Көкшетаудың бір көшесі Бәйімбет батырдың атында!

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Көкшетау қаласының іргесіндегі Бірлік шағын ауданының Ботаническая көшесіне Бәйімбет батырдың есімі берілді.

Шараның негізгі мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» кіші бағдарламасын жүзеге асырудан туындайтын тарихи идеялар мен байыпты бастамаларды баянды ету. Осы қастерлі міндетті абыроймен жүзеге асыруды көздей отырып, қоғамдық сананы рухани тұрғыдан жаңғырту ата-бабамыздан аманатқа қалған қазынаны қайта саралап, ұрпақ кәдесіне жаратудан басталады.
Бәйімбет батыр – қазақтың жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күресінде елінің панасы болған шоқтығы биік бірегей батыр, талай шайқастарда қазақ қолын басқарған әскери қолбасшы. Орта жүздің Күрсары Керей руынан шыққан ол Көкшетау өңірін мекендеген.
Салтанатты шараның ашылу рәсімінде сөз алған Көкшетау қалалық мәслихатының хатшысы, «Рухани жаңғыру» өңірлік кеңсесінің басшысы Еркін Исімбаев жиналғандарды қала әкімі Ермек Маржықпаевтың және қалалық мәслихаттың депутаттарының атынан бүгінгі қуанышты сәтпен құттықтай келіп, бұрынғы Ботаническая көшесіне қазақтың көрнекті батыры Бәйімбет Төбетұлының есімі берілгеніне тоқталып өтті.
– Тарихи тұлғаларды ұлықтау, осы арқылы келер ұрпақтың патриоттық сезімін ояту мақсатында жуырда ғана осы шағын ауданның Новоселов көшесіне Бапан бидің аты беріліп, дәл осындай салтанатты жиын өткен болатын. Көкшетауда екі жылдың ішінде 100-ден астам көшелер өзгертілді. Бүгін Абылай ханның сенімді батырларының бірі болған Бәйімбет Төбетұлына да сондай құрмет көрсетіліп отырғанына өте қуаныштымыз. Осының бәрі Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында жүзеге асырылған шара, – деді ол.
Одан әрі сөз сөйлеген «Бәйімбет» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, батырдың ұрпағы Ғалымжан Найманов:
– Бәйімбет бабамыздың атын ұлықтап көше беріліп жатқаны баршамыз үшін құтты болсын! Ол 1692 жылы өмірге келіп, осы өңірде өмір сүрген, Абылай ханның қолбасшыларының бірі. Оның тарихын зерттеу, іздестіру жұмыстары аясында 2010 жылы «Бәйімбет» қоғамдық бірлестігін құрдық. Бабамыздың Қожахмет Яссауи кесенесінде жерленгенін анықтап, көшеге атын беруді қолға алдық. Мораторий жарияланғандықтан, бұл бастама кешіксе де, бүгін сол мақсатымыз орындалып отырғанына шексіз ризамын. Бәйімбет батыр Абылай ханның ақ туын ұстаған 18 батырдың бірі болған деген тарихи деректер бар. Ол сонымен қатар, бек атанып, Атығай, Бәйімбет елін басқарған, елші болып, Ресей патшасының алдына Абылай ханның тапсырмасымен барған адам, – деп атап көрсетті.
Салтанатты шарада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қайыргелді Хасенов те сөз алып, көшеге бабамыздың атын беруге атсалысқан Көкшетау қаласы әкіміне, қалалық мәслихат депутаттарына, тұрғындарға ерекше ризашылығын білдірді.
– Бүгінде Бәйімбет ауылы, Бәйімбет орта мектебі бар болса, енді міне, көшеге де Бәйімбет бабамыздың аты беріліп отыр, – деп ерекше тебіренді тоқсанға таяған абыз ақсақал.
Бәйімбет батыр көшесінің салтанатты ашылу рәсімінің көгілдір лентасын «Бәйімбет» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, батырдың ұрпағы Ғалымжан Найманов пен Ресейдің Омбы облысы, Называев ауданы, Бәйімбет ауылының имамы Қатыран Қапкенұлы қиып, шашу шашылып, салтанат соңы ән мен күйге ұласты.

Асылай Қадырқызы.
Суреттерді түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар