«Ақжарқын мінезімен бүкіл әлемге танылып жүр»

Сейітқан ИСАЕВ, мектепте
Елбасын оқытқан ардагер ұстаз:
– Өмір бойы ауыл мектебінде сабақ берген менің ардақты шәкірттерімнің бірі Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев екенін әрқашан мақтан тұтамын.  Нұрсұлтанның Алматы облысы Қаскелең ауданына қарасты Шамалған ауылында дүниеге келгенін бұл күнде көпшілік жақсы біледі. Шамалған ауылы Алматыдан таяқ тастам қашықтықта ғана қоныс тепкен. Мұнда Нұрсұлтан Әбішұлының балалық шағы өткен, осында есейіп, ер жеткен, қатарластарымен даланы дүбірлете атқа шапқан, маңдайын күнге сүйдіре жүріп, жазғы демалыста мектеп оқушыларымен бірге егін орған.
Аудан орталығы Қаскелең қаласындағы Н.Ә.Назарбаев онжылдықты бітіріп шыққан қазақ орта мектебіне ұлы Абайдың есімі 1945 жылы 100 жылдық мерейтойына орай берілген. Мектепте тәлім-тәрбие алған 400-ге тарта баланы 40 шақты ұстаз оқытқан. Болашақ Президентті білім нәрімен сусындатқан сол ұстаз-тәрбиешілердің есімдері Әбдірахман Байжанов, Уәли Игілманов, Әзипа Сапарова, Бағман Кенжекеев, Гауһар Құлмағанова, Қабдолла Құлмағанов, Қажыкен Қонқашбаев, Р.Қапталов болып жалғасып кете береді. Нұрсұлтан шәкіртімнің алғашқы ұстаздарының дені қазір жарық дүниеде жоқ. Солай бола тұрғанымен, оның өз ұстаздарын қашанда айрықша қадір тұтатынына мен қуанамын.
Мектепте оқып жүргенде Нұрсұлтан алғыр, мінезі орнықты, білімге ынталы бала болатын. Қоғамдық жұмыстарға, мектеп өміріндегі әр қилы іс-шараларға бел шеше араласып кететін. Тентектікті әсте білмейтін. Комсомол ұйымының қат-қабат шаруаларының әркез басы-қасында жүретін. Ұстаздарын да қатты қадірлеп, әлі күнге ұмытпай келеді.
Бірде Қарағандыда жауапты қызметте жүрген кезінде «Аға, ауылда болдым, әдейілеп Қаскелеңдегі мектепке бардым, өзім отырған партаны да көріп, көңіл тоғайтып қайттым», – дегені бар-ды. Әрине, кейін Ұлт Көшбасшысына айналған шәкіртімнің осы бір сөздерін естіген сәтте менің төбемнің көкке жеткені анық.  
Күләш ӘМІРОВА, Қаскелең қаласындағы Абай қазақ орта мектебінің 1950-ші жылдардағы түлегі:
– Маған ол кездегі балалар қайратты, жігерлі көрінеді. 7 класты бітірген жылдары іргедегі Алматыға жаяу барып, келе беретінбіз. Ал, 8 кластан бас-тап оқуды Қаскелеңде жалғастырдым. Нұрекең «а» класында, мен көрші «б» класында оқыдық. Өзі үздік оқығасын ба, үзіліс кезінде оқу үлгерімі тақтасын қарап тұрып: «Күләш, бүгін тригонометриядан үш алып қалыпсың, неге бұлай болды? – деп сұрайтын, білмегенімді жаны қалмай түсіндіретін.
Мектептегі дәурен қашанда ыстық қой. Ол уақытта қыздарымыз тәртіпті, артық-ауыс мінездері, ерсі қылықтары жоқ болатын. Айтпақшы, біз мектеп бітіретін жылдары Қазақстан Магниткасының даңқы дәуірлеп тұрған болатын. Әуелде Абай мектебінің түлектері түгелдей Теміртауға барамыз, өмір жолымызды жұмысшылықтан бастаймыз деп комсомолдық жігер-жалынмен дүрілдеген болатынбыз. Шешуші сәт таянғанда бәріміз дерлік бойды аулаққа салып, тайқып-тайқып шыға келдік. Ең ақырында Ерғали Телепбергенов пен күміс медаль иегері Нұрсұлтанның ғана өз сөздерінде тұрып,  Теміртауға батыл жол тартуы бәрімізді қайран қалдырды.
1965 жылы Нұрекең ауылға, үйлену тойымызға келді. Сонда кластасымның, сол кездегі Қарағанды металлургия заводы жұмысшысының бойы кішірейіп, аласарып қалғандай көрінді. «Жұмыс ауыр, өте ауыр. Алайда, халыққа керекті іс қой», – деп отырды. Шынайы азамат, халық перзенті ретінде қарасақ, Нұрсұлтан қарапайым, кішіпейіл жан. Ауылға әрқилы қайғы-қуаныштар себепкер болып, дәм жазып келіп қалғанында елдегі таныстардың бәрінің дерлік хал-жайын сұрастырып шығатын. Алматыдағы қызмет орнына анда-санда бара қалғаныңда да, жұмысы қат-қабат бола тұра,  уақыт тауып қабылдаудан жаңылмайтын. Кейде екі-үш айға дейін күн-күнімен тізіліп, көрсетіліп қойылған қызмет бағдарламасын көргенде, шынымды айтайын жаным ашып-ақ кетеді.
Нұрекең әзілқой, ашық-жарқын мінезді жан. Мына аудан басшыларымен сөйлесу, қабылдауында болу, пікір-ұсынысыңды айтып жеткізу өте қиынға соғады. Ал, Нұрекең тіпті, үлкен басшы болған кезінде де өзгере қоймапты. Сол баяғы мектептегі кезі секілді ақжарқын мінезімен бүгінде бүкіл әлемге танылып жүр.
Сағымбек КҮШЕКБАЕВ, Шамалған ауылының тұрғыны, Елбасының сыныптасы:
– Мен Нұрсұлтанмен Шамалғандағы бастауыш мектепте бірге оқыған жанмын. Ойынмен есейген балалық күніміз бірге өтті. Әбіш ақсақалдың әулеті ауылдың жоғары жағында тұратын. Орыс балаларымен көрші болып  қатар өскендіктен бе, Нұрсұлтан бала күннің өзінде орысшаға жетік еді.
Әке-шешелері өмір бойы ауылда еңбек еткен қарапайым, біртоға жандар. Әкесі Әбіш сиыршы болатын. Әкесіне көмектесіп, Нұрсұлтан жазда мал бағуға тауға кететін. Шешесі Әлжанды да көзіміз көрді. Ақ сары жүзді, мінезі ашық, өткір жан болатын. Табан астында өлең шығаруымен жиын-тойларға шақырылмай қалмайтын ғазиз жан еді бір. Міне, Нұрсұлтанның мінез-бітімі көп ретте осы анасы Әлжанға тартқанын Шамалғанның үлкендері айтып отырады.
Нұрсұлтан да жастайынан өнерпаз болып өсті. Әсіресе, гармонды шебер тартатын. Нұрсұлтанның бертінгі өмір асулары да маған таныс. Қарағандыға жұмыс бабымен барып, жаңа шаңырақ көтерген Нұрсұлтанның жатақханадағы бөлмесінде, кейін пәтерінде де болғаным бар. 1964 жылы қаңтар айының 16-сы күнгі «Комсомольская правда» газетінің бетінен Юрий Гагаринмен Нұрсұлтанның қатар түскен суретін көріп, жиырма төрт жастағы кластасымның  осы бір жетістігіне  қатты  қуанғаным бар еді.
Мен ауылдағы қарапайым еңбек адамымын. Сондықтан, Нұрсұлтан замандасымды мақтан тұтамын.  Онымен бірге оқығаным мен үшін айтып жеткізгісіз бақыт. Кейінгі ұрпағыма осыны үлгі етіп айтудан жалыққан емеспін.
Жазып алған
Мекайыл  Хамитұлы,
зейнеткер ұстаз.

Алматы облысы.
Суретте: «Балалық шағымның аспаны» фильміндегі бала Нұрсұлтанның бейнесі

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар