Ақыл-ой кемістігін емдеу мен алдын алудың маңызы

Ақыл-ой кемістігі дегеніміз адам психикасының тоқтатылған немесе жеткіліксіз даму жағдайы. Ол бірінші кезекте өсіп жетілу кезеңінде пайда болатын және жалпы интеллектуалдық деңгейді, яғни, когнитивтік, сөйлеу, қозғалыс және әлеуметтік мүмкіндіктерін қамтамасыз ететін қабілеттердің бұзылуымен сипатталады. Ақыл-ойдың кемдігі кез келген психикалық және соматикалық бұзылыстар немесе бұл аталғансыздар-ақ та дамуы мүмкін.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының деректеріне сүйенсек, ақыл-ой кемістігіне ұшыраған балалар саны шамамен алғанда жалпы санның 1-5 пайызын құрайды, оның ішінде әсіресе, ер балалар басым. Мұндай кемістікке тап болудың себептеріне ішімдік ішу, темекі шегу секілді зиянды әдеттер, жүкті әйел мен баланың әртүрлі жұқпалы аурулары, босану кезіндегі жарақаттар, түрлі эндокрин бұзылыстары, генетикалық факторлар (Даун синдромы) және тағы басқалары жатады. Ақыл-ой кемістігі психиканың дамымау деңгейіне қарай идиотия, жарыместік және қауқарсыздық деп бөлінеді. Олардың арасында нақты шек жоқ, тек аралық жағдай ғана бар.
Идиотия – сөйлеу мен ойлау қабілеттері мүлдем болмайтын ақыл-ой кемістігінің ең ауыр формасы. Мұндай науқастарда қарапайым тітіркендіргіштерге деген реакция болмайды. Жиі шайнай білмейді және тамақты шайнамаған күйі жұта салуы мүмкін, кейбіреулері тек сұйық тағаммен ғана тамақтануы мүмкін. Бұл науқастар туған-туыстарын бөгде адамдардан ажырата алмайды. Мәнсіз долылық пен агрессивті ашулану белгілері пайда болады, мұндайда олар өзін-өзі тістейді, тырнайды, соққы жасайды, көбіне зиянды өздеріне бағыттайды. Осындай науқастар тұрақты күтім мен бақылауды қажет етеді.
Жарыместік – ақыл-ой кемістігінің орташа деңгейі. Бұл деңгей науқастарының сөйлеу тілі идиотия формасындағы науқастарға қарағанда анағұрлым дамыған, алайда оларды оқыту мүмкін емес, еңбекке қабілетсіз, оларға тек өзіне-өзі қызмет көрсетудің қарапайым түрлері ғана белгілі. Олар сөйлеген кезде сақауланып сөйлейді, сөздерді бір-біріне қосып айта алмайды. Жеңіл сөздерді айта алуы мүмкін. Науқастар өзіне-өзі қызмет көрсету дағдыларын үйрене алады. Олардың сезім эмоциялары нашар және біркелкі, тұрақты бақылау мен күтімге мұқтаж.
Қауқарсыздық – ақыл-ой кемістігінің жеңіл деңгейі. Бұл топтағы науқастар үйренуге қабілетті, жеңіл еңбек процестерін меңгере алады. Жарыместік деңгейдегі науқастарға қарағанда сөйлеу тілі едәуір дамыған. Мінез-құлық тәртібіне келетін болсақ, салмақтырақ және өздігінен өмір сүре алады. Аталған деңгейдің науқастарында абстрактілі ойлау қабілеті әлсіз болады. Қарапайым дерексіз қорытындылаудан күрделірек ой тұжырымына көшу олар үшін қиын. Мұндай науқас балалар мектепте оқи алады, соның өзінде баяулық пен енжарлық, бастамашылық пен дербестік сезімдерінің жоқтығы байқалады. Қауқарсыздық деңгейінде эмоциялар, ерік-жігер және тұлғаның басқа да қасиеттері анағұрлым дамыған. Бұған қарамастан бұл деңгейдің науқастары өмірге бейімделе алады.
Науқастарды емдеуді симптоматикалық және спецификалық деп бөлуге болады. Құрысқақ синдромында эпилепсияға қарсы дәрілерді жүйелі қабылдау тағайындалады. Емдеу жұмысы неғұрлым ертерек басталса, соғұрлым тиімдірек болады. Түзету емдеу-педагогикалық шараларының ақыл-ойы кем балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған мекемелерде жүзеге асырылуының үлкен маңызы бар.
Осындай ақыл-ой кемістігі бар балаларды оңалту жұмысына емдеу, үйрету және алдын алу, әлеуметтік көмекті ұйымдастыру, еңбекке баулу секілді әрекеттер кіреді. Денсаулық сақтау мекемелерімен қатар, бұл жұмысқа білім беру және әлеуметтік қамтамасыз ету салаларының белгілі бір бөлімдері қатысады.

Алтын ТЕМЕШОВА,
Ақмола облыстық
психиатриялық ауруханасының
аға мейірбикесі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *