Мәслихат шарасы

Кеше «Көкшетау» мәдениет сарайында облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық қоғамдық Кеңестің төрағасы Дулат Нұрмолдиннің төрағалығымен «Мәслихаттар және қоғамдық Кеңестер: азаматтық қоғамды тиімді дамыту жолында» атты форум болып өтті.

Форум жұмысына барлық деңгейдегі мәслихаттардың хатшылары мен депутаттары және барлық деңгейдегі қоғамдық Кеңестердің төрағалары мен мүшелері қатысты. Форум басталар алдында Ақмола облысының өкілетті органдары мен қоғамдық Кеңестерінің қызметі туралы бейнесюжет көрсетілді.
Форумды облыстық мәслихаттың хатшысы, облыстық қоғамдық Кеңестің төрағасы Дулат Нұрмолдин кіріспе сөзбен ашты. Ол өз сөзінде бүгінде облыстың барлық өңірлерінде екі жарым жылдан бері жемісті жұмыс істеп келе жатқан қоғамдық Кеңестердің бірқатар әлеуметтік мәселелерді шешуге қомақты үлес қосып келе жатқандығын баса атап көрсетті. Мемлекеттік органдардың нормативтік-құқықтық актілерін қарастырумен бірге, көпшілікті толғандырған өзекті мәселелер де осы Кеңестерде талқылануда.
Бұдан әрі форумда Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова құттықтау сөз сөйлеп, кейінгі кезде өмірге келген осы қоғамдық институттың атқарып келе жатқан жұмысына оң баға берді және оның алда да ізденісті қадамдарға баратынына сенім білдірді.
Әрі қарай сөз алған Қоғамдық келісім министрлігі азаматтық қоғам институттарымен өзара іс-қимыл жөніндегі басқармасының басшысы Гүлбара Сұлтанова азаматтық қоғамды тиімді дамытуда қоғамдық Кеңестердің алатын орнына тоқталды.
Форумның пленарлық мәжілісінде сондай-ақ, Шортанды аудандық ардагерлер Кеңесінің төрайымы Төкен Қизаева қоғамдық Кеңес институтының өңір өміріне игі ықпалы, «Тасумар» серіктестігінің бас директоры, Астрахан аудандық мәслихатының депутаты Анатолий Мальков жастарға патриоттық тәрбие беру, «Sara» қоғамдық қорының басшысы Сара Баймағанбетова үкіметтік емес ұйымдардың облыстың қоғамдық Кеңестерімен өзара іс-қимылы, Ақкөл аудандық мәслихатының хатшысы, аудандық қоғамдық Кеңестің төрайымы Жұлдызай Салыбекова аудандық мәслихаттың және қоғамдық Кеңестің тұрғындармен жұмыс тәжірибесі
туралы сөз сөйлеп, өз ой-пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды. Форумда ашық микрофон жұмыс істеп, пікір алмасылды. Сонымен бірге, бірқатар белсенді депутаттар мен қоғамдық Кеңестердің мүшелерін марапаттау рәсімі болып өтті.
Бұдан кейін форумның жұмыс қорытындысы шығарылып, аталған шара семинар-тренинг түрінде одан әрі жалғасын тапты. Әр деңгейдегі депутаттармен және қоғамдық Кеңестердің мүшелерімен екі бөлек өткізілген бұл шараларға «Азаматтық Альянс» заңды тұлғалар бірлестігінің төрайымы Ирина Терентьева және Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы Еркін Исімбаев жетекшілік етті.
Осылайша мәслихаттар мен қоғамдық Кеңестердің жұмысына жіті назар аударылған форум өз мақсатынан көрініп, халық қалаулылары мен Кеңес мүшелерінің алдағы жұмыс бағыттарын нақты айқындай түсті.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар