Ақынның сөзі өлмейді

Шал ақынның әкесі Құлеке батыр Абылай ханның жақын серігі болған. Оның өлең, жырларынан өз дәуірінің өмір көріністері айқын аңғарылады. Бұлардың бәрінде дерлік жақсылық пен жамандық, әділдік пен зұлымдық, ынсап пен тойымсыздық, ақылдылық пен аңғалдық, ізгілік пен надандық, байлық пен кедейлік тәрізді кереғар жайттар кең қамтылып сөз болады.

 

Шал ақын ел өмірінде елеулі орын алған айтыс-қағыстарға қатысып отырған. Бұлардан оның ұшқыр қиялды тапқырлығы мен от ауызды, орақ тілді алғырлығы да мол көрінеді.
Суырып салма ақындық таланты 15 жасында оны даңққа бөлесе керек. Оның шығармашылық таланты бүкіл Сарыарқаға кеңінен жайылды. Ақын адамгершілік үшін күресіп, қоғамдағы әділетсіздіктерді шындық тұрғысынан айтып, сынады. Оның «Шал мен дегдар қыз», «Шал мен Күлтімжан қыз», «Жігіт пен шал», «Шал мен кемпір» тәрізді шағын айтыстары мен «Ата-ананың қадірін», «Жігіт туралы», «Жігіттің өзін білем дегені», «Әйел сыны», «Қыздар туралы» және басқа өлеңдері сақталған. Бір өкініштісі, Шал ақынның көптеген шығармалары, соның ішінде тарихи аңыздар мен деректерге бай қазақ халқының шығу тегі жөніндегі эпикалық шығармасы сақталмаған. Ақынның белгілі өлеңдері 20 ғасырдың 60-жылдарынан бас-
тап баспа бетінде жарық көрді, жекелеген шығармалары орыс тіліне аударылды.
Шал ақын қазақ халқының аса бір ерекше құндылығы – перзентті де сөз етіп, жырлайды, табиғат құбылыстарымен салыстырады: жер-боз, қой-қозы, ағаш-жапырақ, құс-жұмыртқа, тау-бұлақ, ешкі-лақ, көл жағасы жасыл құрақ. Бұл табиғаттағы келісімділік адам өмірінде де болу керек екенін айтып, өзінің перзентсіз болғанын зарлы түрде жырлайды:
Бір жаратқан пендеңмін,
Перзент үшін жылаттың.
Балалы арқар маңырайды,
Баласыз арқар зарлайды.
Балалыны көргенде
Екі көзім жайнайды,
Ішім оттай қайнайды!
Тағы бір өлеңінде айтқаны: босағасын алтыннан соқсаң дағы перзент сүймей адамның мейірі қанбас. Ел болудың басты шарты – отбасында перзент болуы. Ел болу үшін қазақ дәстүрі бойынша отбасында баланың көптігі керек. Ол оны өз жырында былайша сабақтайды:
Ата-ана – қазақ халқының сөз жеткізгісіз қазынасы.
Мекке менен Мәдина жолдың ұшы,
Алыс сапар дейді ғой барған кісі.
Ата менен анаңды құрметтесең,
Мекке болып табылар үйдің іші.
Жас ұрпақ ата-анасын тыңдап өссе, ел азбайды. Ұрпақ сабақтастығы – халықтың дәстүрлі құндылығы. Шал ақынның бір сөзінде осы құндылықтың мазмұны былай ашылған:
Ханның тағы таярда,
Қараша жұртпен қас болар,
Байдан бақыт таярда,
Дәулетіне мас болар.
Кәріден абырой таярда,
Аңдығаны ас болар,
Жетесіз туған жігіттер
Жиырма бесте бас болар.
 Шал ақынның отбасы құндылықтары туралы жырлаған өлеңдері көп. Ол өз өлеңдеріне өмірдің өзінен алынған кейіпкерлерді арқау етіп, бейнелейді.
Қорқақ емей немене қашқан кісі,
Батыр емей немене шанышқан кісі.
Мың жылқылы байлардан несі кейін,
Оразасын үйінен ашқан кісі.
немесе
Жақсы әйел дәулетіңе жөн келтірер,
Әйелің долы болса күнде өлтірер.
Жақсыдан жаман туған бала болса,
Атаға үйде жатқан сөз келтірер.
Жақсы әйел айтқан сөзді кектей қоймас.
Осал жігіт әйелге беттей қоймас.
Жауыз қатын қабаған ит сияқты.
Ер жігіттің түбіне жетпей қоймас,–
деп келетін Шал ақынның ел аузында жүрген отты жырларын тағы бір мәрте оқушы назарына ұсынуды жөн санадық.

Ұлмекен ШАМЕНОВА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар