Ахметжан алаштың арда ұлы еді!..

Ахметжан Қазымбетов!.. Осы бір ұлық есім қазақ күресінің мақтанышындай асқақ естіліп, еңселеніп тұрады. Қазақтың қаншама қара домалақ балаларын балуандық өнерге баулып, күш атасы – Қажымұқан мен жауырыны жерге тимеген Балуан Шолақ бабаларымыздан қалған  бойтұмардай асқақ рух болып жанымызды тербейді. Алаш деген ұғымды аламан додаларда асқақтатып, жеңіс тұғырының биігіне шығарған сайын даланың сайыпқыран саңлағы – Ахметжан Қазымбетов көзі тірі болса, бүгінде сексен жастың сеңгіріне шығар еді-ау.

Қызылтудың іргесіндегі  Жарқын, қазіргі Ұялы ауылы Ахметжанның кіндік кескен жері, тал шыбықты ат қып мініп, балғын балалық шағын өткізген киелі өлкесі еді. Сол ауылдың боз кілемі де – көк майсаға оранған Жер-Ана төсі еді. Бала Ахметжан  тақыр жерді боз кілем етіп, күрестің далалық әдістеріне машықтанып өсті. Жауырыны жер қауып, шаңға көмкерілген кездері де  болған. Бірақ, әр жығылыс оны  балуандыққа шыңдады. Ал қашан Қызылту кентіндегі орта мектепке келгенде боз кілемді де алғаш көргені ұмытпастай есінде қалды.
Қызылту оны алыс асуға қанат қақтырды. Бір кездері Қызылту оның есімін әйгілеуге жол ашса, кейін Ахметжан есімі Қызылту атауымен қоса аталатын болды. «Балуандар елі» деп Қызылтудың айы оңынан туған бір шағы да осы кез еді. Содан бері Ахметжанға ұқсағысы келген қаншама өрендер түлеп ұшты осы өлкеден.
…Алматы шаһары қанатын қатайта түсті. Жаттығу үстінде әбден қалжырап, әлі таусылған бір сәтінде  Ахметжанның қасына жаттықтырушысы Александр Самсонов келіп, маңдайынан моншақтаған терін сүрткені есте. «Мына әр тамған тамшының  боз кілемдегі белдесуде жеңісті жақындататынын білесің бе?» деп қойған сауалы ұмытылмастай қаперінде қалды.
Алматының қақ төріндегі жарыстың орны бөлек. Ауылдан келгелі алғаш рет додалы жарысқа түскелі отыр. Қобалжу да бар, жеңемін деген құлшыныс та  басым.
Алғашқы белдесу басталып та кетті. Жан-жақтан жанарлардың тесіліп,  мұның аяқ алысын аңдығаны көрініп-ақ тұр. Бұған абыржып, босаңсуға еш болмайды. Ахметжан қарсыласының қарымды әрекетіне қарамастан өзі шабуылға шықты. Мұны күтпесе керек, қарсыласы Ахметжанның жамбасына түсіп, шалқалай лақтырғанда жауырынымен жер иіскегенін сезбей де қалды. Таза жеңіс!
Ақтық сында Ахметжанды бұдан мықты, бірнеше дүркін жарыс жеңімпазы күтіп тұрған еді. Ешкім жеңбеген балуанды өзі жықса, мерейі қалай үстем болатынын білді ол. Ақтық белдесуде өзін еркін ұстағаны да содан еді. Қайта мұның өз қарсыластарын таза жеңіп, жамбас әдісімен шаң қаптыратынын көрген жаңағы чемпион жігіт те қобалжып қалған. Бір-екі рет аңдаусыз аяғы шалынып, Ахметжанға ұпай ұстата салғаны да осыдан болатын.  Бірақ, оның да жай қарсылас еместігін күрес маңайында жүргендер жетік білді. Ахметжаннан жеңісті әлгінің пайдасына шешіп беріп, өздерінше пайым жасағандар өздерінің оңбай қателесетінін білген де жоқ еді.
Ұпай саны теңесіп, бір сәтте қарсыласы алға шықты. Көз қиығы жаттықтырушысына түсті.  «Жамбасқа сал» деген жаттықтырушы ишаратын  айтпай-ақ  ұқты.  Жылдам қимыл орайлы сәтті туғызып, Ахметжанның өз қарсыласын  жеңуімен тынды. Төреші балуан Ахметжан Қазымбетов жарыс жеңімпазы деп жариялады.
  Ауылдан келіп, бірден ел біріншілігін ұту таңқалатын да жағдай еді. Ол кезде қазақтың ауылында тақыр жерге күрестіретін далалық сайыстардан басқа, кәсіби шұғылдану деген атымен жоқ болатын.
Алматыдағы жоғары оқуын бітіріп, елге оралғанда спорт маңайында жүргендер осы бір талантты жігіттің бәрін тастап, кете барғанына қатты таң қалды. Қазақтың атын шығаратын дарын екенін ерте аңғарған күрес мамандары да осыны айтты. Бірақ, Ахметжан өзі өскен ортасына келгенде күрестен қол үземін деп еш ойламағанын біреу білсе, біреу білмеді. Ауылда агроном болып жүріп те, бос уақытын спортқа арнады. Өзімен-өзі жаттығып, қазақтың қазысын жеп, қымызын ішіп, күш-қайратын одан сайын шыңдай түскен еді. Тіпті, жоғары жақтан келген шаруашылық өкілдері Ахметжанның жұмыс кезінде аялы алақанымен алтын дән өсірген диқанды көрсе, жұмыс біте қалысымен спорттық жейдесін киіп, ерсілі-қарсылы жүгіріп жүрген балуанды аңғарды.
Демек, ол ауылда жүріп-ақ алыс Алматыдағы додалы жарыстарға қатысып отырды. Қатысқанда кәнігі кәсіби шебер балуан болып, жеңістің биік тұғырына көтерілді. Елордада үзбей жаттығатын балуандар оған таңдана қарағаны да содан. Ауылдан келіп, өзінің балуанға тән талантымен көптің көңілінен шықты.
Ол елдегі қызметінде де тез көтерілді. Араға бірер жыл салып, аудандық комсомол комитетінің алдымен екінші, сосын бірінші хатшысы болып жоғарылатылды. Ахметжан мемлекеттік қызметте қалса, оған бұдан да іргелі лауазымдарды атқару бақыты бұйырар еді. Бірақ, ол Алматыдан шақырту алғанда, артына қарайлап қалуды жөн көрмеді. Сөйтіп, өзінің бағын асырып, бақытын тасытатын спорттық ғұмырының жалғасқанын қалады ол.
Ал, қоғамдық жұмысқа ауысқан кезде ауылдан шыққан таланттардың  өсіп-жетілуіне  өз үлесін қосты. «Қайрат» ерікті спорт қоғамын басқарған жылдары Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, әлем және Еуропа чемпиондары Қанат Байшолақов пен Амангелді Мұсабековтер  осы қоғам атынан жарыстарға қатысып, бақтарын сынады. Мысалы, КСРО-ның спорт шебері, белгілі бапкер Амангелді Мұсабеков ел құрамасы сапында жасындай жарқылдаған балуандардың бірі еді. Ол өз естелігінде: «Кейбір артында еске алып, іздеушісі жоқ адамдардың есімі аталмай жылдан-жылға ұмытылып бара жатыр. Қазақ спортын көп жыл басқарған, еркін күрестің дамуына еңбек сіңірген Ахметжан Қазымбетов дейтін азамат болған. 1970 жылы Арменияның Иджеван қаласында өткен  бүкілодақтық жарысқа қазақ спортшыларын бастап барды. Әбілсейіт Айханов, Аманжол Бұғыбаев және мен чемпион атандық. Мен финалдық кездесуге шығып, қарсыласымды басымдылықпен жеңіп жатқан едім. Осы тұста Ахметжан аға шыдамай кілемнің ортасына жүгіріп шығып, армян жанкүйерлеріне: «Міне, көріңдер, біздің қазақтар қалай күреседі, өмір бойы естеріңде болсын, ұмытпаңдар!» деп жар салды.
Қуанышын, ішкі сезімін жасыра алмайтын адам еді. Келесі спартакиада үстінде, осындай намыс үшін айқасқан сәттердің бірінде қайран ағаның нәзік жүрегі шыдамай үзіліп кетті.
Осындай елін ойлаған азаматты ұмыт қалдырдық. Мұндай дүниелерді еске салып, жастардың рухын оятпасақ, қазақ күресіне намыс қайдан келеді» дейді ол.
Шынымен, қазақты алалаған заман еді ғой, бұл. Талай саңлақтарымыздың топшысынан қиылған тұсы да осы кез еді. Ахметжан да, кейін оның ізін басқан Әбілсейіт Айханов та, Аманжол Бұғыбаев та өз қандастарының одақтық жарыстарда әділетсіздікке ұрынғанын көріп, жүректері қан жылады. Әттең, қарсы тұрар қауқарлары болмай, іштен тынды емес пе?! Талай қазақтың бағы байланған тұста Ахметжан сияқты арыстардың жүрегі бұған қалай шыдасын. Сырт жақтағы додалы жарыстың үстінде абзал ағаның өз туған халқым деп соққан жүрегі мәңгілікке тоқтаған еді.
Қыршын қырық үш жас!..  Әттең, бұдан да ұзақ өмір сүрсе, алар асуы бұдан да биігірек болар еді-ау. Бірақ, барлығы жалғанның ісі, ешкім  оған қарсы тұра алмасы анық.  Өзіне лайықтап берген ғұмырын  қазағының хас өнеріне арнаған жанның  бұдан асқан арманы болмаған да шығар. Себебі, Ахметжан қазақтың күресін бір белеске көтерді. «Қазақтың Ахметжаны» деген ұлағат қалдырды артында ол. Дүйім бір өлке оның хас өнеріне табынып, талай саңлақ балуандарды боз кілемге шығарды.
Бақыт СМАҒҰЛ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар