Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің құттықтауы

Құрметті ақмолалықтар!
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні – мемлекеттік мерекесімен шын жүректен жолдаған құттықтауымды қабыл алыңыздар!
Тәуелсіздік таңы арай шашқанда, сол бір тарихи күндері Қазақстан халқы тұңғыш рет мемлекет басшысын сайлап алып, өздерінің тағдырын, еліміздің тағдырын сеніп тапсырды.
Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен бағалы бастамалар, кең ауқымды реформалар толассыз жүзеге асырылып, мемлекетіміздің экономикасы жаңа сипатпен қарқынды дами бастады. Біздің Президентіміздің көреген саясатының арқасында Қазақстан Орталық Азия өңірінде, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығында және халықаралық аренада алдыңғы қатарға шықты. Ұлтаралық бірлік пен ұлыстар арасындағы ынтымақтастықтың қазақстандық нұсқасы әлемнің көптеген елдеріне үлгі бола алады.
Бүгінгі күні «Қазақстан-2050» Стратегиясы бағытында біз еліміздің үшінші жаңғыруын жүзеге асыра отырып, ауқымды бәсекелестіктің нәтижесінде әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына қосылуға ұмтылудамыз. Қазақстанның экономикалық және саяси жаңғыруын жүзеге асыруда «Рухани жаңғыру» Елбасы бағдарламасының жалпы мемлекеттік мәні өте зор. Халықтың рухани құндылықтарын сақтап, молайту жарқын болашақтың кепілі.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев нақты әрі қолжетімді мақсаттар қоя отырып, өзінің стратегиялық таланты мен көшбасшылық көрегендігін тағы да айқын аңғартып отыр.
Ақмола облысының тұрғындары мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына лайықты үлес қосатындығына кәміл сенемін.
Құрметті жерлестер! Сіздерге шын жүректен мықты денсаулық, отбасына береке, бейбітшілік пен жақсылық тілеймін.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *