Ақиқатқа айналған нақыл

Аудан әкімі  Ермек Нұғыманов аға буын өкілдерімен жүздесті. Игі шара жағымды рәсімнен бас-талды. Ақмола облысы әкімінің хаттамалық шешімі негізінде, аудандық мәслихат сессиясының қолдауымен жетім балалардың баспана мәселесін шешуге қаржы бөлінген болатын.

Көпшіліктің қошеметімен Салават Зарипова, Саят Әрилин, Асқар Сматов, Арман Жұмашев, Арнольд Боргард, Сафроновтардың отбасына тұрғын үйдің кілті тапсырылды. Кілт тапсыру құрметіне ардагерлер ие болды. Жаңа баспана иелері шат-шадыман күйде риясыз сезімге толы алғыстарын жаудырды. Солардың бірі Арман Жұмашев «ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандарды қуантқан осы жақсылықтарыңыз бен жанашырлықтарыңыз үшін алғысымды білдіремін», – деді.
Аудан басшысы өз сөзінде аға буын өкілдеріне өңірдің алдағы кезеңге межелеген міндеттері мен даму болашағы жайында баяндады. Экономиканың түрлі салаларындағы көрсеткіштерге, халықтың әлеуметтік жағдайына қысқаша шолу жасады. Жергілікті бюджеттің кіріс және шығыс тармақтарының орындалуы да әңгіме өзегіне айналды. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші жаман емес. Соның ішіндегі бюджет игерілімі – 99,8 пайыз, бұл облыстағы үздік көрсеткіштердің бірі. Қазіргі таңда халықты өнімді жұмыспен қамтуға, жаппай кәсіпкерлікті дамытуға арналған бағдарламаны орындау негізінде ауқымды жұмыс жүргізілуде. Ардагерлер тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығына, айналаны көріктендіруге қатысты сауалдар қойды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Төлеген Әбдин де мінберден жылы лебізін арнады. Ол барлық қонақтарға алғыс айтумен қатар, құрылғанына биыл 30 жыл толатын ардагерлер ұйымының жұмысымен таныстырды.
Ұйымның бастапқы қалыптасу жолы, ардагерлер мен зейнеткерлердің басын қосып, біріктіру жеңіл тиген жоқ. Әйтсе де, барлық қиындықтар еңсеріле білді. Жер-жерде ардагерлер қозғалысын ұйымдық тұрғыда нығайтуға бағытталған жұмыс одан әрі жалғасып келеді. Дәрігерлік көмекті жақсартуға, қызмет құнын арзандатуға ден қойылуда. Жастардың патриоттық тәрбиесі аясында билікпен, қоғамдық ұйымдармен әріптестік те нығаюда. Осы жолғы жиында аға буын өкілдерінің өзекті мәселесін бірлесе талқылап, шешу мақсатында ардагерлермен тоқсан сайын бір мәрте осындай  кездесу өткізіп тұру ұйғарылды.
Людмила МАРКОВА.

Ерейментау ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар