Қайраты қанат бітіріп, арманы алға жетелеп…

Қарсыласының белбеуді қамти ұстап аш бүйіріне қадалған қолы темірдей қатты екен. Еңсеріп бара жатыр. Әйтеуір, жанкешті жаттығудың, оған қоса табиғи күш-қуатының арқасында еңсе түзеген. Енді бір орайы келгенде оң жамбасқа алып атып жіберді.

 

Ер азаматтың бойындағы күш-қуатын, әдіс-айласын таразының басына тартатын күрес атаулының бәрі жақсы. Соның ішінде бұның ұнататыны, атадан балаға мирас болып қалған қазақша күрес. Төл күресімізге не жетсін, шіркін. Өйткені, онда таза күш иесінің мерейі үстем болмақ. Қулық пен сұмдық кілем үстінде жүре бермейді. Қарымың қаптал жетсе, қос білектегі білеу-білеу бұлшық еттің астарындағы бұла күш басым түссе ғана қарсыласыңды жеңуің мүмкін. Оның үстіне қазақ күресімен шындап айналысқан адамның мінез-құлқы да тура сол кілем үстіндегідей әділдік пен тазалыққа баулынады. Өмірдің өзі күрес іспетті. Жалындаған жастық шағында оны кім аңғара берсін. Жазатайым жол-көлік апатына ұшырап, аяғынан мертігіп қалған кезінде аңғарған. Дәл сол кезде ғой боз кілемнің үстінде орнықты мінезі қалыптасып, қиындық атаулымен күресуге шыңдалған Әділбектің тығырықтан шығар жол тапқаны.
Жұмыспен қамту орталығына барып жүріп алдымен ісін жаңа бастаған кәсіпкерлерге арналған оқуды оқыған. Артық ештеңесі жоқ. Бизнесті жүргізудің, ұйымдастырудың қыр-сыры. Сертификатын да алған. Беймәлім дүниені бастау да қиын. Алғашында аздап қобалжығаны да рас. Боз кілемнің үстіне небір апайтөстермен белбеу ұстасқанда да осылай қобалжымаған шығар. Ақыры нар тәуекел еткен. Атамыз қазақтың «тәуекел түбі желқайық, өтесің де кетесің» дейтіні де рас. Асылында, бизнес әлемінде тәуекелсіз іс бітпейтін көрінеді ғой. Жылдық 6 пайыз үстемемен үш миллион теңге несие алған. Сөйтіп, ойға алған ісін бастап кетті. Алғашында Ресейден
2 миллион 100 мың теңгеге станок алғызды. Кәдімгі ағашты өткір тістерімен қырнап, жонып, доп-домалақ етіп шығаратын станок. Ешбір қиындығы жоқ. Өзіңе қажетті көлемін дәл есептеп қойсаң болғаны. Тек бір ескере кететін жай, ағаштың түпкі жуан жағы мен ұшар басындағы жіңішке жағын қабыстыра жонғанда өзіңе қажетті жуандық шығатын болуы керек.
– Қандай ағашты пайдаланасыңдар,–деп сұрадым мен.
– Ел Ресейдің, оның ішінде Сібір аймағындағы ағаштарды мақтайды. Шынында да сапасы жақсы болуы мүмкін, бірақ, сатып алу мен тасымалдау құны қымбат. Егер ол ағаштан жасайтын болсақ, бұйымның өзіндік құны тым қымбаттап кетеді. Сондықтан, өзіміздің Бұландының қарағайларын пайдаланудамыз. Аллаға шүкір өз топырағымызда көктеп шыққан қарағайдың да өзгеден сынықсүйем кемдігі жоқ. Оның үстіне бизнесімді алғаш бастаған кезімде жағдайымды түсінген, жанашырлық жасаған, қолынан келгенімен көмектескен орманшылар да болды. Жақсының жақсылығын айтпай қалай тұра аласың, – дейді Әділбек Нұрмағанбетов,– мен өзі Қарағанды облысының Нұра ауданының тумасымын ғой. Біздің жақта ағаш сирек. Сондықтан, алғашында ағаштың сырын тым жақсы білдім деп айта алмас едім. «Басқа түскен бапақшыл» демей ме, өмірдің өзі талап еткен соң үйрендік те.    
Кәсіпкердің айтуына қарағанда, несиені рәсімдеуге әжептәуір уақыт кеткен. Қажетті қаржы қолға тиген соң да бірден ойдағысы орала қоймаған. Ағаш өңдейтін цехты орналастыратын жер қажет болды. Ол табылған соң жұмыс істейтін кісі керек. Осы арада қадап айта кететін тағы бір уәж бар. Ол халықтың жұмыстан қол үзіп қалғандығы. Тіпті, түйеден түскендей етіп тоқетерін айтатын болсақ, жұмыс істегісі келмейтіндігі.
– Макинка қаласында екі қолына бір күрек таба алмай отырғандай, жетіп артылады, – дейді кәсіпкер, – атамекенге ат басын тіреген ағайыннан бөлек, табиғатының тақсыретін тартқан Қызылорда өңірінен қоныс аударғандар қаншама. Ал, жергілікті жұрт ше? Солай бола тұра цехта жұмыс істейтін адам іздеп қаншама әуреге түстім.
Осы жайды айтып Әділбек Қалкенұлы жұмыспен қамту орталығын да құлағдар еткен екен. Орталық арқылы үш жұмысшы тауыпты. Қазір айлықтарын кешіктірмей төлеп, жағдайларын жасап отыр.
Енді бір ауыз сөз кәсіпкерлік ағаш цехы шығаратын өнімдер туралы. Үй жанындағы беседка. Жұп-жұмыр, атқан оқтай түзу, көрген жанның көзін тойдыратын, лакталған ағаштар. Сәулетті де сәнді, ортадағы үстелі де, жайғасып отыратын орындықтары да, басқа көз тартарлық, салқын самалға самайын сүйдіріп, демалған адамға қажетті бұйымдардың бәрі ағаштан жасалған. Дәулетің жетсе, үйдің жанына қондырып, қонысыңның көркін келтірсең, тым-ақ әдемі дүние. Қонақ күтуге де, отбасыңның игілігіне де әбден жарап жатыр.
– Бізге бөлінген несиенің бір ыңғайлы жері, – дейді кәсіпкер, – кәсібіңнің жайымен санасады. Мысалы, мен құжат толтырумен, цехымды орналастырумен уақыт ұттырып алдым. Содан соң біз несиені айына емес, тоқсанына бір жабамыз. Ал, шағын үй немесе беседканы 15-20 күнде толық жасап шығара аламын. Егер өнімім өтіп тұрса, несиені жабудың ешқандай қиындығы жоқ. Алдағы уақытта күш жетіп жатса, астау, тегене, ожау тәрізді ұлттық бұйымдарды жасасам ба деген арман бар. Орталықтағы дүкендердің бірінен жалдап орын алып, жайнатып қойсам, халық өзіне керегін қалап алмай ма.
Бойында күш-қуат, ең бастысы алға жетелейтін ынта-ықылас барда арманыңның жүзеге асатынына шүбә жоқ. Сенім кәміл. Бізді бір тәнті еткені екінші топтағы мүгедек бола тұра, балуан жігіттің бизнес әлеміндегі жол-жөнекей кездесетін қиындықпен белдесіп, жеңіп шығатындығы.
  Бұланды ауданы.
     Суретте: жеке кәсіпкер Әділбек Қалкенұлы және оның ағаштан жасаған жазғы демалыс орны.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар