Айтары бар басылым

Облыстық «Арқа ажары» газетінің әр санында өңіріміздің  рухани өмірінің, әдебиеті мен өнерінің тыныс-тіршілігі, хал-ахуалы, тарихы  бедерленіп отырады.

Жұмысқа ерте келіп, алдымен қолыма алатыным «Арқа ажары» газеті. Қоғамның тынысы, бет алысы, рухани өмірімізде болып жатқан жаңалықтар, бәрі газет бетінен табылады. Газеттің әрбір санында ұлттық рухты ұлықтайтын, халықтың көкейінде жүретін көкейкесті мәселелер көтеріліп, жарияланып отырады. Бұл басылымды оқысаңыз болғаны, облыстың қай саласын алып қарасаңыз да, жете қамтылған. Арнайы айдарлар, аудандардың тыныс-тіршілгі айшықталған тақырыптық беттер осының айқын айғағы. Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметіне тағайындалмас бұрын, мен Ш.Құсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының директоры қызметін атқардым. Міне, осы жылдары облыстық газеттің қазақ өнеріне деген жанашырлығы мен қамқорлығына, журналистердің қажырлы еңбегіне куә бола түстім. Театр әртістерінің әрбір жетістіктеріне шынайы қуанып, сәтсіз қадамына жігер беретін де осы газет еді. Газеттің маған ерекше бір ұнайтыны, бұл басылымда құр мақтау, жаттанды сөз, жалаң ұран жоқ. Оны театр әртістері туралы жазған журналистердің мақалаларынан-ақ  аңғаратын едік. Қазақ «Сын түзелмей, мін түзелмес» деген. Біз журналистердің сын тезінен өткен кемшіліктерді тез арада жойып, түзеуге тырысатынбыз. Айта кету керек,  «Арқа ажары» газеті тілшілерінің театр жөнінде жазған очерктері мен сұхбаттарын, рецензияларын топтастырып,  өнер ұжымының 20 жылдығына орай, кітап жинақтап шығардық.
Қазіргі таңда Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметін атқарып келемін. Бұл қызметке орналасқан күннен-ақ, облыстық газеттің Елбасының сындарлы саясатын жүргізуде алар орны айрықша екендігіне қаныға түстім. Жүздеген ұлт пен этносқа қоныс болған  Қазақстан дейтін алып бәйтеректің саясында  жүрегі елім деп соғып тұратын азаматтарды тауып, соларды оқырманына үлгі ете отырып, кейінгіге ой қалдыра біледі. Мәселен, «Арқа ажары» газетінде  «Ұлтым – басқа, тілім – қазақ» деген айдар бар. Осы айдарда қазақ тілін меңгерген өзге ұлт өкілдері туралы мақалалар жарыққа шығады. Бұл да болса, өз тілін білмейтіндерге үлгі-өнеге емес пе. Осы орайда, танымдық материалдарымен оқырманының жүрегіне жол тапқан Байқал Байәділовтің  мақалаларын  ерекше ұнатып, іздеп оқитынымды екпін түсіре атап өтсем деймін. Есімде қалған «Тас құдықтың басындағы сыр» атты очеркі. Көкшетауда тұрып, Германияға көшіп кеткен Лидия Гензенің елге деген сағынышын шебер суреттеп, оқырман жүрегіне жеткізе білген қаламгердің очеркте келтірілген кейбір сөздері менің көкейімде қалды.  «Бәрі жақсы-ау, жыл өткен сайын туған жердің гүлі түгіл, тікенегін де сағынады екенсің. Бауырларым сағынған тас құдық, түнде түсіме кіріп жүр. Тас құдықтың суын-ай» деген сөздерді  толқымай оқу мүмкін емес. Міне, осындай мағыналы мақалалар облыстық «Арқа ажары»  газетінде әлі талай жарық көре береді деген сенімдемін.
 Марал ЖАҚЫПОВА,
Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясы
 хатшылығының меңгерушісі.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар