«Айбынның» қадамы қуантады

«Ешкім іштен батыр болып тумайды: батырлық та, мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады» деп ел батыры Бауыржан Момышұлы айтқандай, жас ұрпақты батырлыққа, ерлікке тәрбиелеу ұлт болашағы үшін аса маңызды.

Осы мақсаттарға негізделе, Ж.Мусин атындағы Көкшетау педагогикалық колледжінде «Айбын» әскери-патриоттық клубы құрылған болатын. «Айбын» клубы – жастар мен оқушылардың бойында қазақстандық патриотизмді қалыптастыратын, өз Отанын құрметтеуге тәрбиелейтін, Қарулы Күштерде қызмет етуге қызығушылығы мен даярлығын қалыптастыратын ерікті мектеп жанындағы ұйым. Жетекшісі ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің, І, ІІ дәрежелі «Қайсар» жауынгерлік белгісінің, Қазақстан Рес-публикасы Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісінің иегері полковник Есентай Жылқыбаев.
Клубтың материалдық-техникалық базасының жабдықталуына 5 миллионға жуық қаржы салынған. Клубтың әскери-патриоттық тұғырнамасы, әнұраны, туы және эмблемасы бар. Клуб доктринасы «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерін құру туралы» Жарлық пен әскери мазмұнды нормативтік құжаттарды негізге ала отырып жасалынған. «Айбынға» арнап көкшетулық ақын Ерболат Баятұлы мен сазгер, Қазақстан Республикасы Композиторлар Одағының мүшесі Құрмет Сақай әнұран жазды. Клубтың анты: «Тізерлеп өмір сүргенше, тік тұрып өлгенім артық!»
«Айбын» әскери-патриоттық клубының білім алушылары азаматтардың Қазақстан Республикасын қорғау жөніндегі конституциялық құқықтарын ұғынуға, Қарулы Күштердің сипаты мен мақсатын, әскери іс пен азаматтық қорғаныстың негіздерін анықтап түсінуге тиіс, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріндегі мерзімді әскери қызметті өткерудің жағдайларына бейімделіп, өздеріне сеніп тапсырылған қару-жарақ пен жауынгерлік техниканы меңгеру үшін жас сарбазды дайындау үшін қажетті білім, практикалық машықтанушылық, мінез-құлық орнықтылығын қалыптастыруы тиіс. Клуб мүшелері оқу-жаттығу барысында түрлі әскери тапсырмаларды орындап, дене жаттығуларымен шұғылданады. Атап айтсақ, спорттық жаттығу түрлері – қашықтыққа жүгіру, қолды бүгіп-жазу, турникке тартылу, орнында тұрып секіру. Оған қоса, Калашников автоматын құрастыру. Арнайы әскери күн тәртібімен жаттығатын ұландар темірдей тәртіпке, қатаң талаптарға үйренген.
Облыстық, қалалық деңгейде өткізілген түрлі әскери сайыстарда клуб жүлделі орындар иеленуде. Атап өтсек, «Айбын» клубы сапта жүріп ән айтудан облыстық байқаудың төрт дүркін жеңімпазы, облыстық әскери-патриоттық клубтар арасында өтетін жиын жүлдегері, алғашқы әскери дайындық пәнінен өтетін облыстық олимпиаданың үш мәрте жеңімпазы, облыстық «Намыс» спартакиадасының
І орын иегері.
Маусым айында Қарағанды қаласында тәуелсіз еліміздің тарихында тұңғыш рет Елбасының қатысуымен республикалық әскери-патриоттық жиын өтеді. Аталмыш жиынға Ақмола облысының намысын қорғау үшін «Айбын» әскери патриоттық клубы облыс атынан қатыспақ.
Колледжде, сонымен бірге, «Томирис» қыздар саптық шеру тобы бар. Топ 2015 жылы колледж базасында қыз балаларға әскери-патриоттық және рухани тәрбие беру мақсатында құрылды. Жетекшісі майор Жәмбет Құдабаев генерал Сағадат Нұрмағамбетов және авиация генерал-майоры Талғат Бигелдинов атындағы медальдардың иегері.
Оқу-жаттығу кезінде «Томирис» саптық тобы әскери-медициналық біліммен қатар әскери жаттығуларды, саптық жүрісті шебер меңгеріп қана қоймай, әскери саладағы жаңалықтармен танысып, білімін жетілдіріп отырады.
Жуырда облыс орталығындағы тәуелсіздік алаңында өткен қалалық саптық жүріс пен сапта жүріп ән айту байқауында «Айбын» мен «Томирис» техникалық және кәсіптік білім мекемелерінің арасынан жүлделі бірінші орынды иеленді. Бұл «Томирис» тобы қыздарының халық алдына алғаш шығуы еді.
Оқу орнында әскери-патриоттық тәрбиенің тереңдеуі Отанымыздың саналы да белсенді күрескерлерін тәрбиелеуге, оларды еліміздің игілігі үшін жанқиярлықпен еңбек етуге, республикамыздың мүддесін қорғауға жаңа мүмкіндіктер туғызады.

Ердігүл ДӘДІБАС,
директордың тәрбие жұмысы
бойынша орынбасары.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар