Ақ ниет, шат көңілмен

Облыстық ішкі саясат басқармасының ұйымдастыруымен Көкшетау қаласының құрметті азаматтары, соғыс және еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдардың, этно-мәдени бірлестіктердің, саяси партиялардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері жүздескен мазмұнды, жарқын рәуіштегі жаңа жыл кеші өткізілді. 

Жаңа жыл қашанда үлбіреген үмітке, асқақ арманға толы. Ілкі заманнан бері кез-келген адамның алдағы жаңа жылдан көңіл тоғайтарлық жақсылық тосатындығы белгілі. Бұл жолы да салтанатты кешке жиналған зиялы қауымның жыл алмасар сәттегі мереке тұсында масайраған көңіл-күйі айшықталып, аңғарылып тұрды.
Алдымен, облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов сөз сөйлеп, жаңа жылдық мерекеге жиналған қауымды құттықтады. Ол өз сөзінде алдымен, өтіп бара жатқан жылдың беделді белестеріне, айшықты оқиғаларына, тұтас еліміздің және облысымыздың толымды табыстарына тоқталды. Шешеннің аузына іліккені – ең алдымен, барша қазақстандықтардың жадында жатталып қалатын жарқын мереке ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы. Облыс әкімінің орынбасары облыстың барша жұртшылығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқандығын, жиырма бес жыл ішінде қол жеткізген асқаралы табыстарын жан-жақты саралап айтып берді.
Мұнан соң Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылдың 29 қараша күнгі Жарлығы бойынша «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне – 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталған Сәуле Ыбыраеваға осы наградасы табыс етілсе, тәуелсіздік құрдасы Жадыра Әубәкіроваға ел Президентінің атынан бағалы сыйлық – компьютер сыйға тартылды.
Содан соң «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, ақын Төлеген Қажыбай, облыстық азаматтық Альянстің төрайымы Ирина Терентьева, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақмола облысы бо-йынша өкіл имамы Қанат Қыдырминдер жүрекжарды лебіздерін білдіріп, жиналған жамағатқа жақсылық, елге бірлік пен береке тіледі.
Сөз арасында дәл осындай жүздесудің тұңғыш рет өткізіліп отырғандығын айта кеткен жөн. Жаңа жыл қарсаңында еңбегі еленіп, қауышқан қаламдастар да бұл бір бағалы бастама екен деп ризашылығын айтып жатты.

«Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар