Ақындар Алаш қозғалысын жырлады

Алаш қозғалысына 100 жыл толуына орай, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен Көкшетаудағы «Достар» мәдениет сарайында «Алаш мұраты – тәуелсіз Қазақ елі» атты облыстық ақындар мүшәйрасы болып өтті.

Жыр додасына қатысуға жиырмаға жуық үміткер өтініш білдірген екен. Алайда, қазылар алқасының ұйғарымы бойынша тақырыпқа сай, мәнді де мағыналы өлеңдер ғана жыр мүшәйрасының ақтық сынына ілікті. Сайыс қазақ және орыс тілінде жазатын ақындар арасында өткізілді. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің төртінші курс студенті Күләш Нысанбектің «Бөрі» атты жырымен ашылған ақындар мүшәйрасында республикаға танымал ақын Алмас Темірбай, сондай-ақ, көкшетаулық ақын Мұхамед Қонқаев, аудандардан келген жас ақындар – ақкөлдік Серік Нұрболат, сандықтаулық Юлия Пешкова, бұландылық Тілек Серікұлы, жарқайыңдық Айбек Сілеухадыр сынды басқа да онға жуық үміткер өлеңдерін оқыды. Олардың өнерлеріне Мәлік Ғабдуллин музейінің директоры, белгілі ақын Құдайберлі Мырзабек бастаған қазылар алқасы баға берді. Осы орайда, Алмас Темірбайдың «Оянба, қазақ…» атты өлеңін қазылар алқасының мүшелері мағынасы жағынан да, мүшәйра тақырыбына сай келуі жағынан да жылы қабылдап, бірінші орынға лайық деп тапты. Ақынға облыстық тілдерді дамыту басқармасының атынан диплом мен бағалы сыйлық табыс етілді.
Ақкөл ауданындағы Кирдищев орта мектеп-бақшасының химия пәнінің мұғалімі Сағыныш Тілек тәуелсіздіктің қадір-қасиетін әдемі де мағыналы өлеңмен жеткізе білгені үшін жүлделі екінші орынды иеленсе, үшінші орын мүшәйраға Алаш қозғалысының көрнекті қайраткері жерлесіміз Айдархан Тұрлыбаевтың атынан жазылған «Соңғы ой» өлеңін алып келген жас ақын Мұхамед Қоңқаевтың қанжығасына байланды.
Жеңімпаздарды марапаттау кезінде сөз алған облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Алпыс Бекенов барлық қатысушыларға алғысын айтса, қалалық «Көкшетау» газетінің бас редакторы, ақын Серік Жетпісқалиев осы жыр додасында бірінші орынға ие болған ақын Алмас Темірбайдың «Оянба, қазақ…» өлеңіне қатысты өзінің жылы лебізін білдірді.
«Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» деп, қазақтың бас ақыны Абай атамыз айтпақшы, бұл жыр мүшәйрасы болғаннан кейін әр үміткердің өздерінің шама-шарқынша дайындалып келгені көрініп тұрды. Алайда, олардың бәрі бірдей «Алаш мұраты – тәуелсіз Қазақ елі» атты тақырыпты аша алмады. Марапаттау кезінде осылай деп сөз алған қазылар алқасының төрағасы Құдайберлі Мырзабек жас ақындарды бос ұраншылдыққа салынбай, ұйқас қумай, сезімге, мөлдірлікке толы әдемі өлең жазуға шақырды. Өлең құралғанда емес, туғанда ғана әдемі өлең бола алады. Міне, осындай пікірлер айтылған, Алаш қозғалысы жырға қосылған мүшәйра естелік суретке түсумен өз мәресіне жетті.

Венера Талғатқызы.
Суретті түсірген Берік ЕСКЕНОВ.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *