Абайды оқуға неге құлықсызбыз?!.

Бүгінде менің адам болып қалыптасуыма көп септігін тигізген алдымен ата-анам болса, содан кейін өзім сүйіп оқыған ұлы Абайдың шығармалары. Мейлі, мен халқымды дәулетке кенелтетін бай болмайын, мейлі халықтың сауатын ашатын оқымысты ғалым болмайын, ең бастысы, мен жүрегімде ізгілік нұры бар адам болып өстім.

Иманды болған адамның әйтеуір бір жақсылығы халықтың игілігіне тиеді. Мұны мен Абайды оқу арқылы ұғындым. Абайдың қара сөздері адамгершілік тұрғысынан адамды алға демеп, қажыр-қайрат береді. Өмірдегі мақсат-мүддені айқындап алуға жол сілтейді. Абайды оқығандар өзгелер байқамаған, айтпаған адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынасты тез ұғынады. Абайды оқып, осал болған адамды көрмедім. Тығырыққа тіреліп, мәселенің қандай да бір шешімін таппай қиналған сәттерде мен Абайды еске аламын. Кез-келген істі бастамас бұрын Абайды еске аламын, оның айтқандарын санамда сақтап, ой түйемін. Сол себепті, бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеуде Абайдың туындыларын насихаттау керек. Оны жүзеге асыру барысында жалаң шұбыртпалы насихатпен емес, көзге көрікті іспен, көкейге қонымды, мағыналы және түсінікті жеткізу  шарт.  
«Жастық шақта алынған білім – тасқа ойылған нақыш» дейді пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.). Сол себепті, қазір жас буынға Абайды дәріптеу аса  қажет. Бұл тек оның  өлеңдерін жатқа оқытып, бір жылда бір республикалық деңгейде Абай оқуларын өткізу керек деп айтып отырғаным емес, біз Абайды өскелең ұрпақтың санасына құйып,  өміріне енгізуіміз керек. Абайдың тағылымы «жақсылық көрсең ғибратлі» – дегендей сезініп, һәм өзіне баурап, еліктіріп әкетеді, ойлы жасқа тәрбиелік мәні зор.
Қазіргі «Disney», «Bacugan», «Ну,погоди!»,«Tom and Jerry» секілді шетелдік мультфильмнің қызығына әуестенбей, өзіміздің ұлттық тілімізді көрсететін тәрбиелік маңызы бар балаларға көркем суретті фильмдерді неге түсірмейді деп налисың. Сұраныс жоқ емес, бар. Менің осы күнге дейін балаларға тәрбие берерлік қазақ мультфильмдерінен тек Асан мен Үсен туралы мультфильм мен көркем фильмдерін, сосын Әмен Қайдар атамыздың шығарған «Қарлығаштың құйрығы неге айыр?» секілді бірнеше туындыны ғана білемін. Қарап отырсам, қазақ баласы шетелдің мультфильмдерін көрген кезде ондағы кейіпкерлерінің ерлігіне еліктейді. Мысалы, «Bakugan»
мультфильм топтамасын тапжылмай көрген 7-8 жасар есті баланың санасында оның басты қаһарманы сияқты жерден аспанға ұшып, аспанда түсініксіз қалықтап жүріп, адамның ойына кіріп шықпайтын әрекеттермен айналысып, қиял-ғажайып дүние қалыптастырады. Компьютердің кнопкаларымен басқарылатын жекпе-жек, атыс-тартысты көрген бала оны ерлік көріп, жолдастарына соны айтып, мақтан етіп, әлек болады. Әрине, бұдан ол жеңіске жету жолындағы жігерін қайрап, талпынатын шығар, бірақ, ол бала онымен өмірдің мәнін түсіне алмайды. Біздің қазақ халқы салмақты сөйлеп, салиқалы ой айта білген, олай болса, неге ата сөзін бала жастан түсінбеске?
Бүгінде жастар арасында «Абайдың тілі қиын, философиясы терең, сөзі ауыр, оны көп жағдайда түсінбейміз» деген пікірлер айтылып жүр.  Абайдың шығармаларында астарлы ой, парасат-пайым, даналық бар, оны кез-келген қазақ түсіне алады. Оның тілі қиын болатыны, басқа тілге аударылуынан болар, бірақ қазақтың өз тілін ауыр десе, оны басқа ешкім қажет етпейді. Осылай тілі қиын екен деп жүре берсек, ұрпақ ұлылығын жоғалтады. Сондықтан, Абайдың шығармаларын мектеп бағдарламасынан тыс, жас жеткіншектерге көбірек оқуға берген жөн деп ойлаймын. Ол үшін Абайдың ғақлиялық қара  сөздерінен балаларға арналған көпсериалы қысқа метражды деректі фильмдер түсіріп, көрсеткен дұрыс. Бұл ата-әженің тәрбиесінен кем болмайды,  шетелдік туындылардан жасанды рух алғанша, өзінің тілі мен ділінің қадір-қасиетін ерте жастан ұғынсын.
Кезінде Құнанбай он жастағы Абайды ел ісіне ерте араластыруы тегін емес еді. Қалай десек те, ел тізгіні ертеңгі күні  жастардың қолында.    

Жайнагүл ТАМБАЙҚЫЗЫ,
Рентабельный орта
мектебінің қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

Жақсы ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар