Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин: «Ақмола өңірі рухани жаңғыра жасарып, дамудың даңғыл жолына түсті»

Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалин Астанадағы Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде республикалық және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өткізді. Онда өңір басшысы журналистер алдында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының бір жылдығына орай өңірде атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар жайында кеңінен тарқатып, айтып берді.
Аслан ОСПАНОВ,
«Арқа ажары»
Брифингке қатысқан бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру бағытында қолға алынған жобалар топтастырылған көрмені аралап көрді. Көрме жиналғандарға облыста атқарылып жатқан жұмыстың барысы туралы мол мағлұмат берді.
Облыс әкімі брифингте өз сөзін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласынан бастады. «Қазақстанның үшінші жаңғыруы» аясында басталған ауқымды реформалардың басты мақсаты ел тәуелсіздігін нығайту, мемлекетіміздің одан әрі дамуын қамтамасыз ету болып табылады. Шын мәнінде, көз ілеспес шапшаңдық¬пен дамып, жедел өзгеріп отырған мына дүбірлі дүниеде Елбасы айтқандай, сана-сезіміміз бен дүниетанымымызға әб¬ден сіңісті болып қалған қасаң қағидалардан арылып, рухани жағынан серпілуіміз, жаңғыруымыз қажет.
– Елбасының ұсынған басты бағытын ұстана отырып, еліміздің тарихын, бүгінін және болашағын байыппен екшеп, болашаққа бағдар ұстауға болады. Қоғамдық сананы жаңғыртудың басты элементі бәсекеге қабілеттілік және сананың ашықтығы, прагматизм, білімге ұмтылу болып табылады. Ұлттық біртектілік, мәдениет, білім сияқты ұлт жетістігінің басты факторлары революциялық емес, эволюциялық жолмен дамуы тиіс. Сондықтан, бұл құжат бүгінгі күнгі маңызды қоғамдық-саяси, мәдени-ағарту жобаларды қамтып, орасан зор серпінді істерге жол ашты. Мемлекет басшысы рухани жаңғыру және қоғамдық сананы жаңғырту бағытында күн тәртібінде тұрған мәселелерге тоқталып, басты бағдарларды белгілеп берді, – дей келе, Мәлік Мырзалин «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде жүзеге асыру барысын тілге тиек етті. Оның ішінде алдымен қазақ тілін латын алфавитіне біртіндеп көшіру мәселесінің маңыздылығына тоқталды.
– Өздеріңіз білесіздер, қазақ тілін латын алфавитіне көшіру қазір басты мәселе. Бұл инициатива жаңа заман технологиялары мен коммуникациялардың ғылым мен білімге тез енуіне байланысты, – деді облыс әкімі.
Брифингте айтылғандай латын алфавитін білім саласына енгізу үшін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінде және Жанайдар Мусин атындағы жоғары қазақ педагогикалық колледжінде арнайы жұмыс топтары құрылды. Оның құрамына лингвистер, ғалымдар кірді. Жалпы, 10 000 адам қатысқан 100-ден астам кездесулер өткізілді. Өткен ғасырдың 30-40 жылдары латын графикасымен басылған кітап және газеттердің «Exhibition for workers» көрмелері ұйымдастырылып, қоғамдық тыңдаулар, арнаулы семинарлар өткізіліп, смартфондар мен планшеттерге арналған латын графикасындағы қазақ тіліндегі клавиатуралардың жаңа жобасы таныстырылды.
Облыс әкімінің айтуына қарағанда, «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы өскелең ұрпақтың білімін жетілдіруде маңызы зор. Облыста осы тақырыпқа байланысты жиырмадан астам халықаралық ғылыми-практикалық конференциялар ұйымдастырылып, 50 мақала, 2 жинақ және 3 монография жарық көрді. Оның ішінде профессор, тарих ғылымдарының докторы Қадыржан Әбуовтың «Шоқан Уәлиханов және оның замандастары», «Губайдулла Уалиханов: жизнь и общественно-политическая деятельность» туындылары жарияланды. Сонымен қатар, аталмыш жоғары білім ордасының ғалымдарының қатысуымен «Суд биев казахской степи» тағылымды ғылыми еңбегі мен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры А.Досымбаеваның орыс тіліндегі «Тюркология. Историко-археологический аспект» монографиясы және «Жер жәннаты» энциклопедиясы жарық көрді. Бұдан басқа бірнеше очерктер мен әдеби кітаптар шығару жоспарлануда. Оның ішінде ең маңыздысы Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллиннің өмір жолы мен еңбегі туралы 11 томдық шығармалар жинағы басылып шығарылатын болады.
Бұдан әрі облыс әкімі Мәлік Мырзалин «Туған жер» жобасы шеңберінде жергілікті авторлар мен өлкетанушылардың кітаптарын шығару азаматтар мен жастарды патриоттық рухта, отансүйгіштікке тәрбиелеу болып табылатындығына тоқталды.
– Бұл бағытта облыста көптеген өлкетану жұмыстары ұйымдастырылды. Елбасы «Ұлттық мәдениет болмай, ешқандай рухани жаңғыру болуы мүмкін емес» деп атап өткен болатын. Шынымен де Ақмола облысы – сал-серілердің елі болып саналады. Облыста Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай және де басқа тұлғалардың шығармалары халықтың дүниетанымын байытып, ұлттық құндылықтар деңгейіне айналды. Қазір облыста аймақтың әйгілі тұлғаларын одан әрі насихаттау үшін көптеген жұмыстар жүргізілуде, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жалпы, былтырғы жыл ақмолалықтар үшін жағымды жаңалықтарымен есте қалды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Еңбекшілдер ауданына Біржан сал, облыстық филармонияға Үкілі Ыбырай және Көкшетау қаласындағы ұлттық спорт түрлері бойынша балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебіне Балуан Шолақтың есімдері берілуі рухани жаңғырудың алғашқы нәтижесі деуге болады. Бұл шаралар жас ұрпақты тәрбиелеу және қоғамдағы рухани бірлікті одан әрі нығайтуға мүмкіндік беретіні сөзсіз. Оған қоса, жазда Бурабай баурайында өткізілетін «Біржан мен Сара» операсының қойылымы да жұртшылықтың көңілінен шығатыны сөзсіз. Өңірдің және еліміздің дамуына үлкен үлес қосқан ақын-жазушылар мен танымал тұлғалар туралы электронды «Тұлға», «Ұлы есімдер – ұрпақ жадында» мәдени-ағарту жобалары іске асырылуда.
Облыста көне тарих пен бүгінгі күнді бейнелейтін музей жұмыстарына үлкен мән беріледі. Мысалы, Бурабайдағы жөндеуден өткен тарихи музей жақын күндері ашылады. Тұңғыш Президент кітапханасының көмегімен облыстық тарихи-өлкетану музейін де қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды.
Сонымен қатар, өңірде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде бірқатар істердің қолға алынып, нәтиже беріп жатқандығы журналистерге дәйекті мысалдармен түсіндірілді. Мәселен, білім, денсаулық, мәдениет, спорт және коммуналдық шаруашылық саласы бойынша құны 5,2 миллиард теңгені құрайтын 59 әлеуметтік жоба жүзеге асырылған. Нақтырақ айтсақ, 12 жаңа әлеуметтік нысан салынды. Оның ішінде Целиноград ауданында 2 мектеп пайдалануға берілді. Ағымдағы жылы тағы 2 мектеп пен 280 орындық балабақша салынатын болады. Есіл ауданындағы «Ново-Приречный» серіктестігі өз қаражаты есебінен 270 миллион теңге қаржыға 160 үйге газ құбырын тартып берді. Оған қоса, ауыл көшесін жөндеп, серіктестік жұмысшыларына екі үй салды. Бұл бағытта айта берсе, тындырылған әлі де тындырылатын шаруалар жетерлік. Мұның барлығын жергілікті меценаттардың туған жерге деген сүйіспеншілігі деп түсінуге болады.
Бұдан кейін облыс әкімі Елбасының бастамасымен қолға алынған «Қазақстанның қасиетті рухани құндылықтары» жобасы бойынша Ақмола өңірі аумағындағы тарихи ескерткіштер мен киелі орындар жайлы жан-жақты тарқатып айтып берді. Еліміздің киелі орындарының географиясын жасау мәселесіне арнап облысымызда бірнеше мәжіліс өткізілгендігін және осы бағытта айтарлықтай жұмыстар атқарылғандығын айта келе, еліміздің киелі орындары картасына енген 100 тарихи ескерткіштің 10-ы Ақмола облысының аумағында екендігіне тоқталды. Бұл ескерткіштердің қатарында Ерейментау ауданының аумағында орналасқан Құмай ескерткіштер кешені, Бытығай кесенесі, Бурабай ауданындағы Абылай хан алаңы мен кешенге кіретін тарихи орындар, аңыз әңгімелерге негіз болған Оқжетпес шыңы, Целиноград ауданындағы Қабанбай батыр кесенесі, Жақсы ауданының аумағындағы Баубек батыр мазары бар. Олардың барлығында бүгінде QR-кодтар орнатылған. Бұл жаңашылдық нысан туралы ақпаратты жедел алуға мүмкіндік береді. Киелі жерлер қатарына алынған нысандар мен орындарды кеңінен таныстыру жұмыстары жалғасын таппақшы.
Брифингте облыс басшысы өңірдің теңдессіз ерекшелігін ескере келе, экологиялық және бұқаралық туризмді дамыту киелі нысандарға апаратын 8 туристік бағыт ашылғанын атап өтті. Қорғалжын ауданында республикадағы алғашқы орнитологиялық орталық ашылды. Жыл сайын дәстүр бойынша Бурабайда «Қансонар» құсбегілердің жарысы өткізіліп тұрады. Ботай мәдениетін насихаттау мақсатында Бурабай ауданы аумағында ашық аспан астында «Ботай» визит орталығы» археологиялық-этнографиялық кешені салынуда.
– Дəл осы жерлерде ат-көліктік коммуникация дəуірі қалыптасып, далалық өркениет бастау алған. Мұның барлығы көне Ботай мəдениетімен байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің бағдарламалық мақаласында жаһандық экономикалық процестерді алға қойып, рухани құндылықтарды ұмытып кететінімізге ерекше назар аударған болатын. Сол себепті, біздің жобамыздың басты мақсаты да осы дүние жүзіне еліміздің тарихын паш ету, – деді Мәлік Мырзалин.
Сонымен қатар, брифингте журналистерге Ақмола облысының мәдениет саласына атқарылып жатқан жұмыстар мен «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген ақмолалықтардың жетістіктері де айтылды.
Брифингте қатысушылар астаналық облыстың «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асырудағы игі істерді жылы қабылдап, облыс әкімінің сөзін ұйып тыңдап, көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тікелей облыс басшысының өз аузынан тұшымды жауап алды.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *