Айықтырғыштар ашу қажет болып отыр

Жергілікті полиция қызметінің бастамасымен биылғы жылдан бастап Сілеті селосындағы маскүнемдіктен емдеу-сауықтыру мекемесіне қосымша  30 орын қосылды. Сөйтіп, бұл мекеме енді бір маусымда 160 адамды қабылдай алады.

 

Құқық қорғау органдарының мәліметіне назар аударсақ, ауыр қылмыстардың дені арақ ішіп алып жасалатынын бағамдауға болады. Бірге отырып арақ ішкен жандардың жанжалдасып, ақыры төбелеске, тіпті, кісі өліміне соқтыратын жайлары жиі кездесіп жатады. Осы орайда, жергілікті полиция қызметі қылмыстың алдын алуда маскүнемдікпен күрестің үлкен рөл атқаратынын ескеріп, бұл мәселеге жете көңіл бөлуде.
Бүгінгі күні облыс аумағында 9 мыңнан астам адам спиртті ішімдікке тәуелді ретінде тіркеуде тұр. Тек өткен жылы ғана 800-дей арақ ішпесе жүре алмайтын адам тіркеуге алынған. Маскүнемдік дертке шалдыққандардың арасында кәмелетке толмағандар мен әйелдер де бар. Жергілікті жерлерде қоғамдық орындарда тәртіп бұзатын арақ ішетіндердің көптігі  өтпелі кезеңде жаппай жабылып қалған айықтырғыштарды қайта ашу қажеттігін алға тартуда. Жергілікті полиция қызметінің бастамасымен өткен жылы Степногорскіде айықтырғыш ашылды. Қазіргі күні облыста екі айықтырғыш қызмет етеді, біреуі Көкшетауда, екіншісі Степногорскіде. Алдағы уақытта Атбасар, Астана маңындағы Ақмол және Щучинск-Бурабай курортты аймағында да осындай мекемелердің ашылу қажеттігі анық байқалуда.
Маскүнемдік дертке шалдыққандардың көбі өкінішке орай, өздерін аурумыз деп санамайды және емделуге құлықсыз. Осыған орай, қолданыстағы заң бойынша ондай адамдарды еріксіз емдеу шарасы қарастырылған. Өткен жылы 462 маскүнемді еріксіз емдеу жөніндегі сот шешімі шығарылса, олардың 269-ы емдеу мекемесіне жіберілді.
Учаскелік инспекторлар жергілікті жерлерде арақ ішіп, жұрттың мазасын алатындарды қатаң бақылауда ұстап, есепке алып отырады. Қазіргі күні маскүнемдікке салынғандарды қоғамға қайтарудың жалғыз жолы – арнайы емдеу-сауықтыру мекемесіне жіберу болып отыр. Сілетідегі емдеу-сауықтыру мекемесінің орын көлемінің артуы бұл  мәселені шешуге аз да болса ықпалын тигізеді деген сенім бар.

Қалкөз КЕЛДІҒҰЛҰЛЫ.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар