегі мақсаттар айқындалды, экономикалық өсу серпіні белгіленді.
Тұрғындармен кездесулер мен азаматтардың ұсыныс-пікірлерін саралау барысы ауданымызда ауыз сумен қамтудың. Жол құрылысы мен жөндеудің, абаттандыру мен санитарлық тазалық мәселелерінің, елді мекендерді электрлендіру және жер қатынастары әлі күнге өзекті екендігін көрсетті. Қазіргі күні бұл жағдайлар аудандағы аграрлық және өнеркәсіп саласының тұрақты дамуы нәтижесінде біршама оң шешімін табуда. Бұл туралы аудан әкімі М.Тәткеевтің жергілікті мәслихаттың 24 тамыздағы сессиясындағы есебінде кеңінен атап көрсетілді.
Өнеркәсіп өнімінің көлемі 15,2 миллиард теңгені құрап, 2017 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 1,5 миллиард теңгеге өсті. Ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 11,9 миллиард теңгеге жетті. Бұл былтырғы деңгейдің 35,4 пайыздық өсімін білдіреді. Қорытындысында өңірлік жалпы өнім 20,6 пайызға ұлғайып, 27 миллиард 113 миллион теңгені құрады. Сонымен қатар, ауданда жаңа кәсіпорындар ашу мен инвестициялық тартымдылықты арттыруда мақсатты жұмыстар жүргізілуде. Биылғы жеті айда негізгі капиталға 22,9 миллиард теңге инвестиция тартылуы осының айғағы. Яғни, аудан бұл салада бірінші орынға көтеріліп отыр. Мұның өзі әлеуметтік сұраныстардың талап деңгейінде орындалуына жол ашты.
Бізге, Сіздің, Мәлік Кеңесбайұлы және облыстық құрылымдардың басшыларының аудандардағы жағдайларға елге шығу арқылы және адамдармен ашық пікірлесу арқылы талдау жасау тәсіліңіз ұнайды. Бұл қабылданатын шешімдердің ықпалын арттыра түсті. Мәселен, Сіздің тікелей қатысуыңызбен Қосшы ауылындағы әлеуметтік жағдай қалпына келтірілді. «Ақмол-Нұресіл-Талапкер» бағытындағы жол құрылысына облыстық бюджеттен 600 миллион теңге бөлінуі нәтижесінде бұл жұмыс мерзімінен бұрын орындалды.
Біздің ауданымызда алға қойылған міндеттерді сәтті орындау үшін тиісті алғышарттар бар. Атқарушы билік пен өкілетті органның бірлескен жұмысы ауданымыздың одан әрі көркеюіне, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға берік сенім туғызады.

Мәслихат сессиясының шешімі

Ақмола облысының әкімі М.К.Мырзалиннің есебін тыңдап және талқылай келіп, облыстық мәслихаттың сессиясы есептік кезеңде өңірді әлеуметтік-экономикалық дамыту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілгенін атап көрсетті. Міндеттер белгіленді, басымдықтар анықталды, қабылданған мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында экономиканың барлық салаларын дамыту үшін бекітілген іс-шараларды жүзеге асыру жалғасын табуда.
Индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған қолданыстағы кәсіпорындар мен жобалардың қуаттылығын жүктеу мен тұрақты жұмыс орындарын ашу бо-йынша шаралар қолданылуда. Өнеркәсіпте физикалық көлем индексі өсті. Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің өсімі қамтамасыз етілді. Инвестициялар, құрылыс жұмыстарының көлемі, бөлшек сауда айналымының өскендігі атап көрсетілді.
Денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау салаларында негізгі көрсеткіштер де жақсара түсті.
«Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабына және «Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы №19 Жарлығына сәйкес Ақмола облыстық мәслихатының сесия-сында шешім қабылданып,облыс әкімі М.К.Мырзалиннің өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы есебі мақұлданды.
Мемлекеттік бағдарламалардың іс-шараларын жүзеге асыру және экономиканың негізгі салаларының өсу қарқынын қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік органдардың оң жұмысы атап көрсетіліп, баяндамада айтылған, облыстық мәслихат депутаттарының және сессияға қатысқандардың ұсыныстарын ескере отырып, облыс әкімдігіне облыс экономикасын қарқынды дамыту, халықтың экономикалық әлеуетін және өмір сүру сапасын арттыру бойынша жұмыстарды жалғастыру және күшейту ұсынылды.
Алдағы уақытта да инфрақұрылымдық және әлеуметтік объектілерді дамыту бойынша бірінші кезектегі мәселелерді шешуге, еңбекке қабілетті халықты жұмыспен барынша қамтамасыз етуге, жаңа тұрақты жұмыс орындарын ашуға баса назар аударылып, облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалардың, Елбасының «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуінің іс-шараларын жүзеге асыру барысына жүйелі бақылау жасалатын болсын.
Мемлекеттік органдардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерді жақсарту үшін қолданып жатқан шаралары туралы халықты ақпараттандыру жұмыстарын тұрақты негізде ұйымдастыру ұсынылды.

Әкімнің есебі жайлы ой-пікірлер

Серік АЯҒАНОВ,
Ақмола облыстық мәслихатының депутаты:

– Бүгін облыс әкімінің есептік кездесуінен үлкен әсер алдым. Баяндамада айтылғандай өңірімізде қыруар істің басы қайырылып отырғандығы біздерді іштей қуантады. Бұл әрине, алдымен Елбасының, одан кейін баршамыздың жұдырықтай жұмыла атқарған игі істеріміздің арқасында қол жеткен жетістік. Соңғы уақытта ауданда көптеген әлеуметтік мәселелер мүмкіндігінше шешілуде. Осы орайда, өз басым облыс әкіміне шынайы алғысымды білдіремін.
Бүгінгі күні облысымызда медицина мамандарының тапшылығы айқын сезіліп тұр. Сол себепті, облыс әкімі бұл түйткілді мәселені шешу үшін жыл сайын мектеп бітіретін түлектерге медициналық мамандық бойынша арнайы грантын бөліп келеді. Жыл сайын облысымызға ондаған дәрігер мамандар шақыртылып жұмыс істеуде. Олардың барлығы бас-
пана және көтермеақымен қамтамасыз етілді. Биыл облыс әкімінің тікелей бастамасымен Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде медициналық факультет ашылып отыр. Бұл әрине, қуантарлық жайт.
Осының бәрі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауынан туындайтын міндеттерді бағыт-бағдар еткен халық пен биліктің тізе қосып, бірігіп атқарған нәтижелі жұмысының арқасында жүзеге асып жатыр.

Бағдат БҰРЫМБАЕВ,
Атбасар аудандық мәслихатының хатшысы:

– Бүгінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында ел экономикасы өркендеп келеді. Білім, мәдениет ошақтарының жұмысы жанданып, еңбек адамдарының алаңсыз жұмыс істеулеріне барлық жағдай жасалуда. Бұл әрине, шаруашылыққа тікелей байланысты. Шаруашылық жұмысы шираса, халықтың жағдайы да оңалатыны сөзсіз. Облыс әкімі өзінің облыстық мәслихат депутаттары алдында есеп беру кездесуінде осыған ерекше назар аударды. Осы ретте, Атбасар ауданында ауқымды шаруалар тындырылуда. Басқасын айтпағанның өзінде, соңғы кезде ауданымызда ауыз толтырып айтарлық оң өзгерістер орын алды. Біз кеңестік заманда өз жерімізде тонналап ет, сүт өндірілгенімен, дүкендерден ол өнімдерді таба алмайтынбыз. Қазір Астана нарығы мен экспортқа шығаруға мүмкіндік алып отырмыз. Астанада «AQMOL» сауда нүктелерінің ашылуы көп жайды аңғартады. Біздерді әрине, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындардың көбейіп келе жатқандығы қуантады.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар