Адам саудасының алдын алуда

Облыстық  ішкі істер департаменті үш күнге созылған «Адам саудасына тосқауыл» жедел алдын алу шарасының қорытындыларына арналған брифинг өткізіліп, Ақмола облысының ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасары Дулат Омаров осы кезеңде атқарылған жұмыстар жайында баяндап берді.

Ет пен сүйектен жаратылған өзі сияқты адамды құлдыққа салып, сатып жіберу немесе бопсалап  жезөкшелікке жегу сияқты әрекет түрінде жиі көрініс беріп жүрген қылмыстың бұл түрі соңғы жылдарда аздап кемігенімен, әлі де қылмыскерлердің құрбанына айналып жатқандар бар. Үш күнге созылған жедел алдын алу шарасы барысында полиция қызметкерлері  10 рейд өткізіп, екі өнеркәсіп орнын, 15 ауыл шаруашылығы құрылымдарын, 12 көңіл көтеретін орындарды және 10 монша-қонақ үй кешендерін тексерген. Тексеру барысында адам саудасына қатысты 6 қылмыстық іс ашылды. Олардың біреуі заңсыз бас бостандығынан айырып, зомбылық жасауға, біреуі адам саудасына қатысты болса, жезөкшелікпен айналысуға байланысты 3 іс, жеңгетайлыққа қатысты бір іс бар.
Солтүстік Қазақстан облысында тұратын бойжеткен жергілікті газетке «жоғары жалақы төлейтін жақсы жұмыс керек» деген мазмұнда жарнама береді. Әрине, алып бара жатқан жоғары кәсіби біліктілігі жоқ жас қыздың ақшаны күреп табатын жақсы жұмыс табуының мүмкіндігі жоқтың қасы екендігі және оның астарында нендей емеурін жататыны көзі қарақты адамға  белгілі жай. Кейін анықталғандай, ол қыз жезөкшелікті кәсіп етіп келген екен. Хабарландыру бойынша хабарласқан адам бойжеткенге жоғары ақы төлейтін қызмет бар екендігін, ол үшін мынадай мекен-жайға келіп, әңгімелесуден өту керектігін айтады. Сөйтіп, қызды Көкшетауға шақырады. Осында келген соң төлқұжатын тартып алып,  сатып алатын адам іздестіреді. Полиция қызметкерлері сатып алушы  бейнесінде хабарласып, ет пен сүйектен жаратылған өзі сияқты адамды небары отыз мың теңгеге сатпақ болған қылмыскерді құрықтады.
Жедел алдын алу шарасы барысында  кәмелетке толмаған мектепте оқитын қызды жезөкшелікке тартпақ болған жеңгетай да қолға түсті. Сондай-ақ,  Көкшетау және Степногорск қалаларының бірқатар монша-қонақ үй кешендерінде жезөкшелерге қызмет етуге жағдай жасаған кәсіпкерлер анықталып, әкімшілік жауапқа тартылды. Рейд барысында жезөкшелікті кәсіп еткен 8 бойжеткен мен 2 жеңгетай есепке алынды.
Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы басшысының орынбасарының айтуынша, жезөкшелікті кәсіпке айналдыратындардың бәрі дерлік ауылдан қалаға оқу немесе жұмыс іздеп келгендер. Тұрмыстың ауыртпалығына шыдамай осындай қадамға барып, теріс жолға түседі екен. Жеңгетайлықпен айналысқандарды қылмысқа тартып, заң бойынша жазалауға мүмкіндік болса, жезөкшелерді  жазаға тартатын заң жоқ. Ары кетсе, бірер күн қамақта ұстап, сосын қоя береді. Олар қайтадан баяғы кәсібіне көшеді. Адам саудасына қатысты қылмыстардың дені жезөкшелікке тарту болып отыр. Дегенмен, осы бағытта жүргізген алдын алу жұмыстарының нәтижесі болар, осы санаттағы қылмыс көлемі біршама азайған.  Жыл басынан бері ұйымдасқан қылмысқа қарсы  күрес басқармасының қызметкерлері адам саудасына қатысты 22 қылмыстық істі ашқан.

Қалкөз Жүсіп.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар