Адасқан тағдырлар

Астанада 1-2 қазанда Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай,  «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» акциясы аясында Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының күндері өтті. Бұл шара облыстардың мәдени бағдарламасымен де айшықталды. Соның бір айғағы ретінде Тахауи Ахтанов атындағы Ақтөбе облыстық  драма театры Елордадағы Жастар театры сахнасында жазушы-драматург, Сенатор  Жабал Ерғалиевтің «Есігімді қаққан кім?» драмасын қойды.

Қойылым үлкен табыспен өтті. Солай  болатын да жөні бар. Пьеса отандық әдебиет пен драматургия саласында әлі көтерілмеген терроризм тақырыбына арналған. Баспасөз беттері, электрондық бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Ақтөбеде осы қойылымның премьерасы жақсы өткендігінен хабардар көрермен Астана төрінде осы драманы көріп қалуға асыққаны байқалып тұрды. Осы орайда спектакльге келгендегі  мақсатын білгіміз келіп, біз де бір топ жастарды сөзге тарттық.
– Мені бұл драманың тақырыбы толғандырады, Қазір теріс ағымның жетегінде кеткен жастарымыз шет елдерден бір-ақ шығып жүр. Осындай шығармалар арқылы оларды шалыс қадамнан сақтандырып, бетін бері қаратуымыз керек, – дейді Әлима.
– Біз Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінен үш құрбы бірге келдік. Спектакль туралы алғаш әлеуметтік желілерден оқып-білген едік.
Бұл – Сая есімді қарындасымыздың жауабы. Бұдан кейін сөз жоқ, жастарымыздың елімізде бой көрсетіп отырған осы бір келеңсіз жағдайға немқұрайлы қарамайтынына іштей қуанып қалдық.
Спектакльдің өзі де міне, жат қылықтарға бой ұрған кей жастардың адасып, арбалу, осыдан ойраны шыққан бір шаңырақтың трагедиялық ауыр халімен көрерменді айналасына түзу, ойлы көзбен қарауға жетелейді. Бірінші бөлімнің басы. Әзір ойларында «осылай болады» деген ештеңе жоқ, бірақ, іштері бірдеңені сезетін, оқта-текте соған алаңдаулы ата-ананың көптен туған үйіне жоламай кеткен қызын ыстық  сағынышпен құшақ жая қарсы алмақ ниеті. Немерелер үнімен бал татыған шаңырақ мамыражай күйде. Бірақ, сол үйреншікті тірлік алыс жолдан бүкіл денесін, бет-жүзін қара киіммен тұмшалап, зікір сала келген Гүлнұр жетісімен-ақ аспандағы найзағайдай шарт етіп бұзылады. Қоғамды күрсінтіп тұрған теріс ағымның шылауында әбден кетіп қалған оны да, қасындағы қаба сақал, қысқа балақты күйеуі мен осы ағымды уағыздаушы серіктері Жұманды да еш ақылмен тоқтата алмайсың. Бұлар қит етсе Алла атын қисынсыз төрелікке жүгінтіп, өз дегендері болмаса, өзгеге бой бермейтін,  санасы басыбайлы уланған адасқан тағдырлар. Сол бетпен жүрегі шыдамаған әкесін ажалынан бұрын қара жер қойнына кіргізіп, ананы зар жылатып, аңыратып, Сирия еліндегі қантөгістен бір-ақ шығады.
Олардың «қасиетті соғыс» деп келіп, азғырушылардың арбауына  түсуі, сөйтіп, біржола біткен жері  де нақ осы еді. Бұларды жұмақтай тартқан да тұрған алдамшы, сағым бет-перденің шын кейпін осында көреді. Бара-бара оңбай адасқандарын түсініп,  туған жердің айы өтіп, тұйықтан шыға алмай, қанша бұлқынғандарымен, бәрі кеш, тым кеш  болатын. Сені аяп, мүсіркейтін орта бұл емес. Содырлар күйеуіне беліне жарылғыш зат байлап, мешітті жарғызып, қызын зорлап өлтіріп, ақыры, жат ағымның  құрсауынан соқа басы әзер құтылып, елге әуперімдеп табаны тиген сорлы жанның жүрегіңді ауыртар  монологымен қойылымның екінші бөлімі де аяқталады.
Автордың  қолға алған тақырыбына терең бойлауы, қойылым режиссері Нұрлан Жұманиязовтың сәтті ізденістері мен актерлердің аянбай тер төгуі  спектакльдің бүкіл ішкі иірімін, шиеленіс-тартысын, ащы сабағын бір деммен жеткізіп, мұның соңы залдағы көрермендердің драманы өте жылы қабылдауына ұласты. Осы ризашылықтың ара-арасында бүгінгі қоғамымыздың нағыз өткір мәселесін қозғаған бұл туынды жастарымыздың көзін ашу, оларды жат ағымдардан құтқару үшін телеарналардан, басқа облыстар мен қалалардың сахналарынан көрсетілуі тиістігі де айтылып жатты. Мұны осы қойылымды бізбен бірге отырып көрген Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Марат Тағымов та құптай түседі.  
Кеш соңында көрермендердің сұрауымен сахнаға көтерілген драма авторы Жабал Ерғалиев  бұл шығармасының Ақтөбедегі оқиғалардан бұрын жазылғанын айта келе, осы еңбегін өздері қалап кәдеге жаратып, бүгінгі Астанадағы күндер аясында елорда  төріне әкеліп  қойып отырған ақтөбелік театр ұжымына, облыс басшылығына алғысын жеткізді. Шынында, уақыт тынысын дөп басқан қойылым қуатын жат ағымдардан арылу ісінде әлі де тиімді пайдалана түсуіміз қажет.

Қ.КӘКЕНОВ.

Суреттерді түсірген Советбек МАҒЗҰМОВ.
Астана.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар