Қайтпас қайсар да өтті дүниеден

Жабал Ерғалиев,
Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты

Ол да адамның бір баласы еді! Және де түсінігі мен түйсігі жағынан келгенде ерекшелігі де бар-тын.  Сондықтан да түсіну қиын, мінезді болатын. Біз «бір стандартты», яғни, өзіндік пікірі мен ойы жоқ, кім көрінгеннің айтқанына «ләппай, тақсыр!» деп иіле салатын, болмаса ығына жығыла салатындарға әбден үйреніп алғандығымыз соншалықты, қасқайып тұрып  ақиқатты айтатын, бойыңдағы мініңді іреп салатын Қажекең, Қажыбай Қабыл-Фазыл сынды адамдарға үрке қарайтын болдық, бойымызды аулақ ұстауға, «сол пәлеге» жақындамауға тырыстық. Тайсалдық, бетпе-бет келуге жүзіміз шыдамайтын. Қос жанарындағы оттан қаймығатынбыз. Бетің бар жүзің бар деместен, ұлықсың ба, кішіксің бе, соған да қарамастан,  мінің мен кемшілігіңді айтып салатын Қажыбай ағаның шыншылдығы мен бірбеткейлігін, турасын айтар «тура биде  туған жоқ» қасиетін қабылдай бермейтінбіз.
Ақиқат үшін күрескер тұлға еді ол! Өз ұлтының мүддесі үшін басын бәйгеге де тіккен көзсіз батыр да болатын! Шырылдаса жәбір көрген өзгелер үшін шырылдады. Арызданып, шағымданса өз ұлтының намысы үшін арызданып, ақиқат пен араша сұрады. Халқымыздың тағдыры мен намысы талқыға түскен кездері кез-келгеніміз бұғып қалар тұста, қасқайып қарсы  тұратын да Қажыбай Қабыл-Фазыл болатын! Сол кездегі «Азат» қозғалысының Көкшетау өңіріндегі алғашқы ұйымдастырушыларының бірі, шынайы күрескер бола білді. Қазақ елінің тәуелсіздігі жолындағы бар істерге белсене араласты. Қажыбай ағаның есімі сол кездері азаттық жолында жандарын шүберекке түйген қайраткерлердің ауыздарында жүрді. Алматы мен Қазақстанның өзге де қалаларында болып, қасиетті тәуелсіздік жайлы жалынды сөздерін де сөйледі.  Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың әр сөзін, әр қадамын белгілі саясаттанушы ғалым ретінде кеңінен талдап, жұртшылыққа түсіндірумен де болатын. Отансүйгіштік еді бұл!
Ақиқатшыл  қасиетімен өз ортасының адамына да, қоғамына да жақпаған Қажыбай Қабыл-Фазылды қоғам шеткері ұстады. Алайда, өзге біреулер әлімжеттілік жасап, жәбір көргендер де,  не адамынан, не шенеунігінен  бір ауыз жылы сөз ести алмағандар да Қажыбай ағаны іздейтін, Қажыбай ағаға жүгінетін, араша сұрайтын, пана тұтатын. Ол өзінің де, өзгелердің де кеудесін әлдекімдерге таптатпайтын. Өзгелер үшін отқа түсетін. «Әлдебіреу үшін жаманатты болып нем бар?» дейтіндердің де бірі емес еді. Бұл Қажыбай Қабыл-Фазылдың зор адамгершілігі болатын.
Көңілі зерек, өткір жанарымен кісінің ішкі дүниесін «рентген» сәулесімен cүзгендей, кім екеніңді бірден танитын. Өте сауатты еді. Қазақ және орыс тілдерінде, қос тілде бірдей Қажыбай ағадан шебер жазатындар кемде-кем болатын. Қайратты аппақ шашын қайырып тастап, ине жіптен шыққандай тап-таза, қыры сынбаған, өзінің бойына жарасымды киініп Көкшетаудың көшесіне шыға келгенде, бойындағы салдығы мен серілігі, әлдебір тектілігі бірден аңғарылатын. Тұлпары тұсалып есегі бәйге алған, сұңқары қалып қарғасының бағы жанған, шешені тұрып кекеші сөйлеген заман құрбандарының бірі еді ол. Кешегі кеңестік дәуір өзінің ыңғайына келмегендерді өзгелерге талатудың небір амалдары мен тәсілдерін жасап, соны үйретіп те кетті ғой. Кезінде атом бомбасын жасаған, аты да, атағы да әлемге жайылған ғұлама ғалым, академик Сахаровты да «Правда» газетінің беттерінде кім көрінген, тіпті құс өсірушілер мен шошқа өсірушілерге дейін әшкерелеп, талаған жоқ па еді?!
Сыйластым! Сыйластық! Сол сыйластығымызға қарамастан, кейде мені де талап, сөгіп тастайтын. Алайда, енді келіп мені өзге біреулер талауға кіріссе, жанымнан табылатын.
Екеуара болған түсінбеушілігіміз жайына қалып, арашалауға кірісетін.  Қайта табысып жүре беретінбіз. «Осы Қажыбай екеуіңнің араларыңда не бар?» деп «жанашығыштық» білдіретіндер де болатын.
«Арамызда сыйластық қана бар, ақиқат үшін ортақ пікіріміз ғана бар! Және  де  Қажекең аяқ  астынан қазір талап тастаса да, сыртыңнан ғайбат сөйлемейді, турасын бетіңе айтатын, сыртыңнан сойыл соқпайтындығына көзім әбден жеткен, сенемін» деген талайғы бір жандарға берген жауаптарым да  ұмытыла қоймас. Айтар сөз әлі де алда!
Жуырда жеңешеміз Биғайша Қазықбайқызы  «ағаң инсульт алып, жатып қалды ғой! Тілі сөзге келсе болды, сенің атыңды атайды» деп үні діріл қағып, телефон соғып еді. Күйбең тіршілікпен жүріп және де әлі де сауығып кетер деген үмітпен жүре беріппіз. Енді соған өкініп отырған жайым бар. Қажыбай ағамның қазасын іссапармен шет елде жүрген жерімде естідім де, сол сәтте асыл ағамды өмірінің соңғы сәтінде көре алмай қалғандығым өзегімді өртеді.  Бір уыс топырақ та сала алмадым. Қажыбай ағам жерленіп жатқан сәтте ұшақ ішінде, аспанда болатынмын. Сағатыма қарап, осы кезде қабірінің бет тақтайы жабылып, әркім бір уыс топырақ сала бастады-ау деген кезде, іштей дұға қылып, бетімді сыйпадым. Ер тұрманы да түгенделмей кеткен, бір басы өз заманының ноқтасына да сыймай кеткен Көкшенің біртуар перзенті Қажыбай Қабыл-Фазылмен аспан биігінде қоштастым. Е, Жаратқан иеміз, сол аспан биігінде жасаған сол дұғамды қабыл ете көр!
АСТАНА.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар