Алаш арыстары және тәуелсіздік

Жиырмасыншы ғасырдың басында біздің сан ғасырлық тарихымызда тұңғыш рет халқымыздың әлем өркениетінің көшіне қосылып, даму жолына түсуіне мүмкіндік туған еді. Алаш ардақтылары осы мүмкіндікті көріп, соны пайдалануға өздері ғана ұмтылып қоймай, барша халықты жұмылдыруға күш салды.

Алаш идеясы қазақтың ұлттық идеясының темірқазығына айналып, озық ойлы, батыстағы саяси бағыттардан хабардар қазақ зиялылары ортақ ұранның төңірегіне топтасты. Жалпыұлттық деңгейге көтерілген Алаш идеясын елдің еркіндігі мен егемендігін, тәуелсіздігі мен тұтастығын ту етіп ұстанған Абылай хан мен оның даңқты немересі Кенесары хан бастаған күрестің заңды жалғасы деп айта аламыз.
Қазақ елін тәуелсіз ұлт дәрежесіне жеткізу жолында бүкіл арман-мұратын, қайратын, талантын тағдыр талайына салған тұлғалар сол «астан-кестең заманда» өмір сүруімен де бостандық рухының қасиетті бейнелеріне айналды. Алаш ардақтыларының күш салуымен екі жылға жуық өмір сүрген «Алаш» партиясы мен «Алашорда»үкіметі құрылды.
Саяси партия құрып, билікке ұмтылған алашшылар  қазақ қауымының дербес ел ретінде өмір сүру құқығы бар екенін негіздеп берді.
Алаштың ардақты қайраткер ұлдары ұйқы басқан қалың қазақты оятып, оның намысының жоғын жоқтады. Аласапыран уақытта халықты қорғап, алапат қауіптен аман алып қалудың жолдарын іздестірген Алаш қайраткерлері империямен келісім тактикасын да ұстана білді. Сонымен қатар, олар өзіне дейінгілердің жаза басқан қадамынан сабақ алып, халықтың сұранымына сәйкес жан-жақты дамуды да мақсат етті. Бүкіл халықты саяси ағарту, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру үшін саяси ұйым құру қажеттігін жете сезінген қайраткерлер мақсатқа жету жолында «Алаш» партиясының жалпыұлттық бағдарламасын жасады. Халық тағдыры талқыға түскен шақта арыстарымыздың ауызбірлігі бүгінгілерге өнеге. Алаш партиясының жетекшілері ұсынған көптеген қағидалар күні бүгінге дейін өз маңызын сақтап отыр. Алаштықтар халықтың бойындағы жасампаз күшке сенді, ерте ме, кеш пе Қазақ мемлекеті шаңырақ көтеретінін болжай алды, бірлігі жарасқан елге бақ қонатынын өсиеттеді. Әлихан Бөкейхан 1917 жылдың жазында мына жолдарды әулиедей жазып кеткен екен: «Тірі болсақ, алдымыз үлкен той. Алаштың баласы бұл жолы болмаса, жақын арада өз тізгіні өзінде бөлек мемлекет болар. Бұл болып тұрған заман Алаштың азаматына зор жүк. Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт – махаббат жолына түсті. Кейінгі үрім бұтақ не алғыс, не қарғыс бере жүретін алдымызда зор шарттар бар! Осыны аңғар, жұртым қазақ».
Тәңірі қазақ халқының маңдайына азаттықтың ақ таңын көруге жазған екен. 1986 жылы қазақ жастары Алаш арыстары армандаған азаттықты ту етіп көтеріп, алаңға шықты. Сең бұзылып, тәуелсіздік қарсаңында Шәкәрім Құдайбердіұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Мағжан Жұмабайұлы сынды жарық жұлдыздар, халықтың ай маңдайына біткен абзал арыстар арамызға қайта оралды.
«Қасиетті қазақ жері – ата-бабаларымыздың даңқты тарихын атының тұяғымен жазып кеткен жер», – деп Елбасы  айтқандай, сол тарихи жердің бірі Арқа төсіндегі Ақмола десек, осы жерге тәуелсіз елдің ғажайып астанасын салу тағы бір табысымыз. 1991 жылдың 16 желтоқсанында ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздіктің ақ таңы атты. Біз әлемге жаңа мемлекеттің – Қазақстан Республикасының пайда болғаны туралы жар салдық.
Бүгін  Қазақстан халқы тәуелсіз ел ретінде өздеріне жүктелген ауыр міндетті абыроймен атқарып келеді деп айтуға болады. Тәуелсіздіктің 25 жылында өз қолымызбен жасаған игілікті істерді жоғалтпай, оларды жасампаздықпен жалғастыру ата-бабалар рухы алдындағы баршамыздың қасиетті парызымыз екенін естен шығармауымыз керек.

Аққу КЕҢЕСБАЙ,
Ж.Мусин атындағы жоғары педагогикалық колледжінің оқушысы.

 

 

Loading

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Өзге де жаңалықтар