Ақпарат алу мен беру жедел әрі сауатты болуы керек

Көкшетауда облыс қалалары мен аудандары әкімдерінің баспасөз хатшыларына арналып ұйымдастырылған семинар-тренингте ақпараттық белсенділікті арттыру мәселелері сөз болды.

  Аталмыш жиынға облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Гүлжанар Шөкеева, Астанадан арнайы келген қонақтар «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі бас директорының орынбасары Қаламқас Әбуова мен «Қазконтент» акционерлік қоғамының сарапшы-маманы Бейсен Макрашев қатысып,  тақырып төңірегінде өз ойларымен бөлісті.    
 «Қазір ақпарат заманы» деген сөзді жиі айтып жатамыз. Алайда, аудан әкімдерінің сайтына кіріп қарасаңыз ондағы жаңалықтардың айлап жаңартылмағанын көріп, жоғарыдағы сөзіміз жаңсақ пікір емес пе деген ойға қаламыз. Мінеки, осы олқылықтарды түзетіп, жергілікті жерлердің имиджін көтеру мақсатында аудан әкімдерінің баспасөз хатшылығы құрылған болатын. Онда жұмыс істейтін адам тұрғылықты жерінің әлеуметтік, экономикалық өсуі қандай деңгейде екендігін, қордаланып қалған өзекті мәселелерді, азаматтардың өтініштері жайлы да түгел білуге міндетті. Ол үшін, ең алдымен, сауаттылық, қызметіне деген жауапкершілік көзқарас қажет. Семинарда сөйлеген сөзінде облыс әкімінің орынбасары Нұрлан Нұркенов осы жайттарды айта келе, тұрғындармен идеологиялық жұмыс жүргізудің маңыздылығына тоқталды.
Жарқайың ауданының әкімі баспасөз хатшылығының жұмысы  жақсы жағынан атап өтілсе, Бұланды ауданы әкімінің сайтына қатысты  сын айтылды. Оның себебі, әкімнің сайтына тұрғындардан келіп-түсетін өтініштер жоқтың қасы. Бұл азаматтармен түсіндіру шаралары жүргізілмегендігін, сайттың бары туралы ешкім білмейтінін көрсетіп отыр.
«ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі бас директорының орынбасары Қаламқас Әбуованың ғаламторда қазақ тілінде жарияланған мақалалардың көп оқылмайтыны жайлы дерегі де алаңдатарлықтай. Тіліміздің болашағы бұлыңғыр болмасын десек, осы мәселені де ой елегінен өткізгеніміз жөн.  
Сондай-ақ, семинарға қатысушылар баспасөз саласындағы басты қағидалар, Facebook, Twitter секілді әлеуметтік желілерді қалай дұрыс пайдалануға болатыны жайлы да көптеген пайдалы  мағлұматтар алды. Қазіргі кезде ақпарат таратуда ғаламтор желілерінің көш бастап тұрғаны белгілі. Тек, осы мүмкіндікті дұрыс қолдана білу маңызды. Астанадан арнайы шақыртылған мамандар осы төңіректе әңгіме өрбітіп, тренингтер жүргізді. Шара соңында меймандарға естелік ретінде кітап сыйға тартылып, жиын одан әрі пікір алмасуға ұласты.

  «Арқа ажарының» өз ақпараты.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар