Ақмол жеріндегі сергектік мерекесі

Спорт күні қарсаңында Целиноград ауданының орталығы Ақмол ауылында ХХҮІІІ облыстық «Ақ бидай» жазғы спартакиадасы салтанатты жағдайда ашылып, облыс әкімі Сергей Кулагин қатысушыларды осы денсаулық және сергектік мерекесімен құттықтады.

  Шайдай ашық бұл күн ақмолдықтарға үлкен көңіл-күй мен қуаныш сыйлады. Спартакиадаға арналып жаңадан салынған стадион да көздің жауын алып, жергілікті тұрғындар мен қонақтардың ойынан шықты. Жасанды шөп төселген футбол алаңы, арнайы жүгіру жолдары мен жанкүйерлерге арналған трибунаның жайлылығы енді осы стадионды күтіп ұстап, салауатты өмір салтын орнықтыру үшін тиімді пайдалану қажеттігін ұқтырып тұрғандай.
Облыстың 17 ауданы мен Көкшетау, Степногорск қалаларынан келген спортшылар салтанатты сап түзеген алаңда ән шырқалып, би  биленіп, түрлі сахналық көріністер көрсетілді. Спортшылар мен жанкүйерлерді құттықтап, сөз сөйлеген облыс әкімі Сергей Кулагин ауданда биыл су тасқыны орын алып, біраз қиыншылықтардың туындап отырғандығын еске салды. Сол себептен, аудан халқының көңілін көтеру үшін кезекті жазғы спартакиаданы өткізу құқы осы ақмолдықтарға берілді. Бұған аудан қапысыз дайындала білді. Бүгінгі үлкен мереке соның айғағы. Осыны айта келіп, облыс әкімі:
–Елімізде қабылданған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы Ақмола, Көкше өңірлері халқының да дене тәрбиесімен белсене айналысуларына мол мүмкіндік туғызып отыр. Жыл сайын өңірімізде жаңа спорт нысандары іске қосылуда. Елбасының «100 нақты қадам» ұлт жоспарында да халық денсаулығына зор көңіл бөлінген. Біздің міндетіміз – мемлекет туғызып отырған осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, спорт пен сергектікті жанымызға берік серік ету, – деп атап көрсетті және барлық спорт ардагерлері, спортшылар мен төрешілерді және жанкүйерлерді спартакиаданың ашылуымен құттықтап, игі жетістіктер тіледі. Сондай-ақ, халықаралық, республикалық жарыстарда көзге түсіп жүрген спорт саңлақтары мен олардың жаттықтырушыларына Алғыс хаттары мен арнайы сыйлықтар тапсырылып, жарыс алауы жағылды.
Салтанатты шарада Астана парашют спорты клубының мүшелері өнер көрсетіп, барша жиналғандарды аспаннан парашютпен футбол алаңына дәл түсулерімен ерекше әсерге бөледі. Шынайы спорт мерекесіне айналған спартакиада екі күнге созылмақшы. Оның қорытындылары туралы газетіміздің келесі санында қосымша хабарлайтын боламыз.
«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар