Ақын Нұрғожа – ел жүрегінде

Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада танымал қаламгер, ақын-журналист Нұрғожа Ораздың өмірі мен шығармашылығына арналған «Астана – Ұлы Дала жүрегісің» атты еске алу кеші өтті. Бұл бас қосу ақынның өзі өлең оқып тұрған бейнетаспаны тамашалаудан басталды.

Белгілі қаламгерлер, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері Н.Нарымбайұлының азаматтық ұстанымы, өмірі мен шығармашылығында қол жеткізген табыстары және Астана қаласын дамытудағы сіңірген еңбегі турасында ойларын ортаға салды.
«Өзім жазушы, ақындарды ең бақытты жандар деп санаймын. Өйткені, олардың туындылары өлмейді. Көзінің тірісінде құрметке бөленеді, дүниеден озған соң да, елі есіне алады. Жазған шығармалары құнды болса, халыққа сөзі жетіп жатса, сол бақыт қой. Нұрғожа да сондай бақытты жанның бірі деп есептеймін», – деді жазушы Әкім Тарази.
Н.Ораздың шығармашылығын терең зерттеген ғалым, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов: «Нұрғожа ақын, журналист қана емес, ол әнші әрі актер еді. Абайдың әндерін шырқайтын. Дауысы да ғажап қой. Қазақ даласының таңдағы тамылжыған әуенін бойына дарытқан. Өнердің сыры мен құпиясын терең ұғынған жан. Нұрағаның жазушылық қыры да әлі зерттелмей жатыр. Оның «Қаракүйік» романы – романдардың шолпаны! Ол – Қостанай облысы Сарыкөл ауданы тұрғындарының 1900 жылдары Столыпин реакциясынан кейінгі қазақ халқының бастан кешкен трагедиясы! Романды оқығанда келімсектердің орманды, қамысты, қопаны өртеп жатқан дүрбелеңді көресің, мал-жанның отқа шырқыраған даусын естисің. Шыңғырған құлындар, зар қаққан қозылар… Роман осындай көріністерді көз алдымызға әкеледі. Бұл шығарма қазақ оқырманына әлі кең танылған жоқ. Нұраға тарихты терең білді, өйткені, Мұхтар Әуезовтың шәкірті. Осы орайда, Нұрғожа Нарынбайұлының «Талқандалған тарихат» атты еңбегі бар. Онда сақ, ғұн дәуірі, қыпшақтар, оғыздар заманы, Шыңғысхан билеген және Алтын Орда кезеңі қамтылған. Қазақ тарихы түгел баяндалған», – деп ақынның бірнеше қырын ашып берді.
Серік Негимов өз сөзінде Н.Ораздың ұстаздық қыры да бір бөлек екенін айтты. «Нұраға Ауыл шаруашылығы институтында және Целиноград педагогика институтында қазақ әдебиеті жөнінде, көшпелілер өркениеті туралы және балалар әдебиеті жайлы арнаулы курстар жүргізген. 1990 жылдан бастап осы аймаққа тарайтын «Сарыарқа» журналын шығарып тұрды. «Сарыарқаның» әр нөмірі – эпопея. Ол – қазақтың тарихы, мәдениеті, өнері, кәсібі. Журналда батырлар, қолбасшылар, жыршы-жыраулар туралы тың деректер жарияланды. Оның бұл өңірге және елімізге сіңірген еңбегі зор. Сондықтан Астана қаласында Нұрғожа Нарынбайұлы атында мектеп те, колледж де, көше де, асқақтаған ескерткіш те болуы керек деп ойлаймын»,– деп өз ұсынысын алға тартты.
Келесі кезекте сөз алған жазушы Қойшығара Салғараұлы: «Екеуміз тарих жөнінде көп әңгімелесетін едік. Біз тарихты тәуелсіздікке дейін тарихи-әлеуметтік жағдайлар арқылы көрсетіп келдік. Ал, Нұрағаң тарихты адам арқылы, адамның жан дүниесіндегі өзгерістер арқылы көрсетуге тырысты. Оның артында өшпейтін мұрасы қалды»,– деді.
Нұрғожа Ораз 1963 жылы Қостанайдан Целиноград қаласына қоныс аударған. Содан бастап Ақмола қаласының интеллектуалдық мәдениетіне, осы өңірдің рухани өрлеуіне ерекше үлес қосты. Сол кездегі қыспаққа, қиындықа қарамай, жеті дүркін ақындар айтысын ұйымдастырған еді.
Қоғам қайраткері Оразгүл АСАНҒАЗЫ өз сөзін жастарға арнады, өскелең ұрпақ Нұрғожа ағаның өмір жолынан үлгі алуы қажет екенін айта келіп: «Осы қала Целиноград болып тұрған кезінде бірде-бір көшесі қазақша аталмаған. 1963 жылы Қостанайдан Жаратқан иеміз Целиноградтың болашақта елорда болатынын біліп, осы қалаға Нұрғожа ағаны алып келген-ау деп ойлаймын. Осы жерде Алдан Смайыл сияқты інілерін бастап, ел мен жер үшін күрес жүргізді. Ол өршіл өлеңдерімен халықтың рухын оята білді. Ал, елорда көшіп келген соң, Астана әкімдігі өткізген бірде-бір шарадан қалған емес. Ол түнде өлеңін жазып, күндіз қайраткерлік іспен айналысты. Жас-
тар, сіздер, рухымыз биік болсын десеңіздер, міне, осындай азаматтан үлгі алуларыңыз керек»,– деп ой толғады.
Одан кейін сөз алған жазушы Төлен ӘБДІК: «Нұрекеңнің бойында адамдарға деген жанашырлық, кеңпейілдік танытып тұратын жақсы бір аура болатын. Мен оны төңірегіне жақсылықтың нұрын шашып отыратын адам ретінде көрдім. Оның көзқарасынан-ақ саған деген ізгі тілегі мен ықыласы көрініп тұратын»,– деп адами асыл қасиеттеріне тоқталды.
«Егемен Қазақстан» газеті АҚ президенті Дархан ҚЫДЫРӘЛІ: «Нұрғожа ағаны алғаш көрген кезде, Әлкей Марғұланды көргендей әсерде болдым. Аппақ күмістей селдір шаштары бар. Әңгіме, сұхбат құрғаны да есімде. Тарихтан сыр шерткенде, бағзы заманнан шыққан билердің даусын естігендей болдық. Шешендігі, ақындығы, ең бас-
ты қасиеті ұлтжандылығы деп білемін. Тыңдаған адамын баурап алады»,– деп еске алды.
Ақын Серік ТҰРҒЫНБЕК: «Ол менің өлеңге келудегі ұстазым болды. Мен 17 жасымда болған кезімнен бастап ағаның маған жазған хаттары сақтаулы тұр. Шыққан биігім болса, соған Нұрғожа ағамның әсері болғанын айтар едім. Ол Тың өлкесі кезінде тіл үшін айқасқа шыққан адам. Нұрағамдай батыл айту кез келген пенденің қолынан келе бермейді. Ол Сарыарқаның сардары бола білді», – деді.
1970 жылдары Н.Ораз Қазақстан Жазушылар одағының Сарыарқа өңіріндегі облысаралық бөлімшесіне жетекшілік етіп тұрған кезінде Целиноград қаласында да Алматыдағы сияқты қазақтың зиялылар қауымын қалыптастыруды армандаған екен. Сөз сөйлеушілер сол арманы бүгінгі таңда орындалғанын атап өтті.
Осы кеште Өнер университетінің студенттері ақынның жырын мәнерлеп оқыды. Жас әншілер Н.Ораздың сөзіне жазылған әндерді орындады. Ақынның «Замана толғауы» атты дастаны терме түрінде шырқалды.
Бұл кештің және бір ерекшелігі – Ұлттық академиялық кітапхананың үшінші қабатында «Астана залының» ашылуы. Кең залға Нұрғожа Ораздың үйінде тұрған жеке кітапханасы жиһазымен бірге түгелдей көшіріліп әкелінген. Ақынның отбасы осындай шешімге келіп, 3500 кітапты рухани қазынаның орталығына табыс етіп отыр. Кітапхана директоры Үмітхан Мұңалбаева қаламгердің зайыбы Айман Қожахметқызына ризашылығын білдіріп, қазақы дәстүрмен иығына орамал жапты. Ақынның туған жері Қостанай облысының Сарыкөл ауданынан келген Солдат Дүтпаев жерлес қаламгер ағасын ерекше құрмет тұтатынын еске ала келіп, кітапханаға Қостанай өңірі туралы сыр шертетін жинақтарды табыс етті.
Мен – қазақ, көк түріктен жаратылған,
Намысты бойға құйып ала туған.
Бүгінде барша әлемге даңқым кетті,
Танылып тектілігім, дана тұлғам!–
деп жырлаған Нұрғожа Ораз халқына мол мұра қалдырған қаламгер.
Еске сала кетсек, Нұрғожа Ораз 1932 жылы 20 қазанда Қостанай облысының Сарыкөл ауданында дүниеге келген, ал, 2016 жылы 20 ақпан күні Астана қаласында 84 жасқа қараған шағында дүние салды.
А.САМИҒОЛЛАҰЛЫ.
АСТАНА.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *