Ақмола облысының әкімі Мәлік Мырзалиннің Тәуелсіздік күнімен құттықтауы

Құрметті ақмолалықтар!
Баршаңызды Ұлттық ұлық мерекеміз – Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!
Өткен тәуелсіздік жылдарында еліміз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен осы заманғы қарқынды дамыған іргелі елге айналды. Қазіргі уақытта біз болашаққа батыл қадам басып, Елбасымыз алға қойған әлемнің бәсекелестікке қабілетті отыз мемлекетінің қатарынан көріну жөніндегі ауқымды міндетті орындауға жұмыла кірісіп, дамудың айқын жолына түстік.
Қазақ елінің тәуелсіздік тарихын айтқанда оны алдағы жылы 20 жылдық мерейтойын атап өткелі отырған Астанамыздан бөліп қарауға болмайды. Бүгінде әлемдегі сәулетті де сұлу шаһарлардың санатына енген Елордамыздың бас сәулетшісі Ұлт Көшбасшысы болғанын атап өткен артық болмас. Астана аса қысқа мерзім ішінде ертегінің қаласындай және еліміздің жедел дамуының бейнесі іспетті тез бой көтерді.
Өткен кезеңде еліміз халықаралық саясатта елеулі рөл атқарып, әлемнің саяси картасынан лайықты орын алды. Биылғы жылы Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып еліміздің дамуына тың серпін берген халықаралық EXPO-2017 көрмесін өткізді.
Бүгінгі ұрпақтың басты міндеті – тәуелсіз елімізді сақтап, дамыту және қол жеткен жетістіктерімізді онан әрі еселеу, ұлтаралық және дінаралық татулықты сақтау десек, бұл бағытта табыстарымыз аз емес.
Қадірлі жерлестерім! Баршаңызды бүгінгі еліміз үшін айтулы мерекемен шын жүректен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, отбастарыңызға бақыт, еңбектеріңізге табыс тілеймін! Отанымыздың гүлденуі жолындағы еңбегіміз жанып, тәуелсіз Қазақстанымыз мәңгі жасай берсін!

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *