Хан Абылайдың қара жолымен жүріп өтеді

Кеше облыс әкімі Мәлік Мырзалиннің қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Бурабайдағы Абылай хан алаңынан «Абылай ханның қара жолы» экспедициясын жол сапарға шығарып салу рәсімінің салтанаты болып өтті.

Көкше тауының етегіндегі Абылай хан алаңынан аттанған экспедиция он күн бойы жол талғамайтын көліктермен 18-ші ғасырдағы «Көкшетау-Ақмола-Ұлытау-Түркістан» керуен жолымен жүріп өтпек. Тағылымды экспедиция Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің тікелей қолдауымен және қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлының бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Экспедицияны шығарып салу рәсіміне Ақмола облысы әкімінің орынбасары Айна Мысырәлімова қатысып, облыс әкімнің сәлемін жеткізді.
– Абылай дарынды хан, аса ірі қайраткер, қолбасшы болды. Абылай хан бүкіл өмірін қазақ халқы мен қазақ елінің бостандығы, егемендігі үшін арнады. Оның еңбегі мен қайраткерлігін бүгін жас ұрпаққа жеткізу шараның басты мақсаты. Осы бағытта сапарға аттанғалы тұрған экспедиция құрамына белгілі ғалымдар мен тарихшылар, өлкетанушылар, қоғам қайраткерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіреді. Олар экспедиция барысында тарихи мәліметтер жинайтын болады. Кейін Абылай мен оның заманы туралы жиналған материалдар ғылыми мақалалар мен жинақтар ретінде жарыққа шығады, сондай-ақ, «Абылай ханның қара жолы» атты көркем фильмде түсіріледі, – деді Айна Мысырәлімова өз сөзінде.
Сонымен қатар, облыс әкімінің орынбасары экспедиция қорытындысы бойынша Ақмола облысы және Көкшетау қаласының табиғи және топонимдік ландшафтысын қолдана отырып жиналған, елімізде теңдесіз топографиялық карта құрас-
тырып, шығару жоспарда барын атап өтті.
Сонымен қатар, «Ақмола-Тіршілік» серіктестігінің директоры, жазушы-драматург, қоғам және мемлекет қайраткері
Жабал Ерғалиев пен қоғам қайраткері Мұрат қажы Ыдырысұлы жиналғандарға шараның маңыздылығы туралы айтып берсе, Абылай ханның ұрпағы Сансызбай Мұхитанов пен Мәдениет ауылының ақсақалы Дулат Әміров экспедиция мүшелеріне ақ батасын беріп, ақжолтай сәтсапар тіледі. Айта кетерлігі, жобаны жүзеге асыруға «Көкшетау минералды сулары» акционерлік қоғамы демеушілік көмек көрсеткен.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажарының» өз тілшісі.
Суреттерді түсірген
Төлеген ҚОСШЫҒҰЛОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар