Агроөнеркәсіп кешенін қалай дамытамыз?

Ел экономикасының ең маңызды саласы – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту қажеттілігі туралы аз айтылып жүрген жоқ. Егеменді ел болып, тәуелсіздік алғаннан бері аталмыш саланы дамыту тұрғысында талай бағдарлама қабылданды. Оларға талай рет қыруар қаржы бөлінді. Бірақ, әлі де атқарылуға тиіс шаруа шашетектен. Әрине, «ауызды қу шөппен сүртуге» болмас. Әділдігін айтсақ, біраз мәселе шешілді. Егіс саласын әртараптандыру, тек бидайға ғана иек артпай, майлы және басқа да дақылдарға басымдық бере бастау, асыл тұқымды мал өсіруді қолға алу сынды біраз игі шаралар қолға алынды. Дегенмен, агроөнеркәсіптік кешенде іс күрт алға басты деуге ерте.

Неге екені белгісіз, бізде осы ауыл шаруашылығы саласында қабылданған бағдарламалар жиі өзгеріске ұшырайды. Тіпті, қабылданған бір бағдарлама орындалмай жатып, басқа бағдарламаға бұрылу орын алады. Тым әріге бармай-ақ, кейінгі жылдарға зер салсақ, осыдан бірнеше жыл бұрын «Агробизнес-2020» бағдарламасы қабылданып, біраз жұмыс қолға алына бастап еді. Бұл дер кезінде, жан-жақты сараланып қабылданған құжат агроөнеркәсіптік кешенде қордаланып қалған проблемаларды шешуге ықпал етуге тиіс еді. Өкінішке орай, онда көрсетілген мәселелердің басым көпшілігі тек қағаз жүзінде қалды. Оның басты себебі, тағы да қаржыға тірелді.
Нақтырақ айтсақ, аталмыш бағдарламаны қаржыландыру сала мамандарының айтуынша тек 65 пайыз деңгейінде ғана болған. Соның салдарынан көптеген тиімді бизнес-жобалар толық жүзеге аспаса, кейбіреулері тіпті, басталған да жоқ. Мұндай жағдай тұрғындарды сапалы азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселесіне кері әсерін тигізді. Бағдарламада межеленген көрсеткіштер де толық орындалған жоқ. Нақты деректерге жүгінер болсақ, 2016 жылы ет және ет өнімдерінің 21 пайызы, сүт және сүт өнімдерінің 28 пайызы, көкөністің 76 пайызы сырттан әкелінді. Яғни, экспортты айтпағанның өзінде, өзімізді өзіміз қамтамасыз ете алмайтын жағдайда болдық. Ал, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту небәрі 1,6 пайыз деңгейінде ғана болды. Осындай көрсеткіштерге қарап, іс алға басты деуге бола ма?!
Ал, өткен жылы Елбасының Жарлығымен «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» бекітіліп, 2017 жылдың ақпан айынан бастап оны жүзеге асыру қолға алынды. Бұл бағдарламада белгіленген мәселелер толық жүзеге асырылса 2021 жылы елімізде агроөнеркәсіптік кешендегі ахуал жақсаруға тиіс. Яғни, ет және ет өнімдерін сырттан әкелу 15 пайызға, сүт және сүт өнімдерінің импорты – 18, көкөніс пен бақша өнімдері 52 пайызға дейін төмендейді деп межеленген. Ал, ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жыл сайын 4 пайызға артып отыруға тиіс. Ол үшін ауыл шаруашылығы саласында еңбек өнімділігі 34 пайызға артуы керек. Қысқаша айтқанда, агроөнеркәсіптік кешен ел экономикасының дамуының көшбасшысы болады деген үміт бар.
Енді ауылдық жерлердегі нақты ахуалға келелік. Біріншіден, ауылдық жерлер тұрғындарының басым көпшілігі негізінен өздерінің бірді-екілі малына, үй маңындағы шаруасына ғана иек артады. Бір қызығы, қалалардағы ет базарларына әкелінетін еттің біраз бөлігі осындай төрт-бес сиыр асырап жан сақтап отырған тұрғындардың үлесінде. Осы уақытқа дейін ауыл шаруашылығы саласына бөлінген қыруар қаржы негізінен ірі ауыл шаруашылығы құрылымдарына берілді. Ал, құдайдың тізімінде болғанмен, биліктің есебінде жоқ жаңағыдай тұрғындарға ешкім, ешқашан көмек көрсеткен емес. Тіпті, олардың малдарын қалай асырап жатқандығында да ешкімнің шаруасы болған емес. Сондай-ақ, елімізде, оның ішінде Ақмола облысындағы отбасылардың 70-80 пайызы қыста соғымға бір жылқы сояды. Ақиқатына келсек, ол жылқылардың да басым бөлігін тағы сол ешқандай кәсіпкерлік тізімде жоқ жекеменшік иелерінен алады. Әр ауданда кем дегенде ірі қара мал өсіретін бірнеше ауыл шаруашылығы құрылымдары бар болса, мыңдап демей-ақ, жүздеп жылқы өсіретін ірі шаруашылықтар жеткілікті дей алмаймыз. Негізінен жылқы етін жейтін елде жылқы малына былайша теріс қарау ақылға сыймайды. Біраз жылдан соң жайылымның тарлығы және басқа да себептерге орай жекеменшікте жылқы азайса, тағы да арнайы бағдарлама қабылдап, қыруар қаржы іздеуге тура келеді. Яғни, жылқы шаруашылығын қолға алып, оған жете мән беретін кез келді.
Рас, ауыл шаруашылығының болашағы ірі ауыл шаруашылығы құрылымдары мен кейінгі жылдары мықтап қолға алына бастаған кооперативтердің қандай деңгейде екендігіне байланысты шығар. Дегенмен, тап қазір нарықтағы ет өнімдерінің біраз бөлігі солардың үлесінде екендігі дау тудырмайды. Абырой болғанда, жаңа бағдарламада бұл жағдай ескерілген екен. Яғни, ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге мемлекет тарапынан көмек көрсетілгенде өнім шығарушылардың бәрі, оның ішінде бірді-екілі малы бар тұрғындар да ескерілетін болады. Қарапайым тілмен айтсақ, ауыл шаруашылығы өнімін өндіретіндердің бәріне де қолдау көрсетіледі.
Жалпы, 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламаны жүзеге асыру үшін барлығы 2,3 триллион теңге қарастырылған. Бұл орта есеппен жылына 475 миллиард теңге бөлінеді деген сөз. Бұл қаржының 1,2 триллионы республикалық бюджеттен бөлінетін болса, жергілікті бюджеттерден 852 миллиард және басқа да қаржы көздерінен 306 миллиард теңге қарастырылады.
Яғни, біздің Ақмола облысының бюджетінен де біраз қаржы бөлінеді. Біздің облысымыздың да агроөнеркәсіптік кешенінде қордаланып қалған мәселе аз емес. Рас, егіс саласында, оның ішінде бидай, арпа өсіруде алдыңғы қатардамыз. Алайда, ауылдарға бара қалсаңыз тұрғындардың тұрмысы ойдағыдай деуге ерте. Әсіресе, бір кездері ірі кеңшарлардың бөлімшелері болған шағын ауылдар тұрғындары өркениеттен кешеуілдеп қалған. Бір кездері мыңдаған бас мал өсіріп, 20-30 мың гектарға егін себетін кейбір кеңшарлардың орнында 20-30 үй ғана қалған.
Бұл орайда, жоғарыда айтып өткеніміздей, егіс саласында «көктемде септік, күзде құдай бір жөнін береді» деген қағидамен тек бидайға иек артып отыру алысқа апармайды. Рас, кейінгі жылдары нарықтағы бағаның жоғарылығына байланысты майлы дақылдар, күнбағыс, чечевица өсіруге көңіл бөліне бастады. Бірақ, ол әлі жеткіліксіз. Бұл орайда, әсіресе, селекциялық жұмыстарға көңіл бөліп, тұқым сапасына назар аудармаса болмайды. Бүгінгі таңда шағын шаруа қожалықтарының басым бөлігінің қажетті агротехникалық шараларды жүзеге асыруға мүмкіндіктері де, кей жағдайда құлықтары да жоқ. Көбінің аты бар да, заты жоқ. Сонау жекешелендіру басталған жылдары тек Ақмола облысында ғана төрт мыңға жуық шаруа қожалығы ашылған болатын. Бүгінде оның жартысы да жоқ. «Бөліп ал да, билей бер» деген сол бір кезде ірі кеңшарлар бөлшектеніп кетті.Әрине, нарықтық қатынастар заңы бойынша бәрі жекеменшікке өтуге тиіс еді.
Тек, 200 гектар жері бар шаруа қожалығының ешқандай пайда таба алмайтындығы белгілі ғой. Мәселен, қарапайым есепке жүгінсек, бір гектар жерді өңдеуге 100 доллар жұмсалатын болса, күзде шаруа алған бидайын сол 100 долларға сата алмауы әбден мүмкін. Осыдан кейін шаруа қожалықтарында қар тоқтату, сүдігер көтеру және басқа да қыруар қаржы қажет ететін агротехникалық шаралар жүзеге асырылады деуге бола ма? Тыңайтқыштар пайдалану деген ұмыт болғаны қашан?! Сосын өнім де сол деңгейде болады. «Қайда барсаң, шаруаның соры» деген осы. Бір назар аударарлығы, сол кезде жекешелендіруге көнбей, кеңшарларды ұстап қалған шаруашылықтардың тасы өрге домалап тұр. Ондай шаруашылықтар біздің облыста да бар екендігі баршаға аян. Бүгінде облысымыздың кейбір аудандарында 10 мың гектар егіс алқабы бар ірі шаруашылық жоқ. 200 мың гектар алқапқа дән сіңіретін кейбір аудандарда бүгінде егіс алқабы 100 мың гектарға зорға жетеді.
Енді міне, осындай жағдайларды көре отырып, кооператив ашу қажеттілігі күн тәртібіне енді. Әрине, біраз ұсақ шаруа қожалықтары біріксе несие алуға да, басқа да мәселелерді шешуге мүмкіндік туатын болар. Дегенмен, сол кооперативке бірігудің механизмдері де нақтыланбаған. Біраз уақыт бойы «ортақ өгізден оңаша бұзауды» артық көріп келген шаруа қожалығының басшысы өз еркімен біреудің қарамағына бара қояды деу қиын. Бұл арада менталитетімізді де ескеру қажет. Қолында мөрі бар, «өзіме өзім бастықпын» деп қалған бір шаруа қожалығының жетекшісі кооперативке агроном болып барар, енді біреу инженер дегендей. Сонда қалғандары ше?! Мүмкін бірнеше жыл бойы жерін пайдаланбаған шаруа қожалықтарының жұмысы жанданып, іс алға басып тұрған ірі шаруашылық құрылымдарына қосу керек шығар. Қалай болған күнде де, тек «біріккен дұрыс» дегенмен іс бітпейтін түрі бар.
Ендігі бір мәселе, ол жылдар бойы бос жатқан жерлер. Бір кездері жайқалып егін өскен, жыл сайын өңделетін біраз жер қараусыз қалып, әбден арамшөп басып кетті. Ол жерлер бүгінде ештеңеге жарамайды. Олардың иесі қайда? Неге мемлекет меншігіне қайтарылмайды. Қайтарылса ол жерлерді қалпына келтіру тұрғысында қандай жұмыстар атқарылды? Сұрақ көп, жауап аз.
Жалпы, экономиканың заңына сүйенсек, ауыл шаруашылығында сол жерде еңбек ететін адамдар пайда табуға тиіс. Бізде әзірге бәрі керісінше. Неге екені белгісіз, бізде бидай нарығында ең кедей сол бидайды өсіретін еңбеккерлер. Ал, астықтың маңында жүріп, бидай мен арпаны айыра алмайтындар сол астықтың пайдасын көреді. Мемлекеттен бөлінетін қаржының «Казагродан» бастап, «КазАгроқаржы», «Аграрлық несиелік корпорация» сынды алпауыттарды «аралап» келгенше жүн-жұрқасы шығады. «Енді осыған уақытында сатып алатын бидай бағасын белгілеуде ұзын арқан, кең тұсауға салатын «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясын» қосыңыз. Бәрінің жағдайлары жақсы, тек диқандар мен малшылар, яғни, ауыл тұрғындарының тұрмыстары мәз емес.
Сайып келгенде, өткен жылғы қаңтар айынан бастап қолға алынған «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламада» осының бәрі ескеріліп, ауыл шаруашылығында қордаланып қалған барлық мәселелерді оң шешуге ықпал етеді деп үміттенеміз.
Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына Жолдауында агроөнеркәсіптік кешен алдына нақты міндеттер қойғандығы белгілі. Осыған орай «Қазақстанда жасалған» брендімен өндірілген сапалы азық-түлік өнімдерін халықаралық нарыққа шығарылуын қамтамасыз етіп, бес жыл ішінде терең өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін экспорттауды екі жарым есе көбейтуіміз керек. Оған Қазақстанның әлеуеті жеткілікті.
Тек сөз бен істе алшақтыққа жол берілмеуі керек. Сайып келгенде, ХХІ ғасырда жер шары тұрғындарын азық-түлікпен қамтамасыз ету ең өзекті мәселеге айналып отыр. Яғни, Қазақстан сапалы азық-түлікпен ішкі нарықты толық қамтамасыз етумен қатар, терең өңделген өнімдерді экспортқа мейлінше мол шығаратын, «Қазақстанда жасалған» брендінің халықаралық нарықта танымал болуына қол жеткізуі керек. Ол үшін әрине, аграрлық саланы дамытудағы еліміздің әлеуетін, оның ішінде Ақмола облысының мүмкіндігін толық та, тиімді пайдалану бірінші кезекте шешілуге тиіс мәселеге айналуы қажет.

Талғат ҚАСЕН,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі.

Пікір қалдыру

Міндетті өрістер таңбаланған Обязательные поля помечены *