Аламан бәйгенің бас жүлдесі – жылқы

Үшсарт ауылында Ұлы Жеңістің 70 жылдығына арналып, мәдени-спорттық шаралар өткізілді.

Осындай игі шараға  600-ге тарта адам жиналды. Мерекелік концертте ауыл жастары ән мен күйден шашу шашты. Атан жілік жігіттер аударыспақ, қазақша күрес, көкпар, кір тасын көтеру сынды спорт түрлерінен сынға түсті.
Одан әрі  делебе қоздырар аламан бәйге өткізілді. Бәйгеге Шалқар, Үшсарт, Арықты, Ақтүбек, Өркендеу ауылдарының жүйріктері қатысты. Жиырма бес шақырымда алдына жан салмаған  Арықты ауылының тұрғыны Семейхан Ерболат бәйгенің  бас жүлдесі – жылқыны жетектеп қайтты.  
Ауылда үш шатыр және бес киіз үй тігіліп, меймандар дәм татты. Аруаққа  құран бағышталды. Ас беруге ауыл әкімі Шәмшидден Тоқанов, ауыл ақсақалы Серік Жәркеев, ауыл тумалары  Қабдырахман Әбиев, Теміртай Қайырбеков, Жақсыгелді Борин, Серік Қылышевтар демеушілік жасап, көмек көрсетті. Сондай-ақ, Фин және Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангер Жәрдем Өтешовтың жұбайы Мұсәлия Өтешоваға теледидар табыс етілді.
Осылайша, ауыл тұрғындары Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагерлерді ардақтап, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге боларлық шара өткізді.

Медет КӘРІМОВ.
Қорғалжын ауданы.

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар