Тартымдылық пен бәсекеге қабілеттілік туристік индустрияның басты талабы

Бүкіл әлемдегі сияқты туризм мен демалыс индустриясы облыс экономикасын дамытудың басым бағыттарының бірі саналады. Өңірлік туризм кластеріне 700-ден астам қызмет көрсетуші нысан енеді. Бұлардың ішінде 45 санаториялық-курорттық мекеме, 275 туристер мен тынығушыларды орналастыру нысаны, 266 жол бойы сервисі, 68 туристік фирма, 3 мемлекеттік ұлттық табиғат паркі, Қорғалжын мемлекеттік қорығы және «Бурабай даму» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бар.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев халқымызға арнаған биылғы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында «Халықтың өмір сүру ұзақтығының өсуіне және медициналық технологиялардың дамуына байланысты медициналық қызмет көрсетуге деген сұраныс көлемі арта түсетін болады… Саламатты өмір салтын сақтау ісі қымбатқа түсетін стационарлық емге емес, негізінен аурудың алдын алуға бағытталуға тиіс» деп атап көрсетті. Бұл туристік индустрияға тікелей қатысты айтылған сөз. Сондықтан, осынау тиімді саланың әлеуетін барынша көтеріп, мұны халықтың тіршілік қағидатына айналдыруымыз керек. Яғни, аталған қызметті кластерлік жүйеде кеңінен қамту міндеті қойылып отыр.
Кластердің мәдени-тарихи сегменті негізінен мемлекеттің қорғауына алынған және саяхаттық бағдарламаға енгізілген 900 ескерткішті қамтиды. Бүгінгі күні өңірде туристік операторлардың өскелең қызығушылығындағы мемлекеттік тіркеуге алынған 80 туристік бағыттар бойынша белсенді жұмыстар атқарылуда. Әсіресе, Ақмола облыстық мәдениет басқармасымен бірлесе жасалған Көкшетау, Бурабай, Зеренді, Қорғалжын, Ерейментау аудандарындағы киелі орындарға бастайтын 10 маршрут жұртшылық тарапынан жоғары сұранысқа ие.
Статистикалық деректерге сүйенсек, үстіміздегі жылдың алғашқы тоқсанында 4813 нөмірлік орналастыру орны болса, бір мезетте 11926 кісіні орналастыруға жағдай жасалды. Бұл мекемелерде 1012,7 миллион теңгенің қызметі көрсетіліп, көрсеткіш өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 2,3 пайызға өсті. Сондай-ақ, 58,3 мың келушіге қызмет көрсетілді (өсім 0,1 пайыз).
Жыл ішінде сертификатталған отельдер саны бес есе көбейді (2017 жылы
4 нысан болса, қазіргі күні – 23 нысан). Ал, жыл соңына дейін сертификатталған отельдер қатары 36-ға жетпек. Бұлардың ішінде «RixosBorovoe» – 5 жұлдызды, «Оқжетпес», «Алмаз» санаториялары, «ParkHouseKokshetau», «Айнакөл» отельдері, «RufusLodge» бутик отелі және «Қысқы спорт түрлерінен Олимпиадалық дайындық орталығы» РМКК – 4, «Әлем+», «Береке», «GreenWhichTourist», «Алтын күн» отельдері – 3, «Щучинский», «Зеленый Бор» санаториялары, «Береке», «GreenWhichTourist», «Алтын күн» отельдері – 2, «Астана Нұры» қонақ үйі, «Жансая» отелі, «Бұландымұнайбазасы», «Көкшетау қонақ үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 1 жұлдызды мәртебелі нысандар санатына жатады.
Туристік қызмет жұмысын тиімді үйлестіру мақсатында «Visit Aqmola» ақпараттық орталығы құрылды. «Бурабай даму» ЖШС қазақстандық туристік операторлармен және отельдермен тығыз байланыста турпакеттерді жинақтау және сатумен айналысатын «Call-орталықты» жұмысқа қосты. Сондай-ақ, BurabayCityPass цифрлық жолсерік қызметі тиімділігін көрсете бастады.
Облыс аумағындағы туристік-рекреациялық ресурстық ерекшеліктеріне қарай аудандастыру жұмысы жүргізіліп, стратегиялық бағыттағы 4 базалық құрылым айқындалды. Бұлардың қатарына санаториялық-курортты аймақ (Щучинск-Бурабай курортты аймағы); Астана маңындағы демалыс аймағы (Аршалы, Ақкөл, Шортанды, Целиноград аудандары); киелі-қорықтық аймақ (Қорғалжын және Ерейментау аудандары);
табиғи аймақ (Зеренді, Сандықтау және Бұланды аудандары).
Туристік тартымдылықты арттыру мақсатында Визит-орталық құрамында тарихи-өлкетану музейі және Ботай мәдениеті музейі құрылып, «Жайлау» этноауылы мен автокемпинг ашылды.
Курорттық отельерлер батыс облыстардың 12 кәсіподақ ұйымымен келісімшарт түзіп, 1200 адамды демалыспен қамту мәселесі шешілді. Сондай-ақ, «AsiaWaters» компаниясы «QulagerBurabay» емдік ас суын өндірістік желіге қосты. Жыл соңына дейін Бурабай курорттарын ЮНЕСКО-ның ауқымды геопарктер жүйесіне қосу бойынша нөмірлеуге тапсырыс берілді.
Бурабай курорттарына жұртшылықтың өскелең қызығушылығын тудыру және бизнес қауымдастықты тарта отырып жыл бойғы жүктемесін қамтамасыз ету мақсатында жаппай туризммен қамтуға жол ашатын «Fourseasons» тұғырнамасы жүзеге асырылуда (мұның ішінде 14 зәкірлік және 30 оқиғалық шаралар).
Бурабай курортты аймағындағы көше-жол желісінің құрылысы мен қайта құру жұмыстары жүргізілуде және «Астана-Ерейментау» күре жолының құрылысы аяқталып, «Астана-Қорғалжын» автожолының құрылысы басталды. Сондай-ақ, 80 километрлік (жобаның құны – 15,4 миллиард теңге) «Щучинск-Зеренді» жолының құрылысы аяқталуға жақын.
Қазақстанның республикалық туристік картасын жасақтау аясында Ақмола облысынан 3 инвестициялық жоба іріктеліп отыр («Ақ Бура» курорты, Бурабай тау-шаңғы кешені, Бурабай кентіндегі конгресс-холл). Бұл бағытта республикалық деңгейде қолдау көрсетіледі деген үміттеміз. Осы орайда, 2018 жылы іске қосылуы жоспарланған 9 жобаның 2,2 миллиард теңгелік екі жобасы ағымдағы жылдың бірінші жартысында пайдалануға берілді (Аршалы ауданындағы «Бейбарыс» демалыс аймағы. Зеренді ауданындағы «ZerendaPark» демалыс аймағы).
Облыс әкімдігі мен «ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамы арасындағы келісімшарт шеңберінде өңір автотрассаларында модульдік павильондар орнату жұмыстары басталды. Қазіргі уақытта автобан бойында «KazWay» типті 4 павильон қызмет көрсетуде.
Өңірдің, мұның ішінде Бурабай курорттарының туристік әлеуетін арттыру және туристер демалысын қызықты іс-шаралармен, оқиғалық саяхаттармен қамту мақсатында имидждік тартымдылық шаралары тұрақты түрде жүргізілуде. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018 жылғы 10 қаңтардағы Жолдауында тиімділік «Ақпараттық жүйелерді біріктіру, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық пас-
портын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға көшу…» екендігі көрсетілді. Бұл істер өңір мен республика және одан тысқары жерлерде де ақпараттандыру жұмыстарымен жалғасын табуда. Мәселен, жыл басынан бері туристік әлеуетті ашып көрсетуге бағытталған әртүрлі тақырыптағы 17 семинар, тренингтер, «дөңгелек үстел» мәжілістері, жәрмеңкелер, фес-
тивальдар, экспедициялар өткізіліп, шетелдік және қазақстандық туроператорлар, инвесторлар, БАҚ өкілдері үшін 3 ақпараттық-жарнамалық тур ұйымдастырылды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Данияр ИДИЯТОВ,
Ақмола облыстық туризм басқармасының басшысы

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар